Ақмола облысында алғашқы инклюзивті фитнес орталық ашылды

Ақмола облысының Қабанбай батыр ауылында Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында ауыл тұрғыны, Инклюзивті қоғам қауымдастығының президенті, 2021 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жүлдегері Динара Наумованың бастамасымен құрылған алғашқы инклюзивті фитнес фитнес орталықтың орталықтың ашылуы өтті. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, «Қамқорлық қоры» КҚ Қамқоршылық кеңесінің өкілдері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары мен бизнес құрылымдар өкілдері қатысты.

Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде әлеуметтік кәсіпкерліктің маңыздылығын атап өтті. 

«Бұл жоба мемлекеттің қоғаммен және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлермен өзара қарым-қатынасының арқасында жүзеге асырылды. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту ел Үкіметінің тұрақты бақылауында. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы қазан айында Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Заңға қол қойды, 6 тұжырымдамалық норма қабылданды. Оның ішінде, 1-топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын тұлғаларға материалдық көмек беріледі. 7-ден 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға берілетін төлем мөлшері ұлғайтылды. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамның белсенді бөлігіне айналуы үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр», — деді вице-премьер. 

Орталық кәсіби спорт жабдықтарымен және құрал-саймандармен жарақтандырылған екі залдан тұрады, бұл – жаттығу және топтық сабақтарға арналған залдар. Мұнда спортпен шұғылдануға ниетті жандардың барлығы келе алады, ал мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы жабдықталған кабинетте ЕДШ кәсіби нұсқаушыларымен бірге тегін сабақтар өткізу көзделген. Сауықтыру бағдарламаларын әзірлеу кезінде жергілікті қоғамдастықтың тілектері ескерілді және орталықта қосымша каратэ, йога секциялары мен егде жастағы адамдар үшін бос уақыт клубы қарастырылған. 

«Біздің мақсатымыз – бір залда мүмкіндігі шектеулі және қарапайым адамдарды біріктіру. Олар бір-бірін жігерлендіреді, сондай-ақ белсенді қарым-қатынас жасайды», — дейді жобаның бастамашысы және жетекшісі Динара Наумова. 

Естеріңізге сала кетейік, республикада 14 спорт клубы және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 3 мектеп (спорт клубтары: Алматы, Шымкент қалаларында, Түркістан, Жамбыл, БҚО, Маңғыстау, СҚО, Павлодар, ШҚО, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Қызыларда облыстарында; спорт мектептері: Нұр-Сұлтан қаласында Қарағанды мен Алматы облыстарында) жұмыс істейді.

Сондай-ақ, елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спортты дамыту бойынша спорттық ұйымдар қызмет көрсетеді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу