Әлихан Смайылов Yildirim Holding басшысымен Қазақстанда жаңа өндірістерді іске қосу мәселесін талқылады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Yildirim Holding компаниялар тобының президенті және бас директоры Роберт Юксель Йылдырыммен кездесті.

Компания басшысы Премьер-Министрге компанияның Қазақстандағы қызметі мен жаңа жобаларды іске асыру перспективалары туралы айтып берді.

Қазіргі уақытта Yildirim Holding Ақтөбе облысында хром кенін және концентратын өндіру бойынша табысты жұмыс істеп келеді, сондай-ақ «Қазгеология» АҚ-мен бірлесіп, шикізат базасын толықтыру аясында Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында геологиялық барлау жүргізіп жатыр.

Р.Ю. Йылдырымның айтуынша, 2013 жылдан бастап холдинг Қазақстан экономикасына $500 млн-нан астам инвестиция салған.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі Yildirim Holding компаниясының Қазақстандағы ең ірі түрік инвесторларының үштігіне кіретінін ескере отырып, біздің елге инвестицияларды кеңейтуді құптайтынын жеткізді.

Премьер-Министр холдинг бастамашылық еткен Жамбыл облысында кальцийлендірілген сода өндіру зауытын салу жобасының маңызды екенін атап өтті. Бұл жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан оны импорттаудан экспорттауға көшуі тиіс.

«Бұл жоба Қазақстан-Түркия инвестициялық ынтымақтастығы тарихында серпінді болатыны сөзсіз. Мемлекет қазірдің өзінде қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін орындауға кірісті. Осыған байланысты 2025 жылға дейін зауытты іске қосу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының белсенді кезеңі басталады деп отырмыз», — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Роберт Юксель Йылдырым қазақстандық әріптестеріне жобаларды жүзеге асыруда көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіріп, Yildirim Holding-тің біздің елмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу