Атырау облысына жұмыс сапары: Е. Тоғжанов аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға қатысты шұғыл жиын өткізді

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға қатысты шұғыл жиын өткізді.

Премьер-Министрдің орынбасары бастаған делегация құрамында денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов, энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, Ресейдің Тұтынушылар құқығын қорғау және адам саулығы федералды қызметінің «Микроб» ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ирина Шарова, Тұтынушылар құқығын қорғау және адам саулығы федералды қызметінің Тула облысындағы  басқарма басшысы орынбасары Залимхан Омариев бар. 

Атырау облысында бүгінде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 7150 адамға жетті. Жазылып шыққандар саны -  4693 адам, 13 адам көз жұмған.

Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында облыстық аурухана жанынан жуырда 400 орындық карантиндік стационар ашылады.

Сонымен бірге барлық қалалық емхана жанынан стационарлар жасақталып, науқастарды емдеу шаралары атқарылуда. Колл-орталық ашылып, тәулік бойы білікті мамандар халыққа кеңес беруде. Қазіргі уақытта облыста 694 инфекциялық, 895 провизорлық, 2328 карантиндік стационар жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде стационарлар 115 ИВЛ аппаратымен, 29 рентген аппаратымен қамтылды. 4 компьютерлік томограф бар. Емханалар жанынан 61 мобильді топ жасақталды. Олар коронавирус инфекциясының симптомсыз және жеңіл түрімен ауырғандарға үй жағдайында амбулаторлық көмек көрсетуде.

Коронавируспен қатар, Атырауда пневмониямен сырқаттанғандардың саны 1307 адамды құрап отыр.

Дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешілуде, қала мен аудандардың дәріханаларына ең қажетті антибиотиктер, қызу түсіретін дәрілер жеткізілуде.

Қазіргі уақытта Атырауда пандемиямен күреске 1429 дәрігер маман жұмылдырылды. Бірақ медицина мамандары жетіспеушілігі мәселесі өткір сезіледі. Атырауда 278 дәрігер жетіспейді. Аталған мәселені шешу үшін Ресеймен келіссөздер жасалып, өңірге жас мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар басқа өңірлерде интернатура мен орданитурада білімдерін жетілдіріп, тағлымдамадан өтіп жүрген 122 атыраулық жас маман індетпен күреске жұмылдырылады.

Сонымен қатар азаматтардың карантиндік талаптарды мұқият сақтауы үшін атқарылып жатқан жұмыстарды күшейту қажеттігі тапсырылды.  

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу