Биыл 11 айда Қазақстанда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 6,2%-ға өсті — Ә. Ерғалиев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021 жылғы қаңтар-қарашадағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Экономиканың дамуы туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады.

Биыл қаңтар-қараша айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,8%-ға дейін жеделдеді. Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша қызмет көрсету секторындағы өсімнің жылдамдауы, нақты сектордағы өсу қарқынының тұрақтылығы, экспорттың жоғары көрсеткіштері арқасында сауда балансының нығаюы, өндіруші емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік байқалып отыр.

Министрдің мәліметінше, осы жылдың қаңтар-қарашасында нақты сектордағы өсім 2,9% құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ға дейін өсті. Салалар арасында ақпарат және байланыс, сауда, сумен жабдықтау, құрылыс, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетті.

Ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып қалып отыр. Бұл ретте өндіруші емес салалар инвестициялар үшін тартымды бағыт болып саналады.

«Осы жылдың 11 айында негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 2,6%-ды, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 11,7%-ды құрады. Осылайша, инвестициялар құрылыс саласында 2,1 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 50,5%-ға, ауыл шаруашылығында 40,5%-ға, саудада 34,2%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 18,6%-ға және қаржы саласында 14,2%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе және Павлодар облыстарында байқалып отыр», — деп хабарлады Ә. Ерғалиев.

Осы жылдың қаңтар-қазан айларында сыртқы сауда тауар айналымы 14,1%-ға өсіп, $82,2 млрд құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 23,5%-ға өсіп, $49,1 млрд дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 24,4%-ға артып, $15,5 млрд дейін жетті. Тауарлар импорты $33,1 млрд құрады.

Жалпы, оң сауда балансы өткен аймен салыстырғанда $2,2 млрд өсіп, $16 млрд құрады.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу үрдісі сақталуда. Осы жылдың қаңтар-қараша айларында сала бойынша өндіріс көлемі 5,2%-ға өсті. 15 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласына, сондай-ақ Алматы және Қызылорда облыстарына тиесілі.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 18,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 21,3%-ға, вагондар мен локомотивтер өндірісі 56,7%-ға, сондай-ақ құрылыс материалдары 9,2%, дайын металл бұйымдары 18,1%, пластмасса бұйымдары 41,4%, фармацевтикалық өнімдер 27,9%, жиһаз 9,7%, киім 8,7% деңгейінде серпінді өсім көрсетіп отыр.

Тау-кен өнеркәсібінде өсудің қалпына келу қарқыны жалғасуда. Есепті кезеңде сала бойынша өндіріс көлемі 0,8%-ға артты. Салалар бойынша өсім металл кендерін өндіруде 3,9%-ды, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 1,8%-ды, көмір өндіруде 0,7%-ды құрады.

Шикі мұнайды, газды және өзге де пайдалы қазбаларды өндіру салаларында өндірістің әлі де теріс көрсеткіштері сақталып отыр.

«Өткен 11 ай қорытындысы бойынша құрылыс саласы жоғары қарқынын сақтап, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 6,2%-ға өсті. Көрсеткіштің оң өсімі 15 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы қаласында, сондай-ақ Маңғыстау және Ақмола облыстарында байқалып отыр», — деді Ә. Ерғалиев.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша оң динамика сақталып отыр. Есепті кезеңде 13,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 10,6%-ды құрады. Оң динамика 15 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалады.

Ауыл шаруашылығында есепті кезеңде өндірістің 2,5%-ға төмендеуі тіркелді. Ең төмен көрсеткіштер Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында байқалып отыр.

Саладағы өндірістің оң өсімі 11 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті.

Министрдің мәліметінше, 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай.

Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 7 өңірде тіркелді: Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстары, сондай-ақ Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары.

6 көрсеткіш бойынша өсу 9 өңірде байқалып отыр.

Олар Алматы қаласы, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары.

Сонымен қатар 5 көрсеткіш бойынша оң өсім Батыс Қазақстан облысында тіркеліп отыр.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылды.

  1. Тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтау, іскерлік белсенділікті қолдау бойынша бизнес сұраныстарына жедел түрде жауап беру.

  2. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағалардың маусымдық өсуіне жол бермеу және инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін іске асырудағы тиімділігін қадағалау.

  3. Өңдеу және тау-кен өнеркәсіптерінде өндірістің жоғары қарқынмен өсуін қамтамасыз ету.

  4. Экспорттың негізгі салалары мен бағыттары бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін белсенді түрде жағдай жасау.

  5. Жұмыспен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімді жүзеге асырылуын қадағалау, тұрақты жұмыс орындарының үлесін арттыру.

Жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсімін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу