Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша ҚР экономикасының негізгі салаларында оң динамика сақталып отыр  

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-тамыздағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. 

Экономиканың, банк саласының жай-күйі мен республикалық бюджеттің орындалуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, қаржы министрі Е. Жамаубаев, өнеркәсіп және энергетика секторындағы ахуал туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, энергетика министрі Н. Ноғаев, агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров баяндады. 

Қабылданып жатқан шаралардың арқасында сегіз айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында өсудің оң серпіні сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,3 %-ға, оның ішінде машина жасауда – 16,3%, тамақ өнімдерінің өндірісінде – 3,6%, фармацевтикада – 34,1%, жеңіл өнеркәсіпте – 11%, химия өнеркәсібінде – 3,1% және дайын металл бұйымдарының өндірісінде 18,8% өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 6,5%-ға артты, тұрғын үйлердің 6,4% немесе шамамен 8,1 млн шаршы метр пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 4,9% деңгейінде қамтамасыз етілді. Биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша алтын-валюта резерві жыл басынан бері 22,2%-ға артып, $35,4 млрд құрады. 

ОПЕК+пен қол жеткізілген келісімдерді орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-2,5%) байқалады. Сонымен қатар тау-кен секторының басқа маңызды бағыттары бойынша оң серпін сақталып отыр, оның ішінде көмір өндіру – 1,2%, металл кенін өндіру – 1,3% өсті.

Қызмет көрсету секторында, соның ішінде көлік пен сауда саласында көрсеткіштердің төмендегені (- 6,1%) байқалады. Бұл қатаң карантиндік шектеу шараларының тек 17 тамызда ғана алынуына байланысты.

Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары 7 көрсеткіштің ішінде 5 негізгі көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті. Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 4 көрсеткіш бойынша оң серпін байқалды.

«Өңірлер Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған алға барлық міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі үшін жұмысты жандандыруы керек», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы орталық және жергілікті органдардың басшыларына қаражатты уақытылы және өз мақсатына пайдалану жөнінде шаралар қабылдаумен бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу