Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 10 трлн 179 млрд теңге кіріс түсті — Қаржы министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021 жылғы қаңтар-қарашадағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.

Биыл 11 айдың қорытындылары бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. 

Мемлекеттік бюджетке 10 трлн 179 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 103,6%-ға атқарылды.

Республикалық бюджетке 6,7 трлн теңге түсті немесе жоспар 101,7%-ға атқарылды.

Жалпы кірістер бойынша жоспар 109 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар — 51 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер — 54 млрд теңгеге.

Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа тиесілі.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы 686 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 73%-ға ұлғаюына байланысты болды.

«Шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік бажы бойынша жоспардың асыра орындалуына биыл 11 айда мұнай бағасының орташа есеппен 48,7%-ға өсуі әсер етті. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспарды асыра орындауға 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда биыл 11 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа есеппен 27%-ға өсуі ықпал етті. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспарды асыра орындау негізінен мемлекеттік меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер және мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар есебінен қамтамасыз етілді», — деді Е. Жамаубаев.

Сонымен қатар ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмады. Ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылғы 11 айда қосылған құн салығын қайтару сомасының 340 млрд теңгеге немесе 62%-ға ұлғаюына байланысты болады

Жергілікті бюджеттердің кірістері 107,5%-,а атқарылды және 3,5 трлн теңгені құрады.

Жоспар 243 млрд теңгеге, оның ішінде салық бойынша 202 млрд теңгеге асыра орындалды.

Жоспарлар негізгі салықтардың барлық түрі бойынша асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,4%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 95,8%-ға атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша шығыстар 13 трлн теңгені құрады.

Атқарылмау 81 млрд теңгені құрады, оның ішінде 15 млрд теңге — үнемдеу.

Игерілмегені – 66 млрд теңге.

«Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары мәдениет және спорт, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы және ішкi iстер министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін ақы төлеу; орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау; конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу қажеттілігі», — деді қаржы министрі.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 8 трлн теңгені құрады. 327 млрд теңгеге атқарылмаған.

Биыл өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 қарашадағы жағдай бойынша оларға 2 трлн 157 млрд теңге бөлінген.

Оның 94,2%-ы игерілді.

Атқарылмағаны – 124 млрд теңге, оның ішінде үнемделгені – 21 млрд теңге.

Ең көп игерілмеу Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы, Батыс-Қазақстан, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында қалыптасты. 

Министрдің мәліметінше, камералдық бақылаумен биыл 11 айдың ішінде 11,3 трлн теңгеге 897 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды.

Тексеру қорытындылары бойынша 36,8 мың рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 97%-ын орындады.

2 996 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1 трлн 848 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 157 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 127 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 2,6 мың ұсыным берілді. 

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 733 объектіні сату көзделген.

Есепті кезеңде сомасы 52 млрд теңгеге 197 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 112 объект сатылымға қойылды. 16 объект қайта ұйымдастыруға және таратылуға жіберілді. Алдағы уақытта 348 объектіні өткізу керек.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу