Дәрі-дәрмектермен және ПТР-тестілермен қамту, айыппұл салу және нысандардың жұмыс тәртібі — Е. Тоғжанов карантинді енгізу жоспары туралы айтып берді 

Онлайн баспасөз конференциясы аясында вице-премьер Ералы Тоғжанов КВИ таратпау шаралары аясындағы карантинді енгізу жоспары туралы айтып берді. 

29 маусым күні Мемлекет басшысы коронавирус инфекциясының таралуымен күресу шаралары жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында Үкімет алдында бірқатар нақты тапсырмалар қойылды. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Мемлекеттік комиссия отырысы өтті. Осы отырыста Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралды. 


5 шілдеден бастап не өзгереді?

«Мемлекеттік комиссия шешімінде азаматтар мен бизнестің мүдделері толық ескерліген. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін биыл 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Мынадай қатаң шектеу шаралары қабылданды: өңірлер арасындағы әуе қатынасы авиарейстердің бағыты мен жиілігін ұлғайтпай-ақ бұрынғы деңгейде сақталатын болады. Жолаушылар темір жолы тасымалының көлемі қысқартылатын болады. Автобуспен қалааралық тасымалдау тоқтатылады. Қоғамдық көліктің жұмысы уақыт бойынша шектеу шараларымен сақталатын болады», — деп түсіндірді Ералы Тоғжанов.

65 жастан асқан адамдардың және үш адамнан асқан топтардың көшеге шығуына шектеулер енгізілетін болады. Саябақтар мен скверлерге үш адамнан аспайтын топтармен баруға жол беріледі. Бұл ретте таза ауада жаттығулармен айналысуға рұқсат етіледі. Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық естелік шараларын өткізуге тыйым салынады.

Бұдан басқа, азық-түлік дүкендері мен дәріханаларды, сауда үйлері мен желілерін, ойын-сауық мекемелерін қоспағанда, эпидемиялық қауіпті объектілердің, оның ішінде ойын-сауық, сауда-ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтатылатын болады. Сауда үйлері мен желілерінде азық-түлік сататын бөлігі жабылмайды.

Вице-министр атап өткендей, ойын-сауық мекемелері деп деп караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, боулинг орталықтары, кинотеатрлар, балалардың сауықтыру лагерлері, мектепке дейінгі балалар мекемелері, фудкорттар, банкет залдары, сұлулық салондары, шаштараздар, спорт залдары, моншалар, сауналар, фитнес-орталықтар, бассейндер, жабық базарлар, қалалық жағажайлар, аквапарктер, мәдениет объектілері, мұражайлар, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар мен діни нысандарды түсінген жөн. Мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдардың кемінде 80% қызметкерлері үшін қашықтан жұмыс істеу тәртібі сақталатын болады. Медициналық орталықтардың қызметі алдын-ала жазылу бойынша жүзеге асырылатын болады. Дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, ашық базарлардың қызметі уақыт бойынша шектеулермен рұқсат етіледі. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің залда ұжымдық іс-шараларды өткізбей, ашық ауада 30-дан аспайтын отыратын орынды қамтумен жұмыс істеуіне жол беріледі.

Үздіксіз өндірістік циклмен өнеркәсіп кәсіпорындарының; ашық ауада жүргізілетін құрылыс жұмыстарының; халыққа байланыссыз қызмет көрсететін автожуу, автомобильдер мен тұрмыстық техниканы жөндеу, ауыл шаруашылығы жұмыстары, балық шаруашылығы, ХҚО, екінші деңгейлі банктердің қызметіне (бірақ уақыт бойынша шектеумен) рұқсат етіледі.

 

Карантинді бұзғаны үшін бизнес пен азаматтар қандай жауапкершілік тартады? 

Қызметі жалғасатын объектілер персоналдың қауіпсіздігін және күшейтілген санитариялық-эпидемиологиялық режим жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Қатаң шектеу шараларын іске асыру кезеңі ахуалға тұрақты мониторинг жүргізумен және қабылданатын шаралардың тиімділігін бағалаумен қатар жүретін болады.

Ералы Тоғжанов карантиндік режимді және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін  жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты. 

«Жеке тұлғалар үшін айыппұл көлемі — 30 АЕК (83,3 мың теңге). Кәсіпкерлік субъектілері үшін — 230 АЕК (639 мың теңге) және одан жоғары. Тиісті нормативтік-құқықтық акт осы аптада қабылданады», — деді Премьер-Министрдің орынбасапы.

 

Бұл жағдайдан шығудың  жолы —  ортақ  жауапкершілікте 

Премьер-Министрдің орынбасары біздің елімізде коронавирустың кең таралуының себептерінің бірі азаматтардың өздерінің немқұрайлылығы болып отырғанын айтты. Е. Тоғжанов қазақстандықтарды той жасамауға шақырды. 

«Бүкіл әлемде коронавирусты 10 млн-нан астам адам жұқтырғанына, ал 500 мыңнан астам адамның қайтыс болғанына қарамастан, біздің халық жасырын той өткізеді және әлі күнге дейін маска киюді ұят деп санайтындары бар», — деді Ералы Тоғжанов.

Премьер-Министрдің орынбасары адамдар әлі күнге дейін әр түрлі отбасылық мерекелер мен тойларды жасырын атап өтіп жатқанын айтты. 

«Өздеріңіз де осындай оқиғалардың куәгерісіздер. Мұндай іс-шаралардың нәтижесінде кем дегенде 20 адам ауру жұқтырып, көз жұмуда. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір той тойлайтын уақыт емес, бұл ақыл, ғылым, білім және еңбек дәуірі. Біз бір халықпыз және жауапкершілігіміз де бір. Телеэкраннан насихатталып жатқан «Жақыныңа жанашыр бол» — барлығымызға жолданған үндеу. Қазіргі жағдайдан шығу — бұл сіз бен біздің жауапкершілігіміз. Бірінші кезекте, өз отбасыңның алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілік», — деді Ералы Тоғжанов.

Еліміздің барлық ауруханалары КВИ емдейтін дәрі-дәрмекпен қамтылды 

Ералы Тоғжанов еліміздің барлық ауруханалары КВИ емдейтін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Оның айтуынша, дәрі-дәрмекпен бөлшек қамтамасыз ету мәселесі әрдайым Үкіметтің күн тәртібінде тұр. Мемлекет басшысы да бақылау мен профицитті күшейтуді тапсырды. 

Ресми мәліметтер бойынша, бүгін елімізде COVID-19 дертімен ауруханаға жатқызылғандан саны 17 700, ал провизорлық қор 27 мың адамға арналған. Дәрілік заттарды сатып алу бойынша жұмыстар жалғасуда. Көлемі 59 мың пациентке есептелген.

Бүгінгі күні «Лопинавир/ритонавир» препаратының 620 мың бірлік, «Гидроксихлорохин» препаратының 220 мың бірлік көлеміндегі қоры бар.

Бүгін күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе — коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды емдеу үшін медициналық мекемелерде төсек-орындарды көбейту. Е. Тоғжанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарлардағы төсек-орын санын 50%-ға — 28 мыңнан 42  мыңға дейін көбейту тапсырмасы туралы еске салды. Сонымен қатар, а.ж. тамыз айына дейін ПТР-тестілермен қамтамасыз ету тәулігіне 30 мыңнан 39 мыңға дейін артады.

Үкімет қысқа мерзім ішінде үш қосымша жұқпалы аурулар ауруханасын салуды қамтамасыз етті, барлық медициналық мекемелерге қажетті техника сатып алынды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Сондай-ақ вице-премьер дәрігерлердің адамдардың өмірін құтқару үшін барлық мүмкіндіктерді жасап жатқанын атап өтті. Әрбір қазақстандықтың өмірі маңызды. Егер сырқаттанғандар мен қайтыс болғандардың арақатынасын алатын болсақ, Қазақстанда бұл көрсеткіш бүгінгі күні 0,5% құрайды. Мысалы, өлімнің ең жоғары деңгейі АҚШ-та тіркелген. Онда коронавирустан сырқаттанғандардың 5,3%-ы көз жұмды. Еуропада — 1,3%, Ресейде — 1,4%.

 

Алдыңғы шектеу шараларын жою жаңсақтық болған жоқ 

Ералы Тоғжанов ТЖ режимін алып тастау және карантинді жеңілдету жаңсақ болмады деп санайтынын жеткізді, өйткені қатаң карантинді енгізу бастапқы кезеңде вирустың дендеп кетуіне жол бермеді. 

«Медициналық базаны дайындауға уақыт қажет болды. Бұл ең басты мәселелердің бірі. Жалпы халық ол кезде әлі дайын болған жоқ. Сондықтан белгілі бір шамада халықты санитарлық нормаларды, талаптарды сақтауға үйрету қажет болды», — деп санайды Ералы Тоғжанов.

Вице-премьер ТЖ режимінің енгізілуі уақытша шара екенін айтты. 

«Ел ТЖ режимінде үнемі өмір сүре алмайды, экономика жұмыс істеуі керек, біздің еліміздің азаматтары жұмыс істеуге, табыс табуға мүмкіндігі болуы керек. Бастапқыда санитарлық режимді біртіндеп күшейте отырып, карантиндік талаптарды біртіндеп төмендету міндеті қойылды. Сол талаптар қалды. Тіпті екінші толқынды күттік. Біз барлық осы мәселелерге дайын болуға тиіс едік», — деді Е. Тоғжанов.  


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу