ЕТЖ артуының жалпы әсерін кемінде 3,5 млн қызметкер байқайды — Ә. Смайылов

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша брифинг өтті. «Сұрақ-жауап» сессиясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің брифингтің негізгі тақырыбына қатысты сұрақтарына жауап берді.

Ең төменгі жалақының өсуі тауарлардың одан әрі қымбаттауына алып келмей ме және бұл инфляцияға әсер ете ме, сондай-ақ Қазақстан бюджеті ЕТЖ-нің өсуіне төтеп бере ала ма деген сұраққа, вице-премьер ең төменгі жалақының өсуі тұтыну қоржынының құрамына кіретін тауарлар мен қызметтерге қосымша сұраныс құруды білдіреді деп жауап берді.

«Жүргізілген есептеулерге сәйкес, ең төменгі жалақыны қазіргі 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайту инфляцияға 0,7 п.т. деңгейінде үлес қосады. Яғни бұл инфляцияның белгілі бір қысқа мерзімді өсуіне алып келуі мүмкін. Өндірісті сұраныстың өсуіне бейімдегеннен кейін инфляцияға әсер біртіндеп әлсірейді», — деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ЕТЖ артуы салдарынан тұтынудың өсуі оң макроэкономикалық әсерлерге әкеледі.

ЕТЖ өсуі жалақысы 60 мың теңгеге дейінгі 1, 650 млн жалдамалы қызметкердің ақшалай табыстарының өсуіне жол ашады. ЕТЖ артуының каскадтық әсерін ескере отырып, тағы қосымша 2 млн-ға жуық жұмыскердің табысы артады. Осылайша, ЕТЖ артуының жалпы әсерін кемінде 3,5 млн қызметкер сезінеді.

«Болжамды бағалауларға сәйкес, мұндай ұлғаю нақты мәнде экономиканың өсу қарқынын жылына қосымша 1,5 п.т. жеделдетуге алып келеді. Яғни, тауарлар мен қызметтер өндірісі артып, сәйкесінше салықтар өседі», — деп түсіндірді ол.


Бюджеттік қамтамасыз етілуге келер болсақ, Ә. Смайылов айтқандай, азаматтық қызметшілер үшін қазір Парламент Мәжілісінде жатқан республикалық бюджет жобасында тиісті қаражат қажетті көлемде қарастырылған.

Келесі сұрақ бюджет тапшылығына қатысты болды, атап айтқанда, журналистерді Қазақстан тапшылықты жабу үшін сыртқы қарыз алу нарығына шыға ма деген сұрақ қызықтырды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мемлекеттік қарыз алу саясаты бюджет тапшылығын негізінен ішкі нарық қаражаты есебінен жабуға бағытталғанын айтты.

«Бұл сыртқы қарызды азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ ішкі инвесторларға жоғары өтімді және сенімді қаржы құралдарына қаражат салуға жол ашады», — деп атап өтті вице-премьер.

Биыл тапшылық шамамен 80% көлемінде негізінен ішкі нарықта бағалы қағаздар шығару есебінен қаржыландырылды.

«Капиталдың сыртқы нарығы бюджет тапшылығын қаржыландырудың балама көзі ретінде қаралады және сыртқы нарықтарға шығу жөніндегі шешім ішкі өтімділік көлеміне және капиталдың сыртқы нарықтарында қолайлы жағдайлардың болуына байланысты болады. Бұл ретте, капиталдың сыртқы нарықтарына шыққан кезде де ұлттық валютадағы және жұмсақ валютадағы құралдар қаралады, бұл валюталық тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді», — деп хабарлады Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Әлихан Смайылов биылғы жылдың маусым айында Ресей қор нарығында Қаржы министрлігі 40 млрд рубльге (236 млрд теңге) облигациялар шығарған жағдайды мысалға келтірді. Рубльдік облигациялар шығарылымы Ресей рублінің теңгемен жоғары корреляциясына байланысты қарыз алу құнының төмендігімен және валюталық тәуекелдердің іс жүзінде болмауымен байланысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу