Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандарды, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Жұмыс сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев ферроқорытпа өндіруге мамандандырылған «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты цехтарының бірінің жұмысымен, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «Greenhouse Kazakhstan» жылыжай кешенін аралап көрді, онда осы жобаның көкөністі бүкіл өңірге жеткізу, сондай-ақ оны таяу және алыс шет елдерге экспорттау мүмкіндіктері жөнінде баяндалды.    

Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Ақтөбе» алқабында несиеге берілетін әрі жылдам салынатын бір қабатты және екі қабатты тұрғын-үй құрылысының жай-күйімен танысты.

Президент еліміздің тұрғындары үшін «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.

«Халықтың әл-ауқатын арттыруда бұл бағдарламаның маңызы зор. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың жайлы тұрмысы үшін қажетті инфрақұрылым қалыптастырып, оларды жұмыспен қамтамасыз ету», — деп атап өтті Н. Назарбаев.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысына «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысы жөнінде баяндады. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы биыл облыстағы мыңнан астам отбасын тұрғын-үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысы «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының қаржысына салынған жаңа Өнер орталығын, атақты Жұбановтар әулетінің көрнекті тұлғаларының шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ дарынды балаларды оқыту мақсатымен салынған «Жұбановтар әлемі» атты жаңа орталықты, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту бағдарламасы арқылы салынған Шығармашылық академиясын аралап көрді.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген жаңғыру үдерісінің ерекшеліктеріне тоқталды. 

«Әлем көз алдымызда өзгеруде, біз сол өзгерістердің ортасындамыз. Жаңа ғылымдар пайда болып, тың көзқарас қалыптасуда. Барлық реформалар, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үдерісі замандастарымызды жарқын болашаққа дайындау үшін жасалуда», — деді ҚР Президенті.

Елбасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе де инновация орталығы болып, өндірістік, қаржылық және адами ресурстарды тартатын факторға айналуға тиіс екендігін ерекше атап өтті.

«Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының халқы екі есе өсті. Осы көрсеткішті арттыру мақсатымен мұнда тұтас шағын аудандар мен қажетті инфрақұрылым салынуда. Барлық жағдай жасалып жатыр. Тұрғын-үй, жол салынып, газ бен су құбырлары тартылуда. Сол сияқты бүкіл Қазақстан аумағы жол желісімен қамтылады. Міне, даму дегеніміз – осы. Мұны адами даму деуге де болады», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті облыс тұрғындарына амандық пен бақ-береке тілеп, еліміздің өркендеуі жолында табысқа жетулеріне ниеттестігін білдірді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу