ҚР ИИДМБ: өңдеу өнеркәсібі қазақстандық экономика өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде

Бүгінгі таңда Қазақстан 2010 жылдан бастап осы уақытқа дейін өңдеу секторы оң аймақта қалып отырған ЕАЭО-дағы жалғыз ел. Оған қоса, өңдеу саласы республика өнеркәсібіндегі өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналуда. Мұндай ілгерілеудің себебі Қазақстанда индустриалды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы бағдарламасын іске асыру қарқынмен жүргізіліп жатыр, ол ел экономикасының құрылымына едәуір әсер етеді.  

2010 жылы республикада ҚР үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы бойынша 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (ҮИИДМБ) іске қосылды. Оны іске асыру кезеңінде өңдеу саласы өнеркәсіптегі өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Жеті жылда оның нақты өсімі 29% құрады және тау-кен өндіру секторынан асып түсті (6,2%).

Қабылданған шаралардың арқасында Қазақстан жылдам қарқынмен дамып келе  жатқан өңдеу секторы бар елдердің жетілігіне кірді. Кеден одағы елдерінің арасында біздің ел өңдеу өнеркәсібіндегі нақты өсім бойынша көшбасшыға айналды. Еңбек өнімділігі 67% өсті.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, жеті жылда өңдеу секторындағы тікелей шетел инвестицияларының жалпы ағымы 1,4 есеге артты. Өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортының көлемі үлкен ауытқу амплитудасына ие болды, бірақ өткен жылы 2009 жылмен салыстырғанда экспорттық позициялардың құлдырауына қарамастан 7,5% өсті.

Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі соңғы екі күрделі жылдың өзінде оң динамиканы көрсетті және өнімдердің атаулы көлемі бойынша мұнай-газ секторындағы өндіріс көлемінен асып келеді.

Осылайша, егер 2010 жылы мұнай-газ секторында 6,2 трлн теңге өнім өндірілсе, өңдеу өнеркәсібінде — бар болғаны 3,8 трлн теңге, алайда 2015 және 2016 жылдардың қорытындысы бойынша өңдеу салаларындағы өндіріс көлемдері мұнай-газ секторындағы 5,8 және 7,3 трлн теңге кезінде 6 және 7,7 трлн теңгені құрады.

Өсімді қамтамасыз ететін қозғаушы күштер бірінші кезекте ИИДМБ басымдықты секторлары болды. Осылайша, 2016 жылы түсті металлургия өнімдерінің өндірісі 8,5%, қара металлургия 3,3%, азық-түлік 3,9%, агрохимия 9,9%, ауыл шаруашылығы техникасы 5,6%, мұнай өнімдері 0,4% өсті.

2010 жылдан бастап Индустрияландыру картасы аясында 5,1 трлн теңге сомаға 1 060 жоба енгізілді, 100,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, «Каустик» АҚ хлор-сілтілік өнімдер өндірісі, «Talgo» жолаушылар вагондары өндірісі және баасқалары сияқты ірі жобалар пайдалануға берілді.

Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасының арқасында өнеркәсіптің сипаты сапалы жаңарды. Металлургия мен тамақ өнеркәсібінің дәстүрлі мықты салаларына қоса өңдеу саласының 26 жаңа секторы пайда болды. Бұл — автоөнеркәсіп, теміржол машинасын жасау, титан өнеркәсібі, медтехника және жабдық өндірісі, күн және жел энергетикасы және басқалары.

Нақты мақсаттар мен өзекті жоспар

2015 жылы ҚР индустриалды-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (ИИДМБ) іске қосылды. Бағдарлама индустрияландырудың бірінші бесжылдығының  логикалық жалғасы және елдің экономикалық саясатының бір бөлігі болып табылады.  

Алғашқы жыл әлемдік экономикадағы проблемалардың артуымен қатар келді. Бір мезетте ИИДМБ іске асыруға кері әсер еткен бірқатар факторлар пайда болды. Осыған байланысты 2016 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының Жарлығымен бағдарлама өзектендірілді, ал 2016 жылдың желтоқсанында оны іске асыру бойынша Іс-шаралар жоспары қабылданды.  

Бағдарламаның негізгі мақсаты өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру, еңбек өнімділігін арттыру және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайту болып табылады.

ИИДМБ-де 2019 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі төрт мақсатты индикатор қарастырылған: өңдеу өнеркәсібіндегі өнімдер экспортының құндық көлемінің өсімі, еңбек өнімділігінің нақты өсімі, негізгі капиталға инвестициялар көлемінің арттыру және оның энергия сыйымдылығын төмендету.  

Ағымдағы жылдың нәтижелері туралы айтар болсақ, орта және ірі кәсіпорындар бойынша еңбек өнімділігі 2017 жылдың І тоқсанында 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда $8,6-дан 11,8 мыңға дейін өсті (нақты өсім 5,3%).

Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына инвестициялар көлемі 2017 жылғы қаңтар–тамыз аралығында 2016 жылдың қаңтар–тамызымен салыстырғанда 36,8 млрд теңгеге артып, 526 млрд теңгені құрады.

2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 3,9 мың тұрақты жұмыс орнын ашумен, 32 жоба енгізілді. Роботты дәнекерлеу тәсілдерін пайдалану арқылы металл құрастырылымдарды шығару бойынша заманауи жобалар («Жігермұнайсервис», Атырау обл.), құрғақ құрылыс қоспаларын, ұсақ ұнтақталған толтырғыштар мен гипс шығару бойынша зауыттар кешені («Alina Holding», Жамбыл обл.), шыны зауыты («Алматы шыны», Алматы обл.) және т. б. іске асырылған.   

ИИДМБ 2017 жылы жүзеге асыру нәтижелері туралы толық ақпаратты инфографикадан көруге болады. 

Осы және өзге де мәліметтер өңдеу өнеркәсібі сыртқы және ішкі сын-тегеуріндерге барынша тұрақты бола бастағанын көрсетеді. Соңғы жылдардағы жағдайға қарамастан, сектордың даму қарқынында бәсеңдеу байқалған жоқ.

ИИДМБ-ның экономикаға ықпалы

Индустрияландыру экономика құрылымын өзгертеді. ҚР ИДМ-нің мәліметіне сәйкес, өңдеу секторының экономика дамуына (ЖІӨ) қосқан үлесі 2010 жылы 11,3%-дан 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 11,7%-ға дейін ұлғайды, экспортта — 2010 жылы 27,9%-дан 2017 жылдың жеті айында 32,5%-ға дейін өсті, тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімінде — 2005–2009 жылдары 7%-дан екінші бесжылдықтың басынан бері 19%-ға дейін артты (2015 жылдан 2017 жылдың І тоқсаны аралығында).

Бұдан өзге, Қазақстан экономикасы күрделеніп келеді, яғни одан әрі дамып, тұрақтылығы артып, әртараптандырылуда. Осылайша, Гарвард университетінің экономиканың технологиялық күрделілігінің индексіне сәйкес, Қазақстан 2010–2015 жылдары аталған рейтингте 92-орыннан 78-орынға дейін, 14 орынға көтерілді.

Бұл біздің әлемдік нарықта бәсекеге аса қабілетті, түрлі тауарларды көбірек шығарып, экспорттай бастағанымызды білдіреді. Мұндай тауарларға титанды, жазық прокатты, мыс бұйымдарын, бу турбинасын, радиаторларды, сусындар мен кондитерлік өнімдерді және т. б. жатқызуға болады. Айта кету керек, бүгінде қазақстандық өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 110 елге экспортталады.

Жалпы айтар болсақ, өнеркәсіптің өңдеу салаларын дамыту арқылы индустрияландыру экономиканы әртараптандырудың негізі мен жетелдетуші факторы болып табылады. Мықты өңдеу секторының айналасында өнімді қызметтер қалыптастырылады, ал өңделген тауарлар экспортының ұлғаюы экономикаға тұрақтылық пен шикізат бағасына тәуелділіктің төмендеуіне жол ашады.

Өңдеу өнеркәсібі орта топты қалыптастыруға ықпал етеді. «Ақпараттық технологиялар және инновациялар қорының» (АҚШ) мәліметі бойынша, өңдеу өнеркәсібінде бір жұмыс орнын ашу өзге секторларда екіден беске дейін қосымша жұмыс орындарын ашуға, технологияларды дамыту жұмысшылардың білімі мен дағдыларын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібін қалыптастырып, дамыту процесі бизнес пен мемлекеттің, экономикалық, саяси және әлеуметтік даму мен ілгерілеудің шынайы мүмкіндіктерін ескере отырып, ұзақмерзімді және жүйелі мемлекеттік саясатты талап ететінін айта кеткен жөн. Бұған Оңтүстік Кореяның, Қытайдың және Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесі дәлел.  

Келешекке бағдарланған жобалар

ҚР ИДМ мәліметіне сәйкес, 2017 жылдың соңына дейін 10 мың тұрақты жұмыс орнын ашумен, триллион теңгеге жуық сомаға шамамен 100 жобаны аяқтау көзделіп отыр, солардың ішінде темір жол дөңгелектерін («Проммашкомплект», Павлодар облысы), мұнай-газ жабдықтары мен құбырларын («Қазақстан мұнай жабдығы зауыты», Ақтөбе обл.), азық-түлік өнімдерін шығару («Мареван Фуд», Қапшағай қ.), машина жасау өндірісін техникалық қайта жарақтандыру (Нидерланды), («Мэйкер», Қарағанды обл.), қоспалы алюминий шығару («Павлодар» АЭА-дағы «Giessenhaus») бар.

Қазақстанның жаңа индустрияландыру, өндірісті дамытып, шикізаттық тәуелділіктен арылу бойынша қолға алған бағытында табысты жұмыстар жүргізіп жатыр. Экономика құрылымындағы жаһандық өзгерістер туралы айтуға әлі ертерек: олар ұзақмерзімді кезеңде күтеліде, дегенмен, қазірдің өзінде біз ҮИИДМБ мен ИИДМБ-ны іске асырудан айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық нәтиже алып жатырмыз.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу