МӘМС жүйесінің енгізілуімен ауыл тұрғындары үшін барлық деңгейдегі медициналық қызметтер қолжетімді болады

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында 2020 жылы 1 қаңтардан бастап енгізілетін МӘМС жүйесінің негізгі мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді.

Қор басшысының айтуынша, тұрғындар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында, 2025 жылға дейін медицина саласын қаржыландыруды ЖІӨ-нің 5%-ына дейін жеткізу міндеті қойылған.

«2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында, денсаулық сақтау жүйесіне жарты млрд теңгеден аса қосымша қаражат құйылады. Яғни, биыл кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде 1 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінсе, енді бұған қосымша 500 млрд теңге бөлінеді, яғни, ақысыз медициналық қызметтерге бөлінетін қаржы мөлшері 1,5 есе өседі», - деді А. Жұмағұлов. 

Ал кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі келесі жылы шамамен 1 трлн теңге көлемінде, сол деңгейінде қалады, бюджетте қазір оған 988 млрд теңге қарастырылған. Сондықтан кез келген азамат тегін медициналық көмек көлемін қажет кезінде пайдалана алады.

«Медициналық қызметтердің азаматтар үшін қолжетімсіз болуы бірінші кезекте қаржыландырудың шектелуіне байланысты. Бұрын қымбат медициналық диагностикалық қызметтер, әсіресе, компьютерлік томография, МРТ, басқа да анализдер қолжетімді болмады, кейде ота жасау кезегін 2-3 ай бойы күтуге тура келетін. Енді біздің негізгі мақсатымыз - аса қажет медициналық қызметтер көлемін қаржыландыруды ұлғайту арқылы олардың қолжетімділігін арттыру», - деп түсіндірді сала басшысы.

Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуімен, ауылдық жерлерде тұратын азаматтар аудандық ауруханаларға барумен шектеліп қалмайды, олар үшін барлық деңгейдегі көптеген медициналық қызметтер қолжетімді болады.

«Егер ауыл тұрғындары қандай да бір күрделі медициналық қызметтерге жүгінгісі келсе, облыстық немесе республикалық деңгейге шығып, сол қызметті алуға мүмкіндіктері болады. Бұл жағынан ешқандай шектеу жоқ», - деп нақтылады А. Жұмағұлов. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу