Іссапарлар мен өкілдік шығындарды қысқарту — Қаржы министрлігі мемлекеттік органдардың шығындарын қалай оңтайландырады

ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ҚР Үкіметінің отырысында Президент тапсырмаларының жедел орындалуын қамтамасыз ету бойынша Қаржы министрлігі қабылдаған шаралары туралы баяндады.

Цифрландыру бойынша шаралар

Министрдің мәліметінше, бизнестің қарсы міндеттемелерін цифрлық бақылауды қамтамасыз ету үшін Жобалық офис құрылып, тиісті әдіснамалық база әзірленген.

Бизнеске жүктелген міндеттемелердің орындалуын бақылауды ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін субъектілік талдау жөнінде талдамалық деректер базасын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өз контрагенттеріне дербес тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін интеграцияланған деректер базасын құру үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып заңнамалық түзетулер әзірленді.

«Олар Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан салық салу және инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізіледі. Мемлекеттік органдардың деректер базасы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ақпараттық жүйелерін интеграциялау жүзеге асырылады», — деді Е. Жамаубаев.

«Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі бойынша

Қаржы министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп мәселені нормативтік реттеді. SmartBridge платформасында орналастырылған 910 «Шағын бизнес субъектілеріне арналған декларация» салық есептілігі нысанын қабылдау бойынша сервис іске асырылды.

Сервиске «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қосылады. Қазірдің өзінде оған 6 АТ-компания қосылды және 17-сі тестілеуден өтуде. Биылғы қыркүйек айында бұл сервис толыққанды жұмыс істейтін болады.

Активтерді одан әрі экономикалық айналымға тарту мақсатында Проблемалық кредиттер қоры оларды басқару және іске асыру бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда.

Қазір тұрғын үй қорын, коммерциялық жылжымайтын мүлікті және жылжымалы мүлікті сату бойынша шаралар қабылдануда. 679 га жер учаскесі экономикалық айналымға енгізілуде. Жұмыс жандандырылады.

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін айналымдағы шығарылымдардың санын қысқарту және олардың көлемін ірілету жөнінде жұмыс жүргізілуде.

Бағалы қағаздарды J.P.Morgan халықаралық индексіне енгізу үшін Ұлттық экономика министрлігімен, Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен іс-қимылдар жоспары бекітілді.

Шығыстарды оңтайландыру бойынша

2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың шығыстары оңтайландырылады.

Атап айтқанда, мыналар күтілуде:

  1. іссапар, өкілдік шығындарды, заттай мүлікпен, тамақпен қамтамасыз етуді және т. б. қысқарту;
  2. институционалдық қарыздар бойынша шығыстарды қысқартумен олардың тиімділігін қайта қарау;
  3. квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің өзін-өзі барынша ақтауына көшу;
  4. басталған жобаларды аяқтау міндетін шешуді ескере отырып, барлық салада шынайы инфрақұрылымдық жоспарлар әзірлеу;
  5. жергілікті бюджеттердің шығыстарын оңтайландыру және т. б.

«Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің республикалық бюджетке дивидендтер төлеуіне келер болсақ, ол жөнінде Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Практикалық іске асыру бақылауда болады», — деп қорытындылады Ерұлан Жамаубаев.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу