Қабылданған шаралар еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырды – ҚР Премьер-Министрі А. Мамин 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі эпидемиологиялық ахуал қаралды. 

Денсаулық сақтау министрі А. Цой уақытылы қабылданған шаралардың арқасында коронавирусқа қатысты жағдай тұрақтанғанын баяндады. Коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияның тәуліктік өсуі 0,5% шегінде. Бүгінгі таңда осы инфекцияны жұқтырған адамдардың 94%-ы емделіп шықты, инфекциялық ауруханалардың жүктемеленуі 15% құрап отыр. Коронавирус инфекциясына байланысты жедел жәрдем шақыру 80% дейін төмендеді.

Ауруханадағы орындар санын 50 мыңға дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Өңірлерде 12 жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр, 2 стационар қайта жөнделуде. 

Ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жедел жәрдем автокөліктерімен, автобустармен және барлық қажетті жабдықтармен (өкпені жасанды желдету аппараттары, оттегі концентраторлары) қамтамасыз етілуде.

Аудандық ауруханаларда 132 рентген аппараты орнатылды. Биыл 1 қазанға дейін қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады. 

Елімізде жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры жасалды, тапшылық болмайды. Оның үстіне, тамыз айынан бері ауруханаларда вирустық инфекциядан емделу үшін халыққа тегін дәрі-дәрмек (ыстықты түсіретін, антикоагулянттар) беріліп жатыр.

ПТР тестілеу мүмкіндігі артты (тәулігіне 40 мыңға дейін, 63 мыңға дейін жеткізілуі мүмкін). Вакцина сатып алу және өзімізде вакцина жасап шығару жөнінде келіссөздер өткізілді. 15 қыркүйектен бастап тұрғындарға тұмауға қарсы екпе жасалады. 

«Жалпы, Үкімет тарапынан ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біз еліміз үшін күрделі кезеңді еңсердік және аурудың таралу деңгейін төмендету қамтамасыз етілді. Бастысы, біздегі денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеу бойынша зор тәжірибе алды. Барлық қабылданып жатқан шаралар күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына және маусымдық ауруларға қарсы күресуге жағдай жасайды. Әрине, санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы әлемдегі эпидемияның тұрақсыздығын ескеріп, вирустың қайтадан өршу мүмкіндігіне дайындық жұмыстарын жалғастыру және кейбір шектеу шараларын (қашықтан білім беру, демалыс күндері локдаунды сақтау) сақтау қажет екенін атап өтті. 

Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстап, барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтауды, вирустың таралуы мен ауру жұқтыру көрсеткіштерінің өзгеруіне қарай жедел әрі нақты әрекет етуді, инфрақұрылымды дайындау шараларын қабылдап, барлық сатыдағы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге халық арасында профилактикалық жұмысты күшейту тапсырылды. 

«Денсаулық сақтау жүйесінің дайындығын бақылауда ұстау қажет, сондай-ақ қауіп тобындағы адамдарды нақты қадағалауды қамтамасыз ету керек», — деді А. Мамин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу