«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 604 қарыз берілді — Ұлттық банк

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында 2020 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша банк жүйесін дамытудың негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Е. Досаев атап өткендей, әлемдік қаржы нарықтарының биылғы тамыздағы өсуі қыркүйектің басында технологиялық сектор компанияларының акцияларын жаппай сату мен АҚШ-тың еңбек нарығын қалпына келтірудің баяулауына байланысты төмендеуге ауысты.

«Биылғы тамызда дамыған елдердің MSCI World және дамушы елдердің MSCI EM қор индекстері COVID-19-ға қарсы вакцинаның жедел әзірленуін, Федералдық резервтік жүйенің (ФРЖ) икемді саясатты қолдау бойынша белгілерін және жаһандық экономиканың біртіндеп қалпына келуін күту аясында наурыздағы құлдыраудан кейін орнына келді. Алайда, қыркүйектің басында технологиялық сектор акциялары нарығының жарысы жаппай сатуға ауысты, ол бүкіл қор нарығының спекторы бойынша акцияларды да сатуға әкелді», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Жалпы алғанда, күзде инвесторлар коронавирус пандемиясының салдарына, сондай-ақ биылғы қарашада болатын АҚШ президентін сайлауға байланысты тұрақсыздықтың өсуіне дайындалуда.

Биылғы тамызда ставкалар мен валюта қоржынына қатысты доллар индексінің төмендеуі аясында қорғаныс активтеріне, бірінші кезекте бағасы тарихта алғаш рет бір троя унциясы үшін $2000 долларға жеткен алтынға сұраныс артты.

Өткен айда мұнай бағасы бір баррель үшін $45,3 дейін 4,6%-ға өсті. Алайда, осы жылғы қыркүйектің басында ол нарықтағы мұнайдың шамадан тыс көп болуына байланысты позициясын жоғалтуда. Бүгінгі күннің тәңертеңгі уақытына brent сұрыпты мұнай бағасы $40 төмен түсіп, $39,8 құрады.

«Мұнайға сұраныс біртіндеп артуда, бұған әлемдегі өнеркәсіп секторының қалпына келуінің жалғасуы дәлел бола алады. Мәселен, Global Manufacturing PMI индексі биылғы шілдеде 50,3 тармақтан 51,8 тармаққа дейін, Қытай өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік индексі (PMI) – 52,8 тармақтан 53,1 тармаққа дейін өсті», — деді Е. Досаев.

Шектеу шараларын енгізуге байланысты осы жылғы шілдедегі төмендеуден кейін Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі биылғы тамызда 44,7 тармақтан 45,4 тармаққа дейін аздап өсті. 

Қызмет көрсету және өнеркәсіп саласындағы индекстің жақсаруы құрылыстағы төмендеуге жалғасты.

Қазақстанда тұтынушылық сұраныстың баяулауы және әлемдік нарықтарда азық-түлік тауарлары бағасының күтілетін төмендеуі дезинфляциялық әсер береді. 

Биылғы тамызда жылдық инфляция азық-түлік заттарының төмендеуі есебінен 7,1%-дан 7%-ға дейін төмендеді.

 Соңғы 2 жылда алғаш рет азық-түлік тауарларының тобында 0,2% айлық дефляция орын алды. Жеміс-көкөніс өнімдеріне бағаның маусымдық төмендеуімен қатар ет өнімдері, нан-тоқаш өнімдері мен жармалар, жұмыртқа бағасының өсу қарқынының айтарлықтай баяулауы байқалды. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 2020 жылғы шілдедегі 11,3%-пен салыстырғанда 10,9%-ға дейін баяулады.

Азық-түлікке жатпайтын тауар бағасының жылдық өсуі жанар-жағар май (ЖЖМ) бағасының (бензин мен дизель отыны тамызда 0,1%) төмендей беруі кезінде 5,5% болды, ал ақылы қызметтер жылдық көрсетуде коммуналдық қызметтер мен көлік қызметі тарифтерінің өсуі аясында шілдедегі 3,2%-дан осы жылғы тамыздағы 3,4%-ға дейін жылдамдады.

 Инфляциялық процестердің серпінін бақылауды сақтау және жылдық инфляцияның орта мерзімді кезеңде бірқалыпты баяулауын қамтамасыз ету мақсатында биылғы 8 қыркүйектен бастап базалық ставка +/-1,5 проценттік тармақ проценттік дәлізімен 9% деңгейінде сақталды.

Тамызда қымбаттаған мұнай, сондай-ақ республикалық бюджетке кепілді трансферт бөлу шеңберінде Ұлттық қордың активтерін конвертациялау және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сатуы бойынша ұзартылған шаралар ұлттық валютаға қолдау көрсетті.

Бұл ретте дамушы елдердің валюталары дамыған елдермен салыстырғанда әлсіреуді жалғастыруда. Бір айда Индонезия рупиясы 1%-ға, Ресей рублі 1,6%-ға, Бразилия реалы 2,3%-ға, түрік лирасы 6%-ға әлсіреді. 

Жалпы, дамушы елдердің валюта индексі тамыз айында небәрі 0,2%-ға өсті, ал дамыған елдердің валюта индексі 2,9%-ды қосты.

Қазақстан теңгесі дамушы елдердің валюталары арасында бір айда бір АҚШ доллары үшін 418 теңгеден 420,11 теңгеге дейін 0,5%-ға тең ең аз әлсіреу көрсетті.

Инвесторлардың тәуекелді активтерге қызығушылығының азаюына байланысты дамушы елдер валюталарының одан әрі әлсіреуі, мұнайға сұраныстың қалпына келуі жөніндегі сенімнің әлсіреуіне байланысты мұнай бағасының төмендеуі аясында теңгенің бағамы биылғы қыркүйектің басынан бері осы жылғы 8 қыркүйектегі бір АҚШ доллары үшін 423,54 теңгеге дейін 0,8%-ға әлсіреді. 

«АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дауының шиеленісуінен, коронавирустың екінші рет қайталану ықтималдығынан дамушы нарықтардың валюталары үшін тәуекелдер сақталады. Сонымен қатар Ресейге қатысты санкциялар риторикасының күшеюі бюджет қағидалары шеңберінде шетел валютасын сатуды төмендету саясатымен бірге рубльдің әлсіреу тәуекелін арттырады, бұл ұлттық валюта бағамына да теріс әсер етеді», — деді Ұлттық банк төрағасы. 

Бір айда өтімділік профициті 3,7 трлн теңгеге дейін 11,3%-ға төмендеген кезде ақша нарығындағы жағдай тұрақты болып қалуда. TONIA ақша нарығының таргеттелетін ставкасы осы жылғы тамызда 9,2% деңгейінде болып, проценттік дәліз шеңберінде қалыптасуда.

Тамызда мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту шеңберінде жергілікті және халықаралық (Clearstream) бағалы қағаздар депозитарийі арасындағы Delivery versus Payment (төлемге қарсы жеткізу) түріне дейінгі халықаралық есеп айырысу желісі жетілдірілді.

«Бұл Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) “кіру” кезінде жаһандық инвесторлардың тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беретін ішкі қаржы нарығы үшін жаңа деңгейге көшуді білдіреді. Капитал ағыны үшін бәсекелестік жағдайында бұл жергілікті қор нарығына ұқсас нарықтармен салыстырғанда артықшылық береді», — деді Е. Досаев.

Жалпы халықаралық резервтер 2020 жылғы тамыздың соңында алдын ала деректер бойынша 0,5%-ға ұлғайып, $94,1 млрд құрады.

Ұлттық банктің алтын-валюта активтері $35,4 млрд құрап, тамызда өзгерген жоқ. Екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ) валюталық шоттарына қаражаттың түсуі айтарлықтай дәрежеде мемлекеттік борышты төлеумен теңестірілді.

Ұлттық қордың активтері биылғы тамызда $1 млрд сомасында алынған инвестициялық кіріс есебінен бір айда $0,5 млрд (+0,8%) ұлғайып, $58,7 млрд құрады.

Биылғы шілденің соңында банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері теңгелік салымдардың 12,5 трлн теңгеге дейін 15,6%-ға өсуі есебінен 8,7%-ға ұлғайып, 20,7 трлн теңгені құрады.

Валюталық салымдар 8,2 трлн теңгеге дейін 0,2%-ға төмендеді. 

Соның нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы 7 айда 39,5%-ға дейін төмендеді. 

Ұзақ мерзімді кредиттердің 11,9 трлн теңгеге дейін 0,8%-ға немесе 98,5 млрд теңгеге өсуі нәтижесінде экономикаға берілетін кредиттер жыл басынан бері осы жылғы шілденің соңына қарай 13,9 трлн теңгеге дейін 0,5%-ға ұлғайды.

Қысқа мерзімді кредиттер 2 трлн теңгеге дейін 1,5%-ға немесе 31,3 млрд теңгеге азайды.

Бизнестің кредиттік портфелі жыл басынан бері 7,1 трлн теңгеге дейін 1%-ға азайды, халықтың кредиттік портфелі 6,8 трлн теңгеге дейін 2,1%-ға ұлғайды. Халықтың кредиттік портфелінің құрылымында тұтынушылық қарыздар ағымдағы жылдың басынан бері 4,2 трлн теңгеге дейін 1,4%-ға төмендеді, ипотекалық қарыздар 2 трлн теңгеге дейін 11,1%-ға ұлғайды.

Бизнеске берілген теңгедегі кредиттер бойынша ставка осы жылғы шілдеде 11,9%, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,7% (11,8%), ұзақ мерзімді кредиттер бойынша – 13,6% (12,8%) болды.

Қазақстан экономикасын қолдау шеңберінде Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.

  1. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биылғы 4 қыркүйектегі жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 538,8 млрд теңгеге 731 өтінім мақұлдады, 315,7 млрд теңге сомасына 604 қарыз берді.

  2. Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биылғы 

4 қыркүйекте кәсіпкерлер 562,1 млрд теңге сомасына 2 263 өтінім берді, 353,1 млрд теңгеге 2 549 қарыз берілді.

«Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы бойынша дағдарыс салдарынан барынша зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді. Осылайша, бағдарламаның бюджеті 800 млрд теңгеге дейін жеткізіледі, ал оны іске асыру мерзімі 2021 жылдың соңына дейін ұзартылды», — деді Е. Досаев.

Ұлттық Банктен қаржыландыру есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда.

  1. 1«7-20-25» бағдарламасы бойынша биылғы 3 қыркүйектегі жағдай бойынша 257,7 млрд теңгеге 22 046 өтінім мақұлданды, оның ішінде 206,2 млрд теңге сомасына 17 780 қарыз берілді.

  2. 2«Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 3 қыркүйектегі жағдай бойынша 330,9 млрд теңге сомасына 38 384 өтінім мақұлданды, 259,7 млрд теңгеге 30 934 қарыз берілді.

Биыл қаңтар-шілдеде онлайн-сауданың өсуі аясында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған транзакциялар көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,6 трлн теңгеге дейін 58,9%-ға ұлғайды.

Бұл ретте қолма-қол ақшасыз транзакциялар саны 2,2 есе, ал сомасы 2,5 есе өсті. Бұл операциялардың негізгі үлесі онлайн тәсілмен жүргізілді.

Ұлттық банк қолма-қол ақшасыз жасалатын есеп айырысуларды кеңейту үшін биылғы тамызда жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді қолма-қол ақшасыз төлеудің жаңа тетігін енгізу арқылы ірі мәмілелерді қолма-қол ақшасыз жасалатын есеп айырысуға ауыстыруды бастады. 

Жаңа тетік мәміле жасау процесін тез және қолайлы етуге мүмкіндік береді, елде көрсетілетін қызметті цифрландыру деңгейін арттырады, алаяқтық тәуекелін төмендете және көлеңкелі экономиканы төмендетуге жәрдемдесе отырып, ірі операциялар бойынша есеп айырысулардың қауіпсіздігін едәуір арттырады.

«Әлемдік және ұлттық экономика қалпына келуіне қарамастан жоғары құбылмалылық жағдайында жұмыс істеуді жалғастыруда. Биылғы қыркүйектің басында басталған сыртқы қаржы және тауар нарықтарындағы турбуленттіліктің өсуі ішкі нарыққа әсер ететін болады. Бұл жағдайларда Ұлттық Банк ахуалды жіті қадағалап, баға мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ экономиканың қалпына келуі үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», — деп түйіндеді Е. Досаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу