Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан судьяларының VIII съезіне қатысты

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезі делегаттарының алдында құттықтау сөз сөйледі. Бейне конференция режимінде өткен жиынға еліміздің бүкіл өңірлерінің судьялары, сондай-ақ, шетелдік сарапшылар қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Президент сөйлеген сөзінде сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі пандемия кезінде еліміздің сот жүйесі күрделі сынақтан өткеніне тоқталды. Оның айтуынша, карантинге қарамастан азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Ақпараттық технологияның арқасында сот процесін қашықтан жүргізу форматына жедел көшірдік. Бұл ұтымды әрі оңтайлы шара болды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктерге назар аударды. Әсіресе, бұл олқылықтар пандемия кезінде анық байқалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында құқық қорғау және сот жүйесін реформалауға баса мән берілгенін еске салды. Оның пікірінше, сот жүйесіндегі үдерістерге, ең алдымен, азамат, кәсіпкер, инвестор мүддесі тұрғысынан қарау керек.

Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалау саласында айтарлықтай ілгерілеу болу үшін судьялардың кәсібилігіне, сот төрелігі мен сот ісін басқарудың сапасына негізделген түбегейлі жаңа тәсілдерге бет бұру керек деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтарды айқындады.

Қазақстан Президенті адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді  бірінші міндет ретінде атап көрсетті.

«Судьялар корпусы өздерінің күнделікті жұмысында осы ұстанымдар мен құндылықтарды басшылыққа алуға тиіс. Судьяларымыз адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстауы керек. Еліміздің судьялары кәсіби біліктіліктерін ұдайы арттырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, қалыптасқан ойлау жүйесін өзгертіп отыруы қажет. Бұл үшін сот саласындағы өзекті халықаралық үдерістерді ескеріп, судьялардың халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс орнату маңызды», — деді Президент.

Сот жүйесінің тәуелсіздігі – екінші маңызды басымдық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетті шарт болу керек.

«Отандық және халықаралық сарапшылар судьялардың әлі де болса, соттар мен сот алқаларының төрағаларына тәуелді деп санайды. Бұл – тиімсіз тәжірибе. Бұдан құтылу қажет. Судьялардың құқық қорғау органдарына тәуелділігі – түйткілді мәселе. Судьялардың тәуелсіздігіне қатысты ешкімде күмән болмауға тиіс. Азаматтар, кәсіпкерлер және инвесторлар қазақстандық судьялардың бейтарап әрі әділ шешім шығаратынына сенімді болуы тиіс», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент судьяларға БАҚ және әлеуметтік желілер тарапынан қысым жасалатын жағдайлардың да кездесетініне назар аударды.

«Тергеу әлі жалғасып жататын, істің сотқа берілмеген кездері болады. Ал кейбір журналистер мен блогерлер жағдайды ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжай бастайды. БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы тиіс. Әділдік сот залында және сот процесінің қорытындысы бойынша ғана орнауы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кәсіби судьялар корпусы барша сот реформаларының шешуші факторы екенін атап өтті. Президент соңғы жылдары судья лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптардың күшейгенін, іріктеудің заманауи құралдары енгізілгенін айтты. Бұл мықты заңгерлерге, белгілі ғалымдар мен кәсіби құқықтанушыларға сот жұмысындағы тәжірибесі болмаса да, судья болуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы міндетті жүзеге асыруда Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың зор еңбек сіңіргеніне тоқталды.

«Судьялардың беделі мінсіз, ал кандидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық болуы тиіс. Дамыған елдердің басым бөлігінде судьяларға қойылатын талаптардың жоғары болатыны соншалық, өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті лауазымға тағайындалмауына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолданған жөн деп санаймын», — деді Президент.

Мемлекет басшысы сот үдерістерін оңтайландыру және дау-дамайларды шешу барысында бітімгершілік тетіктерін енгізу мәселесіне де назар аударды. Осы мәселенің маңызы сот үдерісінде бюрократияның алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, сот ісіндегі рәсімдерді шектен тыс регламенттеу процесстердің ұзаққа созылуына алып келеді және қоғам тарапынан әділ сынға ұшырайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сот ісін оңтайландырып, керексіз рәсімдер мен регламенттерді алып тастау қажет.

«Сот процесі түсінікті және ыңғайлы болуы тиіс. Азаматтар рәсімдердегі түрлі айла-шарғыларды шешуге міндетті емес», — деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, аталған барша міндеттерді тиімді шешу арқылы сот жүйесіндегі оң өзгерістерге қол жеткізуге болатынын және азаматтардың сотқа деген сенімі арта түсетінін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу