Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған агенттіктердің төрағалары Серік Жұманғарин мен Қайрат Келімбетовті қабылдады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Серік Жұманғарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңадан құрылған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.  

Президентке еліміздегі бәсекелестікті дамыту, оған қолайлы жағдай жасау және ұлттық идея ретінде қабылдау мақсатында атқарылатын іс-шаралар туралы баяндалды. Осы мақсатта барлық салалар мен аймақтарды қамтитын бәсекелестікті дамыту жөнінде Ұлттық жоба әзірленеді. Салалық және аймақтық бәсекелестік талаптары жасалады.

Агенттік төрағасы Мемлекет басшысына жаңа құрылымның қызметін ұйымдастыру жоспары туралы айтты. Әсіресе, тұтынушылардың талабын қанағаттандыру, экономиканың тұрақты өсімі мен дамуын қамтамасыз ету, нарық субъектілерінің экономикалық тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық берілмек.

Президент халықаралық нарықтағы озық тәжірибелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстанда дұрыс бәсекелестік қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік басшысына Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы бәсекелестікті қорғау және экономиканың тиімділігін арттыруға бағытталған тапсырмаларды орындаудың маңыздылығына тоқталды. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Қайрат Келімбетовті қабылдады. Президентке жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құрудың тәсілдері, оның ішінде Агенттік Ережесінің жобасы, штаттық саны мен оның жылдың соңына дейінгі қысқа мерзімде атқаратын қызметі туралы ақпарат берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды толғандырған мәселелер мен ұсыныстарды сараптап, пысықтауды, сондай-ақ, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталған міндеттерді іске асыруды тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу