Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттары табысталды

Салтанатты шара барысында Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтауын оқыды. Бұл туралы Ақорданың Баспасөз қызметі хабарлайды.

«Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңызда, дайындаған сюжеттеріңізде елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып отыр. Өйткені жұмыс барысында жұртпен етене араласып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға зор еңбек сіңірдіңіздер. Сонымен қатар кәсіби біліктіліктеріңіз арқылы мемлекетіміздің көш басындағы өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін өлшеусіз үлес қосып келесіздер», — делінген құттықтауда.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында пандемия кезінде денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларының қызметкерлерімен бір қатарда тынымсыз жұмыс істеген журналистердің еңбегін ерекше атап өткен. Онан соң Дәурен Абаев Президент сыйлығы мен грантының иегерлерін, Алғысын алған шығармашылық ұжымдарды құттықтады.

Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуатовқа, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбайға, «Хабар» телеарнасының Талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачевке берілді.

Президент гранттарын «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының тілшісі Альбина Әшім, «Хабар» телеарнасы Талдамалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Мақпал Мадиярова, «Semei» телеарнасының редактор-тележүргізушісі Маржан Нұрышева, «Азаттық рухы» ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Жандос Смайлов иеленді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы «Ана тілі» республикалық газетінің, «Казахстанская правда» газетінің, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының Маңғыстау облыстық филиалының шығармашылық ұжымдарына табысталды.

Мемлекет басшысының Алғыс хаттары еліміздің барлық өңіріне жіберілді. Аталған марапаттар әр аймақтан үздік деп танылған журналистерге салтанатты түрде табыс етіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу