Қазақстанда бағаны тұрақтандыру үшін ішкі нарықты негізгі азық-түлікпен толықтыру жұмысы жүргізілуде — ҚР АШМ

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ішкі нарықты азық-түлікпен қамту мәселесі қаралды. Өнімдерді өндіруді, сақтауды және барлық өңірлерге жеткізуді қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. 

Министрдің айтуынша, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты негізгі 29 тауар позициясымен толықтыру жұмысын жүргізуде. 

Бұл ретте, 12 тауар бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 100%-ды және одан көп мөлшерді құрайды. 11 тауар бойынша қамтамасыз етілу 80% және одан көп. Ал қалған азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша импортты алмастыру жұмысы жүргізілуде.

«Ішкі нарықты өсімдік шаруашылығы өнімдерімен толықтыру үшін сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 439,2 мың гектарға кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,7 млн гектарға жеткізілді. 18 млн тонна астық дақылдарын жинау жоспарлануда, бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті іске асыруға жеткілікті», — деді С. Омаров.

Майлы дақылдардың жалпы көлемі 2,6 млн тонна болады деп күтілуде, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық. Сондай-ақ, картоп және көкөніс-бақша дақылдарын өндіру көлемі сәйкесінше 4 млн тоннаға және 6,8 млн тоннаға дейін ұлғайтылатын болады.

Ішкі нарықты мал шаруашылығы өнімдерімен толықтыру үшін ауыл шаруашылығы малының басын өсіру қамтамасыз етіледі, 2020 жылдың 7 айында ірі қара мал басының 5%-ға, ұсақ мал басының 2%-ға, жылқы басының 9%-ға өсуі байқалады. Өңделген өнімнің өсуі байқалады: ұн 6,4%-ға, өсімдік майы 1,8%-ға, макарон өнімдері 8,4%-ға, құс еті 12,3%-ға, қышқыл-сүт өнімдері 4,7%-ға, сары май 12,9%-ға, шұжық өнімдері 22,8%-ға өсті.

«Азық-түлік тауарларын өндірудің қосымша көлемдерінің өсуін қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін бірқатар жаңа инвестициялық жоба енгізіледі. Мысалы, жыл соңына дейін құс етін өндіру көлемі 75 мың тоннаға немесе 25%-ға ұлғайтылады. Бұл жаңа 8 құс фабрикасын жылдың аяғына дейін іске қосу есебінен қамтамасыз етіледі. Олардың екеуі іске қосылды», — деді С. Омаров.

Сонымен қатар сүт өндірісі ұлғайтылатын болады. Жылдың соңына дейін қосымша көлемі 112 мың тонна болатын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасы іске қосылады. Қазір 6 инвестициялық жоба іске қосылды.

Жыл соңына дейін қуаттылығы 45 мың тонна болатын 3 жаңа ет комбинатын іске қосу жоспарланып отыр. Халықты алмамен қамтамасыз ету үшін 2 мың гектар қарқынды алма бағын отырғызу жоспарлануда, олар 68 мың тоннаға дейін өнім бере алады. 1700 гектарға қазірдің өзінде отырғызылды.

Қант өндіру бойынша Жамбыл облысында жаңа зауыт салу бойынша жұмыстар басталды, қант қызылшасына арналған алаңдар 20,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Алматы облысында қолданыстағы қант зауыттарын жаңғырту жүргізілуде.

Министр қорларды бағалау жолымен өңірлердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізіліп жатқаны туралы айтты.

«Азық-түлік тауарларының 16 түрі бойынша Үкіметтің резервтері қалыптастырылған. Бұл мақсаттарға 16,7 млрд теңге бөлінді, ол 43,5 мың тонна азық-түлік сатып алуға мүмкіндік берді», — деді С. Омаров.

Әкімдіктердің жедел деректері бойынша қазір республикада жалпы көлемі 619,2 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен 318,6 млн дана жұмыртқа қоры бар.

Тұрақтандыру қорларының қорынан жыл басынан бері 38,3 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары өткізілді. 

«Бұл ретте тұрақтандыру қорларына 38,2 мың тонна азық-түлік, оның ішінде 21,2 мың тонна ұн, 6,5 мың тонна қант, 3,1 мың тонна картоп, 2 мың тонна макарон, 1,7 мың тонна күріш, 0,7 мың тонна қарақұмық жармасы және басқа да азық-түлік түрлері сатып алынды», — деді министр.

Қазіргі кезде тұрақтандыру қорларында 27,7 мың тонна әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарлары, оның ішінде 12,5 мың тонна ұн, 7,9 мың тонна қант, 1,7 мың тонна макарон, 1,4 мың тонна күріш, 1,3 мың тонна өсімдік майы және азық-түліктің басқа да түрлері сақталуда.

Бұдан басқа, 21 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, оның ішінде 9,1 мың тонна картоп, 3 мың тонна пияз, 2,5 мың тонна сәбіз, 2 мың тонна қант және басқа да тауарлар түрлерін жеткізуге форвардтық шарттар жасалды.

«Айналым схемасы» шеңберінде 8,8 млрд теңге сомасына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлеміне келісімшарт жасалды.

«Егін жинау кезеңінің басталғанын және әлеуметтік маңызы бар көпшілік азық-түлік тауарлары бағасының қолайлы болатынын ескере отырып, өңірлердің әкімдіктері тұрақтандыру қорларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізулері қажет», — деді министр.

Өңірлерде сондай-ақ азық-түлік қорларының жай-күйіне, жеткіліктілігіне және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығына мониторинг жүргізу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізілуде.  

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев хабарлағандай, 2020 жылдың 8 айында облыс бойынша инфляция деңгейі 4,3%, оның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша 7,3%, жылдық есептеуде инфляция 6,8% құрады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі – 103,2%. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа мерзімді және орта мерзімді шаралар пакеті орындауға қабылданды. Бағаға күнделікті мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері 1087 меморандум жасалды, ауыл шаруашылығы өнімдерінің 175 жәрмеңкесі өтті, облыстық тұрақтандыру қорының тауарлары өткізілуде.

2020 жылғы қаңтар-тамызда жергілікті азық-түлік тауарларының өндірісі 73 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы кезеңге қарағанда 9,4% өсті. Ет (111,4%), құс еті (128,3%), күнбағыс майы (31,7%), ірімшік (15%), ұн (124,8%) және басқа да тауарлар өндірісі айтарлықтай өсті.

«KOKSHE» ӘКК тұрақтандыру қорында 1705 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары (күріш, қарақұмық жармасы, қант, 1 сұрыпты ұн, ақ май және сұйық май) бар, оларды өткізу жүргізілуде.

Тұрақтандыру қорын ұлғайту мақсатында қосымша сатып алу, оның ішінде 2020 жылы жиналған картоп пен сәбіз сатып алу жоспарланды. Осы мақсаттарға ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 750 млн теңге бөлінді.

«Айналым схемасының» шеңберінде белгіленген төмендетілген баға бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу үшін 315,1 млн теңге сомасына несие беру мақұлданды. Қазіргі уақытта келісімшарттарды құру жүргізілуде.

Сонымен қатар, «KOKSHE» ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны төмендету үшін Көкшетау қаласында 3 сауда павильонының құрылысын бастады. 2 павильон ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылатын болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры 27,3 мың тоннаны құрайды.

«Облыстың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі тауарға байланысты орта есеппен – 40 күн. Тауарларды сату үзіліссіз жүзеге асырылады, облыста тауарлар тапшылығы мен дүрбелең жоқ», — деді Е. Маржықпаев.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов хабарлағандай, өңірде бағаны тұрақтандыру үшін үнемі мониторинг жасалады.

«Тұрақтандыру қорынан тауар интервенциясы жүргізіледі, онда 3 150 тонна өнім бар», — деді Қ. Ақсақалов.

Қорға 150 тонна қарақұмық, 4 вагон (207 972 литр) күнбағыс майы, 200 тонна сәбіз және 200 тонна қырыққабат сатып алынды. Бүгінде картоп (500 тонна), пияз (200 тонна), күріш (68 тонна), макарон (100 тонна), тұз (66 тонна), тауық етін (50 тонна) сатып алу жоспарланған. Барлық өнімдер жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынады.

«Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 15-і өндіріледі, оның ішінде өзімізді 11 түрімен 100% қамтамасыз етеміз. Осы өнімді сақтау үшін облыста сыйымдылығы 2 мың тонна заманауи көкөніс қоймасы салынды», — деді әкім.

Қ. Ақсақаловтың айтуынша, импорт алмастыру аясында қарақұмық алқабы 2,5 есеге (1,7 мың га-дан 4,2 мың га дейін), асбұршақ алқабы 30% (41 мың га-дан 54 мың га дейін) ұлғайды.  Көкөніс дақылдарын өсіру үшін «Рим-Каз-Агро» ЖШС 3,5 млрд теңгеге жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр.  

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу