Қазақстанда халықты сумен жабдықтау қызметтерімен қамту 92,6%-ға дейін жеткізілді — ҚР ИИДМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселелері қаралды. Қазақстандықтарды ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша ағымдағы жағдай туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады.

Министрдің мәліметінше, елімізде 2000 жылдардан бастап халықты ауыз сумен және су бұру қызметімен қамтамасыз ету бойынша мақсатты саясат жүргізіліп келеді.

20 жыл ішінде «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынды. Нәтижесінде халықты сумен жабдықтау деңгейі 92,6%-ға жетті.

«Биыл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға кірістік. Бағдарлама аясында 2025 жылға қарай халықты толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр», — деді Б. Атамқұлов.

Елбасы тапсырмасына сай ауылдарды сумен жабдықтау жүйесін дамытуға жыл сайын кемінде 100 млрд теңге қаражат бөлінуде. Биыл қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға республикалық бюджеттен 113,6 млрд теңге бөлінді, 303 жоба іске асырылуда.

2020 жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейін қалаларда 97,5%, ауылдарда 87,7% жеткізу жоспарланған.

Үш өңірде, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқы 100% орталықтандырылған сумен қамтылған.

Ауылдық жерлерде сумен жабдықтаудың ең көп қамтылуы Алматы (98,8%), Атырау (98,4%) және Қызылорда (97,2%) облыстарында байқалады.

Ведомство басшысының айтуынша, сумен қамтамасыз етудің әлеуметтік маңызы зор. Мемлекет басшысы таза ауыз суға қол жеткізу деңгейін барлық өңірде теңестіру қажеттігін бірнеше рет атап көрсетті.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылдарды сапалы және қажетті мөлшерде сумен жабдықтау қызметімен кезең-кезеңмен қамту жөнінде жоспар әзірленді. Сондықтан өңірлер халықты сумен қамтамасыз ету үшін осы жоспарды кейінге қалдырмай, тиімді шаралар қабылдауы керек.

Елбасының бастамасымен қазіргі таңда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске асырылуда. Ауылдарды сумен жабдықтау жүйесін дамыту аталған бағдарламамен үйлестірілген.

«Қазір республика бойынша барлығы 6341 ауыл бар. Оның ішінде 4078 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған, 279 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. 1146 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі салынып жатыр. Халық саны аз ауылдарда (200-ден аз адам тұратын 838 ауылда) өз елімізде өндірілген су тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады», — деп хабарлады Б. Атамқұлов.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында барлық қаржыландыру көзінен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға 934 млрд теңге көзделген.

«Ауылдардың сумен жабдықталуына мониторинг жүргізу мақсатында интерактивті карта әзірлеп, іске қостық. Онда көптеген параметр бойынша нақты жағдай көрсетілген. Орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыретті бөлу бойынша заң жобасы әзірленді. Жергілікті атқарушы органдарға берілген ауыз судың 1 текше метрі үшін төлем мөлшерін әзірлеу жөніндегі нормаларды, сондай-ақ Тізбені бекіту жөніндегі функцияларды беру жоспарланып отыр», — деп түсіндірді министр.

Заң жобасында көрсетілген шараларды іске асыру мынадай мүмкіндіктер береді:

  • салынған оқшау жүйелерді Тізбеге енгізуді жеделдетеді;
  • өңірлерге ауыз сумен жабдықтауға арналған субсидия бөлу мен алуды тездетеді;
  • облыс бойынша орташа тариф пен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, 1 текше метр ауыз су үшін халықтың төлемін реттейді.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес  еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу және жаңғырту жобаларын іске асыру үшін дайындық жүргізіп жатырмыз. Халықаралық қаржы ұйымдарымен (Азия Даму Банкі, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі) шамамен 330 млрд теңге мөлшерінде бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша келісімге келдік», — деді министр.

Бес қалада (Балқаш, Жаңатас, Жезқазған, Сәтпаев, Степногорск) кәріздік-тазарту қондырғыларын салу мен реконструкциялау бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Сараптама оң қорытындысын берді. Бұл жобаларды шамамен 40 млрд теңге мөлшерінде Азия Даму Банкі қарызы есебінен іске асыру жоспарланған.

«Алты қала (Ақтөбе, Аягөз, Қапшағай, Қарағанды, Пришахтинск, Риддер) бойынша техникалық-экономикалық негіздеме  әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Құны шамамен 90 млрд теңге болатын ол жобаларды Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің қаражаты есебінен іске асыру жоспарланған. Әлемдегі пандемияға байланысты жобаларды іске асыру 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына ауыстырылды», — деп түйіндеді министр.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу