ҚР БҒМ: Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 139 887 адам тұрады

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесі жөнінде ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов ерекше білім алу қажеттілігі бар адамдарды оқыту үшін жағдай жасау туралы айтып берді.

А. Аймағамбетов хабарлағандай, Қазақстанда қазіргі уақытта 139 887 адам ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлға қатарында. Олардың ішінде 37 970 – мектеп жасына дейінгі балалар, 95 497 – жалпы орта білім беру мекемелерінде білім алатын оқушылар, 2 900 – ТжКБ-де білім алатындар және 3 520 адам – жоғары оқу орындарында оқитындар.

Ерекше білім алу қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының ішінде министр:

  • балабақшаларға жеңілдікті кезекті;
  • тегін тамақтандыруды;
  • оқыту түрін таңдауды;
  • көзі нашар көретін және құлағы нашар еститін студенттерге 75% көлеміндегі жоғары шәкіртақының (29 328 тг) төленуін;
  • гранттар бөлу кезінде мүгедектер үшін кемінде 1% квота бөлуді;
  • жатақханалардан тегін орын беруді атап өтті.

Кедергісіз орта құруға келетін болсақ, 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдауға дайындалған білім беру мекемелерінің үлесін жоғары көрсеткіштерге дейін жеткізу жоспарлануда: мектепке дейінгі білім беру мекемелері – 70%, мектептер – 100%, колледждер – 100% және ЖОО-лар 100%-ға дейін.

Білім және ғылым министрі республиканың түрлі өңірлеріндегі мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеуге дайындық тұрғысынан жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын көрнекі түрде көрсетті. Мәселен, Алматы қаласында балабақшалар мен мектептер 100% дайын екенін көрсетіп отыр. Павлодар облысында (мектепке дейінгі білім беру – 67,2%, мектептер – 83,9%), Қостанай облысында (мектепке дейінгі білім беру – 59,4%, мектептер – 75,8%), Жамбыл облысында (мектепке дейінгі білім беру – 56,5%, мектептер – 81,9%),Нұр-Сұлтан қаласында (мектепке дейінгі білім беру – 42,2%, мектептер – 77,8%) және Шымкент қаласында (мектепке дейінгі білім беру – 62,2%, мектептер – 55,1%) жағдай жаман емес. Атырау облысында Мектепке дейінгі мекемелердің тек 3%-ында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасады.

Жалпы, еліміз бойынша арнайы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 13 360 бала, арнайы ұйымдарда – 25 505 оқушы, жалпы типтегі мектепке дейінгі ұйымдарда – 17 096 оқушы, жалпы білім беретін мектептерде – 51435 оқушы, үйде оқытумен 12 864 оқушы қамтылғанын айта кеткен жөн, 117 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылмаған.

Асхат Аймағамбетов сондай-ақ ерте скринингтің жеткіліксіздігі, балалардың ерекше қажеттіліктерін кеш анықтау проблемасы және ауылдарда ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды анықтаудың төмендігі, сондай-ақ ерте жастағы және мектепке дейінгі жастағы балаларға қазіргі заманғы түзету шараларының жүргізілмеуі ерекше білім алу қажеттілігі бар, оның ішінде мектеп жасына қарай мүгедектігі бар адамдар санының ұлғаюына алып келетінін атап өтті.

Ведомство басшысының айтуынша, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі арқылы инклюзивті білім беруді қолдау аясында орта білім беруде білім беру процесі шығыстарының нормасы жылына ерекше білім беру қажеттілігі бар 1 білім алушыға 2-ге көбейтіледі. Сондай-ақ арнайы (түзету) сыныптардың білім алушылары мен үйде білім алушылар үшін педагогикалық қосымша ақылар мен үстемеақылар коэффициенті 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2,752, 2021 жылға 3,136 құрайды.

Сондай-ақ 452 668 тг жалпы білім беретін сыныптың бір оқушысына орташа жан басына шаққандағы нормативіне және 731 701 тг түзету сыныбының бір оқушысына орташа жан басына шаққандағы нормативіне тең. 

Білім министрі әр түрлі қайырымдылық қорлары көрсететін қоғамдық бастамаларды атап өтті. Мәселен, Тұңғыш Президент – Елбасының «Қамқорлық» қорының арқасында 16 инклюзия кабинеті ашылды, 400-ден астам педагог-ассистент тиісті оқытудан өтті. «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен 45 түзету кабинеті мен 30 ресурстық орталық ашылды, 250 педагог оқудан өтті.

Сөз соңында Асхат Аймағамбетов ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жөніндегі жаңа бастамалар туралы айтып берді. Қазіргі уақытта «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы әзірленуде. Түзетулерге сәйкес басшылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға жағдай жасамағаны үшін жауапты болады деп болжануда; мемлекеттік тапсырысты арнайы психо-педагогикалық қолдауға орналастыру керек; ерекше қажеттіліктері бар балаларды түзеу арқылы қолдау жөніндегі функцияларды кеңейту; педагогтерге оқу бағдарламаларын балалардың жеке қажеттіліктеріне бейімдеу құқығы берілетін болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу