ҚР ЦДИАӨМ мақсаты — 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маманын дайындау

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Ол Ақтөбе қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО-да азаматтарды қабылдап, облыс халқымен және басшылығымен кездесіп, жергілікті технопарктің жұмысымен танысты. 

Министр кездесу барысында аймақтағы байланыс деңгейі мен жағдайды одан әрі жақсарту туралы сөз қозғап, ведомство қызметінің басты бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Ақтөбе облысы — әлеуеті зор, еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. ҚР ЦДИАӨМ мәліметінше, Ақтөбе облысындағы 322 елді мекеннің 226-сында мобильді байланыс бар, қалған 96 ауыл 2024 жылдың соңына дейін байланыспен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, «Востоктелеком» ЖШС 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін халқы 250-ден аз 21 елді мекенді байланыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, ал 75 елді мекенді геостационарлық емес спутниктік жүйелер есебінен байланыспен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар OneWeb, Starlink және SES компанияларымен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Оның айтуынша, 250 ден астам тұрғыны бар ауылдық елді мекендерді 250+ бағдарламасы аясында жылдам кең жолақты байланыспен қамтамасыз ету үшін операторлар ынталандырылады, мұндай операторларға 90%-ға дейін салық жеңілдіктері беріледі. Сондай-ақ қала маңындағы мекендердегі байланыс қызметіне және интернетке қол жеткізу сапасына мониторинг жүргізу мақсатында көшпелі іс-шаралар жоспары әзірленді.

Цифрландырудың нәтижелері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында (2021 жылғы Жалпы ұлттық жоспар, Мемлекеттік қызметтер 100% смартфон арқылы қолжетімді болуы тиіс) мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін халыққа Egov арқылы онлайн немесе Mgov мобильдік қосымшасында қолжетімді форматта ұсыну мүмкіндігі ұйымдастырылды. Бұл қызметтер автоматтандырылып қана қоймай, адам қажеттілігіне негізделіп, халыққа ыңғайлы форматта ұсынылатын болды.

Айта кетейік, адамға бағытталған сервистерді енгізу барысында ең танымал 18 құжат цифрлық форматқа көшірілді. Бұл – жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, ПТР-нәтижесі, туу және неке туралы куәлік және т. б. Оларды танымал қосымшалардың көмегімен пайдалануға мүмкіндік жасалды. Соның нәтижесінде халық осы қызметті Kaspi және Halyk сияқты қосымшалар арқылы 8 есе жиі пайдалануда (2021 жылы 32 млн рет). 

«Құжаттардың түпнұсқаларын өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Бұл өте қолайлы! Алдағы уақытта біз көптеген мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде ұсынуды көздеп отырмыз, яғни мемлекеттік қызметтерді алу үшін ХҚКО-ға жүгінудің қажеті болмайды. Қазірдің өзінде 23 мемлекеттік қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мәселен, бала тууға байланысты көрсетілетін мемқызметтерді алсақ, жаңа босанған ана СМС-хабарлама арқылы растаса болды, баланың туу туралы куәлігі автоматты түрде ресімделеді. Болашақта мұндай проактивті қызметтер қатары арта түседі», — деді Бағдат Мусин. 

Қазіргі уақытта комиссиясыз QR арқылы төлеу мүмкіндігі барлық ХҚКО операторында қолжетімді. Бұл қаражатты үнемдеуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар 2021 жылы күзде жол қозғалысы ережелеріне емтихан тапсыру кезінде тестіленуші кандидатты алмастырмауы үшін алғаш рет биометрия технологиясы енгізілді. Соның нәтижесінде жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру коэффициенті төмендетілді. Мысалы, 2020 жылдың 1 тоқсанында теориялық емтихан тапсыруға 650 мың үміткердің шамамен 300 мыңы тест тапсырды (әрбір екінші кандидат емтиханды сәтті тапсырған). Ал, 2022 жылдың 1 тоқсанында бір миллион үміткердің шамамен 200 мыңы, яғни әрбір бесінші кандидат емтихан тапсыра алған.

Бағдат Мусин адами фактордың кері ықпалын азайту мақсатында жеке куәлікті алу және оны қайта шығаруға арналған «құжаттандыру терминалы» сияқты жобаларды іске асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Қазіргі уақытта бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласының бірқатар ХҚКО-да пилоттық түрде орнатылуда. Бұл шешім, халыққа миграция қызметкеріне жүгінусіз, 5-10 минутта жеке куәландыру құжатына тапсырыс беруге мүмкіндік береді. 

Бұдан басқа, көрсетілетін қызметтерді алумен қатар, азаматтардың шағымдары мен өтініштерін өңдеу «Е-Өтініш» бірыңғай платформасын енгізу арқылы толығымен цифрлық форматқа көшірілді. Енді жауапқа шағымдану және сотқа шағым жолдау бір ғана батырманы басу арқылы қолжетімді. Бұл Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Бүгінгі таңда eGov сервистері мен eGov Mobile мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары мен түрлі компаниялардың сервистері арқылы мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуға болады.

Ғарыштық мониторинг мәселелері туралы 

Ақтөбе өңірінің тұрғындарымен кездесу барысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ғарыштық мониторинг мәселесіне тоқталып, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін облыс аумағына тәулік бойы түсірілім жасалатынын айтты. Осындай үздіксіз бақылаудың арқасында өрт пен тасқынның географиялық ошақтарын анықтап, жедел түрде арнайы қызметтерді хабардар ету мүмкіндігі бар. Мысалы, биыл сәуір айында Ақтөбе облысының аумағында 17 өрт ошағы анықталып, дер кезінде өшірілді. Сондай-ақ тасқын су қаупі бар аумақтарға да үнемі бақылау жасалады. Өңірлердің цифрлық карталары әзірленуде. Ақтөбе облысы бойынша 2021 жылы Мұғалжар, Хромтау, Ырғыз және Байғанин аудандарының аумақтары цифрландырылды. 

Сонымен қатар жайылымдық жерлердің жай-күйіне спутниктік бағалау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша жайылымдық өсімдіктердің орташа өнімділігі 1 гектарына 6,9 ц-ден (жазғы кезеңде 3,9) 2,7 ц-ге дейін төмендеген. 

Ғарыштық түсірілімдердің нәтижелерін салыстыра отырып, облыс бойынша Мемлекеттік дерекқорларда тіркелмеген, яғни өз бетінше басып алынған 7,1 млн га жер анықталды. Бұл деректер құзыретті органдарға жолданды.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының мемлекеттік орман қоры аумағында салынған 29 полигон цифрландырылды. Цифрланған орман алқаптарының жалпы ауданы 194,7 мың га құрады.

ІТ-мамандарын даярлау бойынша

Ведомство басшысы ақтөбелік технопаркте ақпараттық қауіпсіздік бойынша жобалармен, робототехникамен және жергілікті ІТ-мамандар ұсынған басқа да инновациялармен танысты.

ІТ-қауымдастық өкілдерімен және студенттермен кездесу кезінде Бағдат Мусин ІТ-кадрлар тапшы екенін, министрлік осы мәселемен айналысып жатқандығын тілге тиек етті.

«Біздің мақсатымыз – 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындау. Алғашқы кезеңде жеке және мемлекеттік мектептерде оқу үшін қазақстандықтарға ІТ-ваучерлер беріледі. Біздің сала басқа экономикалық салаларға қолдау көрсетіп қана қоймай, экономикамызға өз бетінше пайда әкелетінін дәлелдеуі тиіс», — деді цифрлық даму,  инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Бүгінде Ақтөбедегі 6 ЖОО-ның үшеуінде 150 ІТ-маманы даярлануда. Бағдарламалау мектептеріне гранттар (ваучерлер) беріліп, 13 IT-мектепке 100 грант бөлінді. Биыл Астана Хаб мемлекеттік тапсырыс тетігі арқылы бағдарламалау мектептеріне 3000 грант беру жоспарланып отыр. Грант құны — 600 мың теңге.

Сондай-ақ орта мектептерде білікті IT-оқытушылардың жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін Министрлік ҚР БҒМ-мен бірлесіп «Виртуалды мұғалім» жобасын енгізуде. 2021 жылы өңірлік жоғары оқу орындарының 14 IT-факультеті ІТ-компанияларға қамқорлыққа берілді, өңірлерде 6 инновациялық бағдарламалау мектебі ашылды. Биыл 5 жаңа инновациялық бағдарламалау мектебін ашу жоспарланып отыр. 

Ақтөбе — «ақылды қалалардың» бірі

Ақтөбе қаласы «ақылды қалалар» рейтингісінде 8-орында. Бүгінгі таңда онда халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған Smart City компоненттері іске асырылуда. Бұл компоненттер негізінен азаматтардың жайлылығына тікелей әсер ететін салаларда енгізілген: білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және көлік. 

Білім беру саласы: Ақтөбе қаласында халықтың 98,5%-ы цифрлық білім беру ресурстарымен қамтылған онлайн-сабақтар өткізіледі, онлайн-кітапханалар бар, үй тапсырмасын тексеру электрондық түрде жүргізіледі.

Денсаулық сақтау саласы: халықтың 100%-ында пациенттің медициналық деректерін, анамнезін, аурулар тарихын сақтауға мүмкіндік беретін электрондық денсаулық паспорты бар. 

Қауіпсіздік саласы: қоғамдық құқық тәртібін мониторингтеу және бақылау үшін бейнебақылау камералары орнатылады. 

Көлік саласы: қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында қоғамдық көлікте электрондық төлем жүйесі енгізілді.

Қаланы басқару саласы: Ақтөбе қаласында 109 бірыңғай байланыс орталығы жобасы табысты жұмыс істеп тұр. 2021 жылы 45 мыңға жуық өтініш келіп түссе, оның 97%-ы өңделді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Ақтөбе қаласын Smart city бағытында дамыту маңызды екенін атап өтті. Қаланың цифрлық трансформация арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға толықтай мүмкіндігі бар. 

Жұмыс сапарының соңында ведомство басшысы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесіп, өңірдегі мәселелер бойынша ой бөлісіп, цифрлық трансформация бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысын талқылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу