ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды таныстырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған министр Алексей Цойды Денсаулық сақтау министрлігінің ұжымына таныстырды.

А. Мамин коронавирус пандемиясымен күрес жағдайында халық денсаулығын сақтау бойынша денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған міндеттерді шешудің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Е. Біртановты денсаулық жағдайына байланысты берген өтінішіне сәйкес қызметінен босатты. Е. Біртанов отставкаға кету туралы берген өтінішінде өзінің ауыруына байланысты және қосымша емдеуді қажет етуіне орай денсаулық сақтау саласына толыққанды басшылық жасау, әсіресе, эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы жағдайында қиын болып отырғанын атап өтті. Ол денсаулық сақтау министрі қызметінде күнделікті жүйелі жұмыс істеп, министрліктің барлық құрылымдарына тұрақты түрде қатаң бақылау және шұғыл басқару жұмыстары талап етілетінін атап өтті.

Алексей Владимирович Цой 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған. Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және т. б. елдерде тағылымдамадан өткен. Іскерлік әкімшілендіру докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.

Хирург-эндоскопист болып жұмыс істеген, Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медицина орталығының ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, «Еуроазиаттық респираторлық қоғам» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының басшысы, Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған. 

2019 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығын басқарды, 22 маусымда денсаулық сақтау бірінші вице-министрі болып тағайындалды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу