ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірлесіп инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешенін әзірледі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инфляцияның, азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу шаралары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен жылдан бастап инфляцияның өсуі негізгі макроэкономикалық үрдістердің бірі болып табылатынын хабарлады.

Әлемдегі азық-түлік бағасының өсуі негізгі фактор болып табылады. Бұл жаһандық пандемиядан кейін логистикалық тізбектердің қалпына келуінің әлі де жалғасып жатқанының салдары. Соның нәтижесінде, 2021 жылы әлемнің негізгі экономикаларында инфляцияның рекордтық көрсеткіштері байқалды.

Министрдің айтуынша, Қазақстандада 2021 жылы инфляциялық жағдайдың нашарлауы байқалды. Инфляцияның жеделдеуіне азық-түлік тауарлары, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары негізгі үлес қосты.

Бағаның өсуін тежеу мақсатында өткен жылдың қыркүйегінде 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені қабылданды.

Ол 2 бағыт бойынша асырылатын іс-шаралардан тұрады – жедел және орта мерзімді шаралар.

«Бұл шаралар бағаның өсуін тежеуді, сондай-ақ бекітілген нысаналы дәлізде инфляция қарқынын ұстап тұруға бағытталған жүйелі шараларды көздейді», — деді ұлттық экономика министрі.

Шаралар кешенін іске асыру қорытындылары бойынша экономикаға инфляциялық қысымды төмендетуге қол жеткізілді, соның нәтижесінде 2021 жылғы желтоқсанда инфляция 0,5 п. т. баяулады. Ал басқа елдерде инфляция қарқыны өсу үрдісін жалғастырды.

2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет келесі шараларды қабылдады:

  • коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі тоқтатылды;
  • Қазақстан Республикасының аумағынан кейбір тауарларды әкетуге тыйым салынды;
  • жанар-жағармай материалдарына шекті бағалар белгіленді және бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын әрі қарай орындау шеңберінде тауарлардың нақты қолжетімлілігін жақсарту, бағалық реттеу, мемлекеттік бақылау шараларын енгізу бойынша бірқатар шараларды, сондай-ақ инфляцияны төмендету бойынша жүйелі шараларды жүзеге асыру ұсынылады.

Бірінші бағыт шеңберіндегі шаралар көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайтуды, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тетігін жетілдіруді, бірқатар салаларда импорт алмастыратын жобаларды іске асыруды және басқа да іс-шараларды қамтиды.

Екінші бағыт шеңберіндегі шаралар көмір бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларды қолдануды, коммуналдық қызметтер бағасын көтеруге мораторийді, шекті бағалардың болжамды дәлізін айқындауды қамтиды.

Үшінші бағыт шеңберіндегі шаралар белгілі бір нарықтардағы бағалар мониторингінің нәтижелері бойынша монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдауды, мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы делдалдық буынды қысқартуды және биржалық сауданы дамытуды қамтиды.

«Жүйелі шаралар шеңберінде тұтыну қоржынына кіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін және басқа да азық-түлік тауарларын тұтынудың/өндірудің болжамды теңгерімін құру, мониторинг нәтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қабылдау жоспарлануда», — деді Ә. Қуантыров.

Қабылданған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде тауарлар дефицитін болдырмай, инфляцияны және оның компоненттерін мақсатты дәрежеде ұстап қалу күтілуде.

Мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізудің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында оларды алушылардың қарсы міндеттемелерін белгілей отырып, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесі қайта қаралатын болады. Қабылданып жатқан шаралар бағаны біртіндеп тұрақтандыруға және бизнес ахуалды, оның ішінде инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін болады.

 

Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірледі

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен ішкі нарықты молықтыру үшін мынадай бірқатар жедел және жүйелі шаралар қабылдауда.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мен бағаны тұрақтандыру мақсатында Министрлік тауарлар экспортын тарифтік емес реттеу шараларын қабылдауда, олар:

  • 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге күнбағыс дәндері мен күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер;
  • 3 ай мерзімге картоп пен сәбіз экспортына тыйым салу;
  • Ірі қара мал мен ұсақ малды 6 ай мерзімге шығаруға тыйым салу;
  • Жем-шөп шығаруға тыйым салынады.

Маусымаралық кезеңде импорттық жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі пысықталып жатыр.

Ішкі нарықта азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, бірінші кезекте, көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу қажет.

«Облыстардың деректері бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн га алаңға орналастыру жоспарлануда, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың га артық. Өткен жылғы құрғақшылық, сондай-ақ қосалқы бөлшектер, жанар-жағар май, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағасының күрт өсуі алдағы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы дайындау және сапалы жүргізу үшін елеулі қиындықтар туғызады», — деді Е. Қарашөкеев. 

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, оның ішінде ерте пісетін көкөністер мен ӘМАТ өндіру үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен фермерлерге жеңілдікті кредит беруді 140 млрд теңгеге дейін ұлғайту мәселесі пысықталуда.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар әзірленді, бұл, ең алдымен, оның тетіктерін оңайлатуға және бағыттарды оңтайландыруға, түпкілікті нәтижеге бағдарлануға бағытталатын болады. Сондай-ақ субсидия алушылар нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдайтын норма енгізіледі.

«Қазіргі уақытта ұсыныстарды АӨК-ті мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру бойынша құрылған жұмыс тобы қарап жатыр, оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары кірді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының үш отырысы өтті», — дейді ауыл шаруашылығы министрі.

Жұмыс топтарын өткізу қорытындысы бойынша 2022 жылғы наурызда субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер пакетін Үкіметтің қарауына енгізу жоспарлануда.

Бұдан басқа, Министрлік субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірледі. 

«Субсидия алушылар үшін ақпараттық жүйенің қызметтері тегін болады. Қазіргі уақытта біз оның тестілеуін Ақмола облысында пилоттық режимде іске қосамыз», — деді ведомство басшысы.

Импортты алмастыру жөніндегі шараларға келетін болсақ, ішкі нарықтағы азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілу 80 және одан да көп пайызды құрайды.

Азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейін сақтаудың және арттырудың маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде азық-түлік тауарлары өндірісінің көлемін кемінде 80% (құс еті – 100%, шұжық өнімдері – 100%, ірімшік және сүзбе – 100%, алма – 100%, балық – 100% және қант – 80%) арттыру үшін инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр.

 

Шекті тарифтердің деңгейін сақтау үшін отын бағасының сақталуын және оны тасымалдауды қамтамасыз ету қажет — Энергетика министрлігі

Қазіргі уақытта Министрлік жанар-жағармай материалдары саласын тұрақтандыруға бағытталған мынадай шараларды әзірледі, оның ішінде:

- бензин мен дизель отынына бағаларды мемлекеттік реттеуді белгілеу, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу бойынша тиісті бұйрықтар қабылданды.

Мұнай өнімдерінің бағасы:

1) АИ-80 маркалы бензин – литріне 89 теңге;

2) АИ-92 маркалы бензин – литріне 182 теңге; 

3) АИ-93 маркалы бензин – литріне 182 теңге;

4) АИ-95 маркалы бензин – литріне 215 теңге;

5) дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – литріне 230-260 теңге.

Министрлік Еуразиялық Экономикалық Одаққа қатысушы көрші елдермен салыстырғанда бағалардың бірдей болмауына байланысты жанар-жағармай материалдары ағыдарына бақылау жүргізу бойынша қосымша шаралар ретінде мыналарды ұсынады:

- өздігінен орнатылған бактары бар көліктің кіруіне тыйым салу;

- транзиттік көлікпен тәулігіне 1 реттен артық өтуді шектеу;

- кейбір мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге экспорттық кеден бажын төлемей темір жол көлігімен тиеп-жөнелтуге тыйым салу;

- уәкілетті органдар тарапынан шекараларда мұнай өнімдерін автокөлікпен әкетуге тыйым салуды бақылауды күшейту;

- автожанармай құю станцияларында импорттық отынға сараланған баға белгілеу мүмкіндігі;

- көктемгі дала жұмыстары үшін дизель отынын жеткізу рәсімдерін нақты регламенттеу;

- бензин мен дизель отынын қоспағанда, мұнай өнімдері мен жартылай фабрикаттарға экспорттық кедендік бажды мұнайдың экспорттық кедендік бажының деңгейінен төмен емес ұлғайту мүмкіндігін қарастыру.

Сұйытылған газ нарығындағы жағдайды толық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында мынадай жедел шаралар қабылданды:

Энергетика министрлігі 2 бұйрық бекітті:

1) 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін Сауда-саттық қағидаларын тоқтата тұру бойынша бұйрық, оған сәйкес Энергетика министрлігі сұйытылған газды электрондық сауда-саттықтан тыс өткізетін болады;

2) Сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасын төмендету жөніндегі бұйрық. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі белгілеген сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге арналған шекті бағаларға сәйкес келтіру мақсатында жүзеге асырылады.

Сонымен қатар бүгінгі күні электрондық сауда алаңдарынан тыс ішкі нарыққа сұйытылған газды жеткізу жоспарын қалыптастыру қағидаларына түзетулер енгізу бойынша бұйрық әзірленді.

Энергетика министрінің айтуынша, бұл түзетулер республика аумағында көтерме және бөлшек саудада өткізу құқығы бар субъектілердің тізбесін кеңейту арқылы елдің ішкі нарығын сұйытылған газбен қамтамасыз етуге бағытталған.

Қысқа мерзімді шаралар ретінде биылғы қаңтар айының соңына дейін Үкіметке сұйытылған мұнай газы бағасының күрт өсуін шектейтін ашықтық қағидаттары мен тетіктерді енгізуді ескере отырып, электрондық сауда алаңы/тауар биржалары арқылы сұйытылған газ сауда-саттығын одан әрі жетілдіру жөнінде кешенді шаралар енгізілетін болады. 

Үкіметпен келісілгеннен кейін бұл шаралар нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу түрінде ресімделетін болады.

«Мемлекет басшысының коммуналдық көрсетілетін қызметтер бағасының өсуіне мораторий енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтер деңгейінің сақталуын қамтамасыз ету қажет. Өз кезегінде, станция шығындарының 50 пайыздан астамы отынды – газды, көмірді сатып алуға және оларды тасымалдау қызметтеріне, оның ішінде теміржол арқылы тасымалдау қызметтеріне жұмсалады. Шекті тарифтердің деңгейлерін сақтау үшін отын және оларды тасымалдау бағаларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бұл шаралар келесі күзгі-қысқы кезең үшін жөндеу науқандарының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Б. Ақшолақов.

 

Көмір өндіруші кәсіпорындармен энергетикалық сектор үшін бағаны ұстап тұру бойынша жұмыстар жүргізілуде — Қ. Өскенбаев

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені шеңберінде Министрлік энергия өндіруші ұйымдарды қолжетімді бағамен көмірмен қамтамасыз ету және жаңа импортты алмастыратын жобаларды іске асыру бойынша шараларды көздейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде шамамен 110 млн тонна көмір өндірілді. Оның ішінде жыл сайын 60 млн тоннасы энергия өндіруші ұйымдарға, 6 млн тоннаға жуығы өнеркәсіптік кәсіпорындарға және 10 млн тоннадан астамы коммуналдық тұрмыстық қажеттіліктерге жөнелтіледі.

«Қазір барлық өңірлер коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге көмірмен қамтамасыз етілген. Өңірлердің барлық көмір тұйықтарында көмір бар. Бағасы тұрақты», — деді Қ. Өскенбаев.

Энергетикалық секторға көмірді жөнелтуді негізінен бес ірі көмір компаниясы жүзеге асырады, олар келесі көлемдермен жүзеге асырылады:

1) «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестінің тиеу көлемі 34,5 млн тоннаны құрайды, тиеудің жалпы көлемінің үлесі – 58%;

2) «Восточный» разрезінің тиеп-жөнелту көлемі 13 млн тонна, үлесі – 22%;

3) «Қазақмыс Коал» жауапкершілігі шектеулі серіктестінің тиеу көлемі 7 млн тонна, тиеудің жалпы көлемінің үлесі – 12%;

4) «Қаражыра» акционерлік қоғамының тиеп-жөнелту көлемі 5% үлесімен 3,3 млн тонна және «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының тиеп-жөнелту көлемі 2 млн тонна.

Өндірілетін электр энергиясының өзіндік құнындағы көмір шығындарының үлесі 18% құрайды. Көмір өндіруші кәсіпорындармен энергетикалық сектор үшін бағаны ұстап тұру бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Теміржол тасымалының бағасын ұстап тұру бойынша да осындай жұмыстар жүргізілетін болады.

Бұдан басқа, кешенді жоспар шеңберінде жеңіл және жиһаз өнеркәсібі кәсіпорындарының тоқтап тұрған және жұмыс істеп тұрған қуаттарын жүктеу бойынша талдау көзделген.

Құрылыс саласы бойынша негізгі импортталатын тауарлар тізбесі талданып, 2025 жылға дейін іске асырылатын жаңа жобалар пулы қалыптастырылды.

Осыған орай, жалпы инвестиция көлемі 986 млрд теңге болатын 146 жаңа жоба анықталды. Оның ішінде 35 жоба керамикалық және қасбеттік плиталар, жылу оқшаулағыш материалдар, ламинатталған ағаш жаңқылы тақта, санфаянс және ішкі есіктер сияқты тауарлар импортын алмастыруға бағытталған.

«Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру құрылыс материалдарының 10 түрі бойынша импортқа тәуелділікті $700 млн қысқартады, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген тауарлар бойынша Қазақстанның қажеттіліктерін толық жабады», — деді ҚР ИИДМ.

Өңдеу өнеркәсібінің басқа салалары бойынша да осындай жұмыстар жүргізілетін болады.


ҚР БҚДА күн сайын сұйытылған мұнай газының босату бағаларына мониторинг жүргізеді — С. Жұманғарин

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Агенттіктің инфляцияның өсуіне жол бермеу жөніндегі жедел және жүйелі шаралары туралы баяндады.

Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу мақсатында Агенттік мынадай жедел шаралар қабылдауда:

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтарында:

- бағаны ұстап тұру және 10%-ға дейін сауда үстемесін белгілеу бөлігінде өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен монополияға қарсы комплаенстің 189 актісі жасалды;

- биылғы 5 қаңтардан бастап күн сайын өңірлер бөлінісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық позициялары бойынша бағаларға мониторинг жүргізіледі.

Бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттер және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерімен:

  • тауық жұмыртқасын өндірушілерге қатысты 6 тергеу;
  • қант бойынша 1 тергеу; 
  • тауық еті бойынша 1 тергеу, жалпы 8 тергеу жүргізілуде.

«Тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылды. Бүгінгі таңда Агенттіктің сенім телефонына 2000-нан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде қоңыраулардың 50%-ға жуығы Алматы қаласының тұрғындарынан, 30%-ы елордамыздан, 20%-ы басқа өңірлерден келіп түсті. Бұл ретте, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның асып кету фактілері бойынша – 70% көрсетті», — деді С. Жұманғарин.

Көп жағдайда тауарлардың бағасын бөлшек сауда субъектілері көтереді, атап айтқанда «үйдің жанындағы дүкендер». Осы дүкендер көбіне 15%-дық сауда үстемесін сақтамайды. Соның нәтижесінде, монополияға қарсы орган, келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті шеңберінде шаралар қабылдайды. Үйдің жанындағы бөлшек сауда дүкендеріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Басқа шағымдар құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданады. Осыған байланысты, «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар тарапынан саудаға бақылау-қадағалау функцияларын күшейту қажет.

Мұнай, жанар-жағармай және сұйытылған газ нарықтарына тоқталсақ, дизель отыны нарығында бөлшек сауда субъектілеріне қатысты 12 тергеу жүргізілуде.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» тапсырмасына сәйкес 180 күнге уақытша негізде шекті бағалар белгіленді:

- Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге;

- Агенттік сұйытылған мұнай газына (автогазға) әкімшілік бірліктердің қашықтығын ескере отырып: батыста – 50 тг, оңтүстікте – 60 тг, солтүстік-шығыста – 60-70 тг бағасын орнатты. 

ҚР БҚДА күн сайын сұйытылған мұнай газын өткізу бағаларына мониторинг жүргізеді, уақытша шекті бағадан асып кету фактілері анықталған жағдайда бағаны төмендету қажеттігі туралы нұсқама жібереді, орындалмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушық кодексінің 162-бабына сәйкес әкімшілік жаза қолданылады.

«Өз кезегінде, баға ауытқулары мен экономикадағы қолайсыз үрдістер жағдайында Агенттік уақытша шара ретінде жекелеген тауар нарықтарында мемлекеттік баға реттеуді белгілеуге құқылы және дайын. Сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп газ өндірушілермен ескі және жаңа көтерме баға арасындағы айырмашылықты бөлшек газ сатушыларға өтеу туралы келісімге қол жеткізілді. Бас прокуратурамен бірлесіп 6 көтерме сұйытылған газ сатушысына және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу нарығының 180 субъектісіне қатысты тергеп-тексерулер тағайындалды», — деді ҚР БҚДА төрағасы.

Бағаның өсуінің негізгі себебі электрондық сауда алаңындағы баға белгілеу механизмінің жетілмегендігі екенін тергеп-тексерудің алдын-ала нәтижелері көрсетті. Осыған байланысты, өткен жылы «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңнамаға өзгерістер енгізілді және Мемлекет басшысы 2021 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметі, биржалық сауданы дамыту және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды және осы жылдың өзінде сұйытылған мұнай газын өткізу тауар биржаларына ауысады және тұрақты бақылауда болады.

Хабарламаны орындамау фактісі бойынша «ЕТС тауар биржасы» АҚ сауда алаңын ұйымдастырушысына қатысты тергеу жүргізілуде.

Бас прокуратура Агенттік қызметкерлерімен бірлесе отырып, нарықтың 102 субъектісіне қатысты, оның ішінде сауда-саттықты ұйымдастырушыларға қатысты тексерісті бастады. Қосымша, «жедел желі» бойынша алынған шағымдар шеңберінде Агенттік «Яндекс» такси агрегаторына қатысты экономикалық қызметті үйлестіру белгілері бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын тағайындады.

Инфляцияға қарсы жұмысты одан әрі жүзеге асыру мақсатында Агенттік монополияға қарсы шараларды, атап айтқанда талдаулар жүргізу, монополияға қарсы комплаенс қорытындысы, хабарламалар, нұсқамалар шығару және тергеулер тағайындауды жалғастыратын болады. 2022 жылға Агенттік 26 тауар нарығында, оның ішінде негізгі тұтыну нарықтарында талдау жүргізуді белгіледі, атап айтсақ:

- көмір, электр энергиясы, мұнай өнімдері, тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткізу, коммуналдық қызметтерді есепке алу аспаптарын орнату, короновирустық инфекция диагностикасын ПТР жүргізу жөніндегі қызметтер, дәрілік заттар, жолаушыларды әуе көлігімен тұрақты ішкі тасымалдау, байланыс және басқалары; 

- қызметінің ауыстырылатын тауар нарықтарына әсерін, экономикалық тиімділігін бағалау мақсатындағы монополиялық топтар;

- жеке және мемлекеттік операторларды қысқарту.

Кешенді жұмыс қорытындылары бойынша қабылданған шаралар осы нарықтардағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Жалпы, инфляция деңгейінің құбылмалылығына әсер ететін баға өсуінің негізгі факторларымен күресу үшін Агенттік «2022-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешені» жобасына бірқатар жүйелі шаралар ұсынды, оның шеңберінде тиісті жұмыстар жалғасатын болады.

 

ҚР СИМ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды енгізу әдістемесін бекітті — Б. Сұлтанов

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Мемлекет басшысының инфляция деңгейін тежеу және мемлекеттік реттеу шараларын күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар бірқатар шараларды әзірледі. Ведомствоаралық іс-қимыл Үкімет деңгейінде үйлестірілетін болады.

ҚР СИМ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру шаралары туралы баяндады. Біріншіден, бұл азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің нақты және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары. Осы бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен толықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.

«Қазіргі уақытта негізгі азық-түлік түрлерінің бес айлық қоры қамтамасыз етілген деуге болады. Бұл нарықтағы тапшылықты болдырмауға кепілдік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, өндіріс-тұтыну балансын айқындайды және қажет болған жағдайда экспорттық шектеулерді енгізеді», — деді Б. Сұлтанов.

Екіншіден, сауда үстемелері мен сыйақыларға мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ шекті бағаларды уақытылы енгізу арқылы бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған шаралар.

Үшіншіден, бағаның жоғары өсу тәуекелі туындаған жағдайда, монополияға қарсы органның құзыреті шегінде, нақты тауар нарықтарында мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу.

Бүгінгі таңда Сауда және интеграция министрлігі Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндер мен шекті рұқсат етілген бағаларды енгізу әдістемесін бекітті. Жаңа әдістеме инфляцияның белгіленген дәлізінде сөрелердегі баға өсімін шектеуге мүмкіндік береді. Биылғы жылдың 1 тоқсанына шекті мәндер бекітілген.

«Әкімдіктер тарапынан сауда үстемесінің сақталуына және сауда желілерінің сыйақы алмауына күшейтілген мониторинг пен бақылау жүргізілетін болады. Осы жұмысқа жұртшылық қатысатын болады. Үстеме бағаны көтеретін сауда желілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады», — деді ҚР СИМ басшысы.

Сондай-ақ Бақыт Сұлтанов мынаны атап өтті.

1. Мұнай өнімдері мен сұйытылған газдың бағаларын бекіту бойынша қабылданған шаралармен қатар, Энергетика министрлігі жанар-жағармай материалдары, электр энергиясы және оларды тасымалдау бағаларын ұстап тұру бойынша қосымша шаралар әзірледі.

2. Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көмір бағасының өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдауда.

3. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бизнес субъектілерінің монополиялық жағдайды теріс пайдалануы немесе сөз байласу белгілері болған жағдайда монополияға қарсы ден қою шараларын дереу қабылдайтын болады.

Жалпы алғанда, мемлекеттік органдардың жұмысы Жедел іс-қимылдар жоспарында көзделген барлық шараларды сапалы орындай отырып, жоғары инфляция проблемаларын шешуге бағытталатын болады. Апта сайын барлық ұсынылған шаралардың орындалу барысы қарастырылатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу