ҚР Үкіметінде мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау мәселесі талқыланды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен онлайн-режимде мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласын жақсарту мәселесі бойынша Үйлестіру кеңесі өтті.

Кеңеске ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.

«Бүгінгі күні Үйлестіру кеңесінің мүшелерінің 80% жаңартылған жаңа құрамында жиналды. Алғаш рет Үйлестіру кеңесінің 10 мүшесі немесе 25%-ы интернет-дауыс беру арқылы сайланды. Дауыс беруге 22 мыңнан астам адам қатысты. Бұл тиісті мәселеге қоғамның зор қызығушылығы барын тағы бір мәрте дәлелдеді», - деді Үйлестіру кеңесінің отырысының жұмысын ашқан Ералы Тоғжанов.

Вице-премьер Үкімет тарапынан биыл мүгедек жандарды әлеуметтік қорғауға 435 млрд теңге бөлінгенін, келесі жылы қаржыландыру 457 млрд теңгеге дейін артатынын атап өтті.

Орталық мемлекеттік органдардың басшылары «Мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқығын қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспардың» іске асырылу барысы туралы баяндады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, мүгедектер үшін кәсіпті таңдаудың шектеулі болуына байланысты, Қазақстанда алғаш рет БҰҰ ДБ-мен бірлесіп мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған Кәсіптер атласын әзірлеу бойынша жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс берушілерге, жұмыспен қамту орталықтарына және HR саласындағы жеке агенттіктерге шектеу түріне байланысты адамдарға қолайлы бос жұмыс орындарын ұсынуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ отырыста еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырды.

Заң жобасы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, мүгедек адамдарды қолдау шараларын күшейту мақсатында әзірленді.

Отырыс соңында Ералы Тоғжанов орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Ұлттық жоспардың уақтылы және сапалы орындалуын, сондай-ақ заң жобасын әзірлеуде қоғам пікірінің де ескерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу