Құрылыс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібіндегі өсім — Р. Дәленов 2020 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы баяндады

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдің 2020 жылғы қаңтар-тамыздағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы баяндады.

Тамыздың екінші жартысында қызметтер секторының бірқатар салалары жұмысты қайта бастады. Экономиканың нақты секторында өсім сақталуда. Олар құрылыс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салалары. Дайын өнім тауарлары экспортының ұлғаюы байқалады. Жылдық инфляция 7%-ға дейін бәсеңдеді.

Тауарлар өндірісі 1,7%-ға өсті. Сонымен бірге көрсетілетін қызметтер 6,1%-ға қысқарды. Соның нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 3%-ға төмендеді.

Өндіріс секторы салаларында, оның ішінде құрылыста 6,5%, ауыл шаруашылығында 4,9% және өңдеу өнеркәсібінде 3,3% өсім көрсетті.

Сонымен бірге көрсетілетін қызметтер секторы салаларында, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар 4,3%, әкімшілік қызметтерді көрсету 5,1% сауда 10,5% және көлік қызметтері 16,1% төмендеу көрсетті. Бұл ретте, байланыс қызметтері 8,3%-ға артты.

«Нақты сектор бәсекеге қабілеттіліктің жақсы нәтижелерін көрсетуде. Мәселен, есепті кезеңде автомобиль жасау 51,8%-ға, фармацевтика 34,1%, дайын металл бұйымдары 18,8%, қағаз өнімдері 15,3% және жеңіл өнеркәсіп 11% өсті», — деді Р. Дәленов.

Дайын өнімдердің экспорты ұлғаюда. Жеті айда автомобильдер экспорты 7 есеге, ферросилиций 6 есеге, күнбағыс майы 1,7 есеге, титан құймаларының экспорты 20,5%-ға өсті.

Есепті кезеңде әлемнің 105 еліне экспорт жасалды.

Республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 6,4%-ға өсті.

Жақында, 4 қыркүйекте Standard and Poors халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның дербес кредиттік рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады. Болжам — «Тұрақты».

Жеті айда сыртқы сауда айналымы $48,7 млрд құрады. Экспорт $28,6 млрд, импорт –$20,1 млрд құрады. Сауда балансының оң сальдосы $8,5 млрд деңгейінде сақталуда.

Өнеркәсіп өндірісі 0,4%-ға өсті. Өсім өңдеу өнеркәсібінің 3,3%-ға артуы есебінен болды. Бұл ретте, кен өндіру өнеркәсібі 1,5%-ға төмендеді.

Өнеркәсіп бойынша өсім өңірлердің көбінде байқалады. Ең жоғары өсімді Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы көрсетті.

Өңдеу өнеркәсібі 3,3%-ға өсті. Өсімнің жоғары қарқынын фармацевтика, дайын металл бұйымдары, машина жасау, оның ішінде автомобильдер және жеңіл өнеркәсіп көрсетіп отыр.

Өңірлер бойынша жоғары өсу Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.

Негізгі капиталға 7 трлн теңге сомасында инвестициялар тартылды. 13 өңір өсім көрсетті. Ақмола, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында инвестициялар жоғары өсті.

Құрылыс секторы тұрақты қарқынмен дамып келеді. Орындалған жұмыстардың көлемі 6,5%-ға өсті. Құрылыс жұмыстарының жоғары өсімі Түркістан облысында және Шымкент қаласында байқалады. 8,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға көп.

«Өңірлерде 7 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдай келесідей. Екі көрсеткіш (сауда және көлік) бойынша карантиндік шараларға байланысты төмендеу байқалуда. 5 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсім байқалады. Олар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. 4 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсім тіркелді. Бұл орташа деңгей. Ал, 3 өңірде 2-3 көрсеткіш бойынша ғана өсім байқалады. Олар Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары», — деді Р. Дәленов.

Экономикалық белсенділікті қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар мынадай аспектілерге назар аударуы қажет.

  1. Карантиннен кейінгі кезеңде бизнестің жұмысын жан-жақты қолдау.

  2. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлерді қолдау құралдарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету.

  3. Қазақстандық өнімнің үлесін ұлғайтуды және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін қаражатты толық және тиімді игеру.

  4. Инвестицияларды белсенді тарту және инвесторлармен нақты жұмыс жасау.

  5. Өңделген тауарларды өндіру және экспорттау үшін жағдай жасау.

  6. Баға мониторингін күшейту және Тұрақтандыру қорларының тетіктерін пайдалану арқылы маусымдық ауытқуларға жол бермеу.

  7. Өңірлік еңбек нарықтарындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу және жұмыспен барынша қамту.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу