Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Б. Мусин «Kaz-Nedra» жобасын іске асыру туралы баяндады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрландыру бойынша кейбір салаларда ақаулықтар бар. Олар геологиялық база, жер қойнауын пайдаланушылармен қарым-қатынас, денсаулық сақтау саласындағы қағазбастылық пен бюрократия. Осыған орай, министрлік құзыретті мемлекеттік орган ретінде осы салалардағы тиісті жобаларды техникалық тұрғыдан жүзеге асыруды өз басқаруына алатын болады», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Бағдат Мусин 3 жылдық келісімшартқа қол қоюға мүмкіндік беретін Заң жобасы дайындалып жатқанын мәлімдеді.

«Сондай-ақ жылдың аяғына дейін ақпараттық жүйелерді құру уақытын 6 айға дейін қысқартамыз. Мемлекеттік органдарға қосымша ресурс беретін бұлттық инфрақұрылым 2023 жылдың ортасында іске қосылады.  Және әрбір сала бойынша цифрлық стратегия әзірленіп, бекітіледі», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі. 

Отырыс барысында Б. Мусин отандық Kaz-Nedra электрондық платформасы жобасының іске асырылуы туралы баяндады.

Қазіргі уақытта 48 бизнес-процестің реинжинирингі жүргізіліп, оларды бекіту жөніндегі жұмыс салалық мемлекеттік органдармен пысықталып жатыр.

«Техникалық тұрғыдан іске асыруды өз қолымызға ала отырып, бірқатар модульді, оның ішінде жеке кабинет, интерактивті карта, лицензияларға тапсырыс беру және т.б. қызметтер осы жылдың соңына дейін қолжетімді болады. Ал “Цифрлық жер қойнауы” деректер қоры 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылады», — деді Бағдат Мусин.

Денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша министр еHealth денсаулық сақтаудың жаңа электронды архитектурасына көшу бойынша жұмыстар басталғанын мәлімдеді.

«Азаматтар үшін бұл ұлттық денсаулық паспортын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал дәрігерге, пациент жөніндегі толық ақпаратты қолжетімді етеді. Басты міндет – Денсаулық сақтау министрлігіне бағынатын ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин.

Осы ретте осы саладағы барлық ақпараттық жүйелерді Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығына» біріктіріп, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсәбі министрлігіне бағынысты ету ұсынылады.

Министрлік осы жобаны техникалық тұрғыдан жүзеге асыруды өзіне алып, 2022 жылы 8 модульді, ал 2023 жылда 4 модульді қосатын болады. 

«Әр түрлі мемлекеттік органдардың 20 дерекқорынан тұратын Smart Data Ukimet платформасында Қазақстандағы барлық отбасылардың әл-ауқаты туралы толық ақпаратты күн сайын жаңартып отырамыз. Бүгін 80 көрсеткіш негізінде отбасының нақты портреті мен тәуекелдерді анықтау мүмкіндігі бар», — деді Бағдат Мусин отбасы цифрлық картасын енгізу туралы. 

Қазіргі уақытта «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы бала туғанда берілетін жәрдемақы мен бала 1 жасқа толғанға дейін мемлекеттік төлем бойынша мекенжай бойынша әлеуметтік көмек көрсету қызметінің пилоты дайындалып жатыр.

«Барлық мемлекеттік қолдау шаралары осы әмиянда қолжетімді. Бұл жоба да жылдың соңына дейін іске қосылады», — деді Б. Мусин. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі баяндау кезінде «Зерде» холдингін реформалау туралы сөз қозғады.

«Зерде» тобын реформалау бойынша жұмыс жылдың басында басталған болатын. Оның бірі жүйелік интегратордың қызметі «Цифрлық үкіметті қолдау орталығына» берілді. 

«Инновацияларды дамытудың бірыңғай экожүйесін құру мақсатында “QazInnovations” агенттігі мен Астана хаб технопаркін бір ұйымға, яғни Инновациялық технологиялар паркінің құрамына біріктіру арқылы оңтайландыру ұсынылады. Ал Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамын тікелей Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қол астына беріп, “Зерде” холдингін таратып жіберу ұсынылады», — деді ведомство басшысы. 

Осы үрдіс барысында Холдингтің жобаларды іске асыруы бойынша тиісті материалдар құзырлы органдармен қарастырылып, зерделенетін болады.

«Есеп комитетімен талқылау кезінде Холдинг қажеттілігіне күмән келтірген болатын. Бұл ұсыныс квазимемлекеттік секторды реформалау тапсырмасына сәйкес келеді. Осылайша, жыл сайынғы әкімшілік шығындар үнемделеді, қажетсіз басқару деңгейін алып тастау және жауапкершілікті нақтылау сияқты оң нәтижелерге қол жеткізетін боламыз», — деді министр Бағдат Мусин. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу