Мемлекеттік ведомстволар Қазақстанның ұлттық даму жобаларын ұсынды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан министрліктері әзірлеген ұлттық жобалар қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов баяндама жасады.

350-ге жуық экспортшы «Alibaba» және «Amazon» сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығарылады — Ә. Ерғалиев

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп 3 ұлттық жобаны әзірледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ҚР ҰЭМ басшысы Әсет Ерғалиев баяндады.

«Олар “Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу", “Кәсіпкерлікті дамыту”, сондай-ақ “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобалар. Аталған жобалар Еліміздің 2025  жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарын және «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасын орындау мақсатында әзірленді», — деді Ә. Ерғалиев.

Аталған бағыттарды іске асыру шеңберінде 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген.

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңгеге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарлануда.

«Ұлттық жоба шеңберінде 1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы, сондай-ақ 350-ге жуық экспорттаушыны «Alibaba» және «Amazon» сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтамасыз етілетін болады», — деді ұлттық экономика министрі. 

Өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарлануда.

Энергетикалық кешенді белсенді жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6% жетеді. 

Қабылданған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есеге артады. Шикізаттық емес экспорт 2  есеге ұлғайып, 2025 жылы $41 млрд құрайды. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына инвестицияларды 75% арттыру жоспарлануда. Экономикадағы еңбек өнімділігі 1,2 есеге өседі. Энергетикалық кешенді жаңғырту есебінен 2000 МВт жаңартылатын энергия көздерінің қосымша қуатын іске қосу жүзеге асырылатын болады. Геологиялық зерттелетін аймақтың көлемі 2,3 млн ш. км дейін ұлғайту жоспарлануда.

«Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге және жаңа тауашаларды қалыптастыруға, сондай-ақ бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған. Аталған бағыттарды іске асыру шеңберінде 10 міндет,  30 көрсеткіш және 69  іс-шара көзделген», — деді ол.

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 1 трлн теңгеден астам қаржы, ал жергілікті бюджеттерде 125 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестициялар тарту қамтамасыз етіледі.

Ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдайлар жасау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сәйкес дағдыларды дамыту, сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданатын болады.

Ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету болып табылады. 

Ұлттық тауар өткізу желісін құру және жаңғырту жоспарлануда. Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын болады.

«Бастау Бизнес» аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны 2 есеге өседі, соның ішінде  55 мың ауыл кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсетілетін болады. Сауда инфрақұрылымының заманауи форматтарын құру мақсатында көп форматты сауда объектілері 6-дан 132-ге дейін ұлғайтылатын болады. 

Жекешелендіруді дамытуға бағытталған шаралар мемлекеттің экономикадағы үлесін 14% дейін қысқартуды көздейді.

Қабылданған шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35% дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы базалық қызметтерге тең қолжетімділікті және еліміздің көліктік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл  өңірлер арасындағы қатынасты және өңірлер ішіндегі елді мекендердің бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді.

Осы бағыттарды іске асыру шеңберінде 4 міндет, 20  көрсеткіш және 94 іс-шара көзделген.

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 7,6 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджетте 4 трлн теңгеден астам, ал жергілікті бюджеттерде  786 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражат шамамен 2,8 трлн теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының негізгі шаралары мынадай болып табылады: 

  • 13,5 трлн теңге тұрғын үй құрылысына инвестициялар тарту;
  • 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу
  • Екінші жолдарды салу және «Достық-Мойынты» учаскесін электрлендіру есебінен Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін 5 есеге ұлғайту;
  • «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралінің құрылысын қамтамасыз ету.

Ұлттық жобаны іске асыру қорытындылары бойынша мынадай көрсеткіштеріне қол жеткізілетін болады.

Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне 100%  қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3 561  ауылдарды жаңғырту жоспарлануда.

«103 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Республикалық автожолдардың барлығы және  жергілікті деңгейдегі автожолдардың 95% жақсы жағдайға жеткізу көзделіп отыр. Автомобиль жолдарының сапасын арттыру транзиттік жүк ағыны көлемін 2025  жылға қарай 30 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді Әсет Ерғалиев.  

Жалпы, жоғарыда аталған үш Ұлттық жобаны тиімді іске асыру тұрақты экономикалық өсуді 5% жоғары деңгейде қамтамасыз етуге, халықтың табысын 27% арттыруға және 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстанның позициясын 40-орынға дейін жақсарту көзделуде.

«Ұлттық экономика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Ұлттық жобалар шеңберіндегі іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді. Ақпараттық-түсіндіру жұмысын, сондай-ақ Ұлттық жобаларды іске асырудың тұрақты мониторингін жүргізетін болады», — деп түйіндеді Әсет Ерғалиев.


Басым экспорттық саясатпен қатар, импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешілетін болады — Е. Қарашөкеев

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірледі. Бұл туралы ведомство басшысы Ербол Қарашөкеев баяндады. 

«Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, алдыңғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді. Ұлттық жобаны әзірлеуге халықаралық FAO ұйымының сарапшылары тартылды», — деді Е. Қарашөкеев.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Ұлттық жобаның мынадай негізгі міндеттері айқындалды:

  • еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру;
  • отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу;
  • өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту;
  • 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.

Еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсатына қол жеткізу үшін негізгі факторлар айқындалды.

Ербол Қарашөкеев әр бағыт туралы қысқаша баяндады.

Тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр. Минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген. Осы шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 20%-дан 29%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15%-ға артады. 

Техникалық жарақтандырылу деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық субсидиялау жалғастырылады, сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бағдарламалары кеңейтіледі.

Нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 6%-ға дейін жеткізіледі, бұл егін егу мен жинауды оңтайлы мерзімде қамтамасыз етуге, сондай-ақ жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектерге жұмсалатын қосымша шығындарды 15-20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады, сондай-ақ Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және қуаты жылына 1000 қондырғыға дейінгі қазіргі заманғы суару жүйелерін шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың га дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында қарқынды мал шаруашылығына көшу жалғастырылатын болады. Бұл үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру жоспарлануда. Бұл өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылықтарын 100% жүктемемені қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Облыстық деңгейде құзыреттілікті дамыту орталықтары және аудандық деңгейде ауылдық ақпараттық-консультациялық орталықтарды жаңғырту есебінен, сондай-ақ фермерлердің біліктілігін қашықтықтан арттырудың қазіргі заманғы нысандарын енгізу арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін білім тарату жүйесімен ауқымды қамту жолымен білім тарату жүйесі жетілдірілетін болады», — деді ҚР АШМ басшысы.

Аграрлық ғылымды қаржыландырудың жеткіліктілігін қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылады, салалық гранттық қаржыландыру енгізіледі, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенге кешенді талдау жүргізу, перспективаларын бағалау, дамуын болжау үшін министрліктің ахуалдық-талдамалық орталығын құрып, жұмыс істету жоспарлануда.

Коронавирус пандемиясы ішкі нарықты қамтамасыз ету басты міндет екенін көрсетіп берді. Сондықтан басым экспорттық саясатпен қатар, импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешілетін болады. Министрлік ең көп импортталатын позицияларды айқындады, бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант пен балық.

Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар айқындалып, іске асырылуда. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде жеңілдікті кредит беру, субсидиялау, жер ресурстарымен, инфрақұрылыммен, ішкі нарықты қорғау шараларымен қамтамасыз ету іске асырылатын болады. Нәтижесінде 2024 жылға қарай қантты қоспағанда, осы өнім түрлері бойынша қамтамасыз етілу 100%, ал қант бойынша 80% құрайды.

Ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту болады. Ол үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық жүктеуді, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіпорындар салуды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін шаралар кешені әзірленді.

«Бүгінгі таңда инвестициялық жобалар пулындағы 194 жоба – өндірістің қосымша өсуін және тиісінше қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар. Бұл, сайып келгенде, агроөнеркәсіптік кешен экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту туралы алға қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Е. Қарашөкеев.

Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда.

 

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған — С. Брекешев

Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев хабарлағандай, ведомство «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірледі.

«Ұлттық жоба халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды», — деді С. Брекешев.

«Таза Қазақстан» атты бірінші бағыт атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

«Су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту шаралары қарастырылған», — деді ол.

Екінші бағыт – «Үнемді Қазақстан».

«Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше км азайту жоспарлануда. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған. 

Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше км құрайтын 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр.

Бұл бағыттағы екінші міндет – өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту және бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде арттыру.

«Табиғат» бағыты аясында ұласып өсуі кемінде 65% құрайтын 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын жүргізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру көзделіп отыр.

«Экология болашағы» атты төртінші бағыт халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға бағытталған.

«Ұлттық жобаны іске асыру халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды өңдеу және оларды пайдаланудың экологиялық қауіпсіздігі инфрақұрылымын құру, көлдердің суы сапасын жақсарту, сондай-ақ суару кезіндегі ысырапты азайту мүмкіндігін беретін болады», — деді ҚР ЭГТРМ басшысы.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қажет.

 

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер смартфондарда 100% қолжетімді болады — Б. Мусин

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қаулы жобасымен «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын бекітуді көздейді. Бұл туралы ведомство басшысы Бағдат Мусин мәлімдеді.

  • Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде келесі көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланған:
  • Интернет желісінің ену деңгейі, яғни пайдаланушылардың саны  91%-дан 95%-ға жеткізу;
  • Мемлекеттік қызметтерді 9 күннен 5 минутқа дейін қызмет көрсету уақытын қысқарту;
  • Бизнестен талап етілетін деректердің 50% онлайн есепке алу;
  • Қазақстан территориясы арқылы Азия-Еуропа жалпы транзиттік деректердің трафик деңгейін 3%-дан 8%-ға жеткізу;
  • IT-экспорты $500 млн жеткізу;
  • Инновациялық өнім көлемін 1,7 ден 2,5 трлн теңгеге арттыру;
  • Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Ғылыми-зерттеу институттарының сапасы» бойынша 65-орынға жеткізу;
  • Коммерцияландыру жобаларын жеке қоса қаржыландыруын 50%-ға жоғарлату. 

Ұлттық жоба 10 бағыт және 208 іс-шарадан тұрады, оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған. Ұлттық жоба екі блокқа бөлінген:

ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ:

  • қызметтерді 5 минут ішінде көрсету;
  • IT саласын дамыту;
  • халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекетті құру;
  • ыңғайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолдану;
  • технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту;
  • сапалы интернет пен  ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

ҒЫЛЫМ:

  • ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту – ғалымның басты назарында;
  • ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
  • елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру, яғни «ғылым-өндіріс-бизнес» принципін қолдану;
  • ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру.

Ұлттық жобаны іске асыру үшін 1,4 трлн теңге мөлшерінде бюджеттік қаражат бөлу талап етіледі. Оның ішінде цифрландыру және инновацияларға 587,8 млрд теңге және ғылым бағытына 833 млрд теңге қарастырылған. Жалпы, ұлттық жобаны іске асыру үшін 800 млрд теңге жеке инвестицияларды тарту қарастырылған. 

«Қызметтерді 5 минут ішінде көрсету үшін ХҚКО-ларды жаңғыртуға/қайта форматтауға,  мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға емес, өмірлік жағдайлардың 80%-на дейін автоматтандыруға көңіл бөлеміз, 2025 жылға қарай олардың 50% проактивті түрде іске асыруға ұмтыламыз. Сондай-ақ смартфондарда мемлекеттік қызметтердің 100% қолжетімділігін қамтамасыз етеміз», — деді Б. Мусин.

«IT саласының дамуы» бағыты бойынша жыл сайынғы экспортты $500 млн жеткізу, жалпы 500 млрд теңге инвестиция тарту үшін 100 мың жұмыс орнын құру қарастырылған. Сондай-ақ криптоиндустрияның әлемдік айналымынан кірістің 1%-ын тарту, көрші мемлекеттерге қызмет көрсете алатын DATAHUB құру қажет.

«Халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет» бағыты цифрлық технологияларды пайдаланудың қасында құжат айналымын қысқартуға, салалар деректерінің 50%-ын цифрлық форматта есепке алуға бағытталған. Сондай-ақ смартфон арқылы азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара байланысы мен мемлекеттік органдарды бағалау қарастырылған. 

«Ыңғайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдар» бағытын іске асыру нәтижесінде денсаулық паспорттарын клиникалық деректермен 100% толтыру, цифрлық еңбек шарттарын енгізу және пайдалану, білім беруде цифрлық контентті дамыту жоспарлануда. 

«Технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту» электр құралдарын қысқартуға, цифрлық экомониторингті жүзеге асыруға, салалық және кешендік әкімшілендіруді цифрлық форматқа көшіруге, субсидиялаудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инновациялық өнімнің 2,5 трлн теңге көлемі мынадай құралдарды – венчурлік қаржыландыруды қолдау, өңірлерде бизнес инкубациялау, бірлесіп инвестициялау қорын іске асыру есебінен іске асырылатын болады», — деді Б. Мусин.

Коммерцияландыру жобаларын және қоса қаржыландырудың 50%-ы жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарына, ғылым-өндіріс-бизнеске, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған конкурстарға қаражатты орталықтандыру және бөлу жолымен іске асырылатын болады.

ДЭФ-тің «ҒЗИ сапасы» жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің 65-ші орнына қол жеткізуге ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру, ҒЗИ зертханаларының жабдықтарын 30%-ға жаңарту, халықаралық ДҚ-ға ұлттық жазылу есебінен қол жеткізу жоспарланып отыр.

«Сапалы интернет және ақпараттық қауіпсіздік» бағыты бойынша келесі құралдар есебінен Интернетке кіру деңгейін 95%-ға дейін жеткізу жоспарлануда:

  • халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету;
  • облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда 5G енгізу;
  • дербес деректерді қорғау.

Ғылым блогы 4 бағыттан тұрады:

  • ғалымдар мен зерттеушілер санының 1,5 есеге ұлғаюы;
  • ҒЗИ сапасын арттыру;
  • Елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру;
  • Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру. 

 

Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 2025 жылға қарай 1000 мектептің құрылысы жоспарлануда — А. Аймағамбетов

Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтің айтуынша, «BILIMDI ŪLT» баршаға арналған сапалы білім» ұлттық жобасы әзірленді. Жоба қоғам өкілдерімен, білім саласының сарапшыларымен кеңінен талқыланды, мүдделі мемлекеттік органдармен және Президент Әкімшілігімен пысықталды. 

Ұлттық жоба 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы, Қазақстан-2050 Стратегиясы, Мемлекет басшысының және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген негізгі міндеттерді қамтыды. Жалпы ол 4 бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш және 26 іс-шарадан тұрады.

Бірінші міндет. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. 

«Ол үшін біз мектепке дейінгі ұйымдардың желісін дамытамыз, мемлекеттік тапсырыс ваучерлік қаржыландыру арқылы орналастылады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде барлық балабақшаларда баланы дамытудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл өте маңызды. Соның ішінде балабақшалардың мемлекеттік білім беру стандарты «Ойын арқылы оқыту» принципі бойынша өзгертіледі. Осыған орай, балаларды ерте жастан дамыту бойынша педагогтерге біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылытын болады», — деді білім министрі.

Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамту 95%-ға жетеді, ал 3-6 жаста қамту 100% болады.

Екінші міндет орта білім беру жүйесінің сапасын арттыруды қамтиды.  

Ұлттық жоба шеңберінде біржағынан қала мен ауыл, және өңірлер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту, екінші жағынан жалпы республиканың білім сапасын арттыру  үшін кешенді шаралар қарастырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтердің жалақысын әрі қарай өсіру мәселесі қамтылды. Оқулықтарды әзірлеу және оларға сараптама жүргізуге жаңа тәсілдер әзірленеді, педагогтердің кәсіби дамыту жүйесі жетілдірілетін болады.

Пандемияға және алдыңғы оқу жылындағы қашықтан оқытуға байланысты, білімдегі олқылықтарды қалпына келтіру бағдарламаласын іске асыру, «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру Ұлттық жобаға енгізілді.

«Қазіргі уақытта білім саласындағы тәрбие жұмысының маңыздылығын ескере отырып, «Құндылықтарға негізделген білім беру» тәрбие жобасын іске асыру, мектеп пен ата-ананың өзара қарым-қатынасы жүйесін өзгерту, өзін-өзі басқару, дебат қозғалыстарын одан әрі дамыту сияқты жобалар да қарастырылды», — деді білім министрі.

Бұған қоса 2023 жылдан бастап толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына қаржыландыруға біртіндеп көшіру жоспарлануда. Бұл да қала мен ауыл мектептері арасындағы сапа алшақтығын шешуге мүмкіндік береді. 

Үшінші міндет. Мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. 

Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 2025 жылға қарай 1000 мектептің құрылысы жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді толығымен жою күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылады.

«Оның шеңберінде балаларға қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, мектеп жиһазын жаңарту, мектеп кітапханаларын және асханаларды жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мектептердің 90%-ы пәндік кабинеттермен және 100%-ы қауіпсіз кіру, күзет және бақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі», — деді А. Аймағамбетов.

Осы шаралардың барлығы мемлекеттік білім беру стандартын сапалы іске асыру үшін қолайлы орта мен жағдай жасауға, соның нәтижесінде балалардың білім сапасы жақсарады.

Инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтамасыз ету үшін ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу нормативін 50 мың балаға 1 ПМПК есебінен жаңарту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. 43 ПМПК ашылады.

Бұдан басқа, мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын болады.

Төртінші. Қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету

2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту көзделген. Колледждерге академиялық дербестік беріледі және барлық оқу бағдарламалары еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңартылады.

«Жергілікті бюджет есебінен колледждерді заманауи оқу-өндірістік шеберханалармен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Барлық колледждерде WorldSkills талаптарын ескере отырып, құзыреттіліктерді анықтайтын демонстрациялық емтихан енгізіледі. Дуальді оқытуға қатысатын кәсіпорындарды ынталандыру есебінен 2025 жылға қарай дуальді оқытумен қамту өседі», — деді А. Аймағамбетов. 

Бесінші міндет. Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. 

Сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттарының саны өседі. Оқу бағдарламалары жаңа жағдайларға бейімделеді. Ол үшін инновациялық бағдарламалар әзірленеді, білім беру бағдарламалары еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңартылады. Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 20 академиялық артықшылық орталығы және Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық жоғары оқу орны құрылады. Сонымен бірге 2025 жылдың соңына дейін шетелдің 5 жоғары оқу орнының филиалын ашу жоспарлануда.

 

Ұлттық жобаны іске асыру халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді — А. Цой

Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі А. Цой ведомство 2021-2025 жылдарға арналған «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын әзірлегенін баяндады.

«Ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады, ол 9 тапсырмадан, 21 көрсеткіштен, 72 іс-шарадан тұрады. Ұлттық жобаны қаржыландыру көлемі шамамен 3,6 трлн теңгені құрайды. Мүдделі тараптармен кеңінен талқылау жүргізілді. Сондай-ақ, жоба ҚР Президенті Әкімшілігімен пысықталып, "Кадрлық әлеуетті нығайту", "Жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту" міндеттерімен толықтырылды», — деді А. Цой.

Мәселен, ұлттық жобаның бірінші бағытын іске асыру халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттануын 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Тірек және серіктес ауылдар 100% МСАК ұйымдарымен, бастапқы медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмекпен қамтамасыз етіледі, кемінде 40 денсаулық сақтау объектісі мен 2 ғылыми орталық салынады және жаңғыртылады, сондай-ақ амбулаториялық деңгейде медициналық көмектің көлемі кеңейтіледі, жүкті әйелдер жеке және аралық босануға дейінгі бақылаумен, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтамасыз етіледі.

8 балаларды оңалту орталығын және 2 ерте анықтау орталығын қосымша ашу жоспарлануда, бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды 3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Аса тапшы мамандықтар бойынша резидентураның білім беру гранттарының саны 3800-ге дейін, сондай-ақ әлемнің жетекші орталықтарында қарқынды терапияның халықаралық стандарттары бойынша оқытылған дәрігерлердің саны ұлғайтылатын болады.

Екінші бағыт шеңберінде ұлттық және жаһандық тәуекелдерге болжамдау мен ден қоюдың ғылыми негізделген жүйесін енгізу; биоқауіпсіздік және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін санитариялық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларының үлесін 61%-дан 90%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Үшінші бағытта қабылданған шаралар халықаралық стандарттарға сәйкестікке аккредиттелген зертханалардың/орталықтардың үлесін арттыруға; ДЗ және МБ шығару бойынша кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосуға; ұлттық реттеушіні ДДСҰ бенчмаркингінің кемелденуінің 3-ші деңгейіне дейін жеткізуге; жергілікті фармацевтикалық нарықта ДЗ және отандық өндірістің медициналық бұйымдарының үлесін 50%-ға дейін арттыруға; ТМККК және МӘМС шеңберінде бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы жергілікті қамтуы бар ДЗ және МБ атып алу үлесін 50%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 

Төртінші бағытты іске асыру халық арасында темекі шегудің таралуын 19%-ға дейін төмендетуге; салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 45%-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын 50%-ға дейін арттыруға; халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін 1 000 адамға 53%-ға дейін арттыруға; дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесін 14%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

«Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде келесі әлеуметтік тиімділіктерге қол жеткізу жоспарлануда: азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыру арқылы адамның өмір сүру сапасын жақсарту және белсенді ұзақ өмір сүруге қол жеткізу; халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру. Экономикалық аспектіде денсаулық сақтау саласына жеке инвестицияларды 783 млрд теңгеге дейін ұлғайту; 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру; отандық фармацевтикалық өнімнің үлесін 50%-ға дейін жеткізу жоспарлануда»,— деп түйіндеді А. Цой.

 

А. Балаева: «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаты –  ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық кодты сақтау

Ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Балаева атап өткендей, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаты –  ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлттық кодты сақтап, бүгінгі технологиялық заманның ағымына бейімдеп, болашақтағы өркениеттік сананың негізін бекіту.

Осы ретте, Ұлттық жоба негізгі үш бағытта жүзеге асырылады.

Бірінші бағыт екі негізгі міндетті көздейді. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту. 

Атап айтқанда:

  • халық арасында ұтымды салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, елдік тәлім-тәрбие мен рухани үстемдікті дәріптеу және қоғамдық сананың мәдени деңгейі мен талғамын көтеру арқылы өркениет көшіне ілесетін, бәсекеге қабілетті жаңа ұлт келбетін жасау;
  • жалпы қоғамда, соның ішінде балалар мен жастар арасында қазақтілді орта қалыптастыру арқылы мемлекеттік тілді – ұлтаралық тіл дәрежесіне жеткізу.

Бұл міндеттерді орындау үшін 2025 жылға дейін қаржылық жағынан негізделіп, өзара біріктірілген 38 ауқымды іс-шара мен 8 нақты көрсеткішке жету жоспарланған.

Екінші бағыт «Ел Рухы» деген атаумен екі үлкен міндеттен тұрады. Бұл – ел ішінде мәдени қызметтердің сапасын көтеріп, халыққа қолжетімділігін арттыру және ел сыртында отандық мәдениетті дәріптеп, танымал ету.

Атап айтқанда, 2025 жылға дейін:

  • мәдени инфрақұрылымды дамыту мен шығармашылық потенциалды барынша арттыру арқылы мәдени қызметтердің еліміздің шалғай аудан-ауылдардағы қолжетімділігін 92,5%-ға дейін жеткізу;
  • төл мәдениет пен өнеріміздің жетістіктерін әлемдік деңгейде ілгерілету үшін отандық өнімдерді шығармашылық және технологиялық тұрғыда таратудың тиімді жүйесін қалыптастыру. 

Бұл мақсатта іріктелген 13 жалпыұлттық іс-шара мен 5 нақты көрсеткішке жету жоспарланған, оның ішінде 250 жаңа мәдени нысан салынып, 1200 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады.

Үшінші бағыт «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Ол – жастардың рухани кемелденіп, кәсіби өсіп, қоғамдық жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды.

Атап айтқанда 2025 жылға дейін:

  • жастардың базалық сұраныстарын шешу, яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  • жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу;
  • жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті адами капиталдық ресурсын ұлғайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашу.

Бұл бағытта ұзын саны масштабты 15 жалпыұлттық іс-шара мен 8 нақты көрсеткішке жету жоспарланған, оның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді.

 

Ұлттық жобалар бойынша кең ауқымды ақпараттық науқан өткізудің де маңызы зор — Қ. Келімбетов

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қ. Келімбетов ұлттық жобаларды сапалы іске асыру ерекше маңызға ие екенін айтты.

Осыған байланысты, Ұлттық жобаларды іске асыру мониторингі бойынша кеңсенің қызметін жандандыру қажет. Сапалы орындау үшін ұлттық жобаның кураторы деңгейінде әрбір ұлттық жоба бойынша апта сайын мониторингтік кеңестер өткізу қажет. Ай сайын Премьер-Министрдің төрағалығымен кеңестер өткізу ұсынылады.

ҚР Президентінің тапсырмаларына сәйкес, Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген ұлттық жобаларға сәйкес жаңарту міндеті тұр. Бұл үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді және жедел жұмысы талап етіледі.

«Салаларды дамытудың тиісті тұжырымдамаларын жедел әзірлеу мен бекітуді қамтамасыз ету маңызды. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты бастап кетті, 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін даму тұжырымдамасын бекітуді орынды деп санаймыз, ҚР Президентінің Жоғары Кеңестің отырысы барысында берілген тапсырмасына сәйкес ұлттық жобалар бойынша кең ауқымды ақпараттық науқан өткізудің де маңызы зор болады», — деп түйіндеді Қ. Келімбетов.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу