Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қаланың әлеуметтік-мәдени нысандарының құрылысы, инфрақұрылымды жаңғырту, абаттандыру және өмір сүруге қолайлы жағдай жасау саласындағы міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарын ұсынды. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Қазақстанның нышанына айналған елорданың дамуына әрдайым ерекше мән беретіндігін атап өтті.

«Жиырма екі жылдың ішінде елорда әкімшілік, іскерлік, экономикалық, мәдени және саяси орталыққа айналды. Бастапқы бас жоспарларда қала тұрғындарының санын 1 миллион 200 мың адамға жеткізу 2030 жылға қарай көзделген еді. Бұл көрсеткішке 10 жыл бұрын ерте жеттік. 1997 жылмен салыстырғанда қала халқының саны төрт есе өсті», — деді Елбасы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев елорданың экономикалық дамуын атап өтті.

«Жалпы, 22 жылдың ішінде жаңа астананың дамуына мемлекеттен бөлінген әрбір 1 теңге республикалық бюджетке 2,8 теңге болып қайтарылды. Бес жылдан бері бас қала республикалық бюджет доноры аймақтарының қатарында», — деді Елбасы.

Сонымен бірге шағын және орта бизнес, құрылыс саласы елорданың даму драйверіне айналғаны атап өтілді.

«Қала экономикасының 55 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Жыл сайын 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, оның 70 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі. Сонымен қатар елорда құрылыс секторының көшбасшысы. 1997 жылдан бері 26 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді», — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Осы жылдардың ішінде елорда білім беру хабына, мәдени орталыққа және медицина кластері дамыған қалаға, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерін біріктіру арқылы маңызды көлік және транзиттік хабқа айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев елорданың даму жолында жетістіктермен қатар, азаматтарды толғандыратын мәселелер де бар екенін атап өтті. Олардың ішінде – үлескерлері бар құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлер; үш ауысымдағы және оқушылар саны көп мектептер; жауын су ағатын кәріз жүйесі; қоғамдық қауіпсіздік мәселелері және тағы басқалары.

«Елорда әкімдігі мәселелерді үнемі бақылауда ұстап, азаматтардың өтінішіне жедел жауап беруі керек», — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар Елбасы елорда басшылығының алдында Үкіметпен бірге тұрғындар мен қонақтардың жайлы өмір сүруі үшін қаланың инфрақұрылымын жақсарту бойынша бас жоспар мен даму жоспарын жүзеге асыру міндеті тұрғанын атап өтті.

«Жалпы, мен стратегиялық міндеттерді шешуді қамтитын даму жоспарын қабылдаймын. Елорда өмір сүруге және іскерлік белсенділікке қолайлы қала ретінде дами беруі керек», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Түркістан қаласында салынып жатқан Қазақ хандығының тарихына арналған мемориал жобасымен таныстырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу