Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар кездесу өткізді

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті және Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асановты қабылдады. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Ғизат Нұрдәулетовпен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің ахуалы, сондай-ақ ведомствоның карантин кезіндегі жұмысы туралы баяндалды.

Бүгінгі таңда барлық әкімшілік хаттамалардың 73 пайызға жуығы электронды форматта толтырылатыны атап өтілді. Сонымен қатар, Ғ.Нұрдәулетов шағын және орта бизнестің жұмысын заңсыз тексерудің алдын алу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Бас прокурор Елбасыға азаматтардың әлеуметтік-экономикалық саладағы құқықтарын қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен елдің қылмыстық заңнамасын ізгілендіру нәтижелері туралы есеп берді.

Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асановпен кездесу барысында Елбасына еліміздің сот жүйесін жаңғырту барысы туралы ақпарат берілді.

Кездесуде Ж. Асанов сот қызметінің сапасын жақсартуға және судьялардың жұмысына халықтың сенімін арттыруға бағытталған іс-шаралар туралы баяндады.

Атап айтқанда, Жоғарғы Соттың төрағасы қазіргі кезде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында сот жүйесін реформалау бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттыруға бағытталған жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу