Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жарияланды

Сәрсенбі, 08 Сәуір 2020, 09:42:21

Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын.

Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде.

Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады.  Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн.

Тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап мен ұлы Абай атамыздың «Кімге достығың болса, достық достық шақырады» деген дана қағидасын басшылыққа алып, әлемнің барлық мемлекетімен арадағы келісім мен достыққа, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясат ұстандым. Егемендіктің бастапқы жылдарында іргелес елдердің бәрімен тату қарым-қатынас орнатып, шекара мәселесін түбегейлі шешкеннен кейін түрлі деңгейдегі ынтымақтастық ұйымдарын құруға бастамашы болғанымның басты себебі де сол еді.

Еуразия экономикалық одағын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Астана экономикалық форумы мен бүкіләлемдік ЕХРО көрмесін өткізу шараларының бәрі – Қазақстан мен дүние жүзі мемлекеттері арасындағы өзара достық пен сенімге негізделген байланысты, экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін жасалды. Өмірдің өзі, дәл бүгінгі қалыптасқан жағдай біз ұстанған бірігу мен бірлесуге негізделген саясаттың бірден-бір дұрыс жол екендігіне көзімізді жеткізіп отыр.

Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия жаңа бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тиылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр.

Біздің Отанымыз Қазақстан – қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай ел. Мен «Бізде мұнай мен газ бар екен деп, үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» деп талай мәрте айтқанмын. Сондықтан егемендік жылдары біз ел экономикасын әртараптандырумен болдық. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Қазақстан – 2050» стратегиясын жасап, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорын аштық. Соның арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылып, елімізге жаңа технологиялар келді. Бұл еліміздің үшінші технологиялық жаңғыруына жол ашты.

Ел аумағында бұрын-соңды болмаған теміржол, автокөлік жолдары салынды.

Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды.

Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді.

Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі», – деп нақты жазылған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалар салдық. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның мамандарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткіздік және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыттық. Осылай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқаруда.

Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ.

Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал.

Бүгінгі күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл пандемияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтай алды.

Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді.

Ел Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті.

Енді Үкімет пен жергілікті атқару органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс.

Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.

Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым
үлкенге – құрмет көрсетіп, кішіге – қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін.

Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді.

Дәл қазір бүкіл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрын-сонды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Ганди: «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек», – деген екен. Кеше ғана бір-бірін аяқтан шалып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемлекеттер енді өзара көмек қолын созысуда. Бұл – жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы.

Әлем тарихында ондаған жылдарға, тіпті жүз жылдан да астам уақытқа созылған талай соғыстар, шиеленісті жағдайлар мен кикілжіңдер орын алған. Миллиондаған адамдарды баудай түсірген індеттер де аз болмаған. Адамзат соның бәрін жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз. Әлемнің ең алпауыт мемлекеттері осы қиындықтан сабақ алуы керек.

Кезінде Әйтеке би бабамыз: «Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек. Осыларды ойлаған – қоймас түбі сүйінбей», – деген екен. Қандай керемет айтылған сөз! Дәл қазір бізге бүкіл адамзат өркениетін сүріндіретін емес, барша әлем халқын сүйіндіретін жаңашыл саясат керек.

Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Осының бәрі бір кезде алдын ала жоспарланып, кеңінен ойластырылған шаралардың арқасында ғана мүмкін болып отыр.

Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек.

 «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ», – деген екен әйгілі данышпан Төле би. Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Біз үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, 30 жылға жуық уақыт бұрын қолымыз жеткен азаттықты мәңгі баянды етуден асқан мұрат жоқ. Қазақстан – халқымыз тату-тәтті және келісімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңырағымыз. Алуандығымыз – бәсекелі және жаһандық әлемдегі біздің баға жетпес байлығымыз бен артықшылығымыз. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла Тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын.

Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді.

Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті,  кішіге  – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар.

Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді.

Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін.

Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды. Осы қасиетті қағида әрбір қазақстандықтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек.

Маған небір қиын-қыстау күндерде ешқашан намысын бермеген, қашанда бірлігі бекем, пейілі кең, құшағы ашық, бауырмал халыққа басшылық ету бақыты бұйырды. Сондықтан қазіргідей алабұртпа көңіл жағдайында дана да дархан халқыма – баршаңызға зор ризашылыққа толы осы сөздерімді жолдадым.

Біз тәуелсіздік жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өткердік. Соның бәрінде мен анық жағдайды, түйткілді проблемаларды ашық түрде алдарыңызға жайып салып отырдым. Сіздер маған үнемі сенім арттыңыздар, мен туған халқымның сол сенімінен ұдайы күш-қуат алдым. Сол үшін Сіздерге тағы мың да бір алғысымды білдіремін.

Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды.

Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін.

Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз.


Жаңалықтар тізбегі
15 Қаңтар 2021, 19:07
Қазақстан Президенті Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты
15 Қаңтар 2021, 17:08
Бақытжан Темірболат «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директоры қызметіне тағайындалды
15 Қаңтар 2021, 16:25
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды
15 Қаңтар 2021, 12:55
Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысты
15 Қаңтар 2021, 11:56
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі
15 Қаңтар 2021, 10:04
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы Жарлыққа қол қойды
14 Қаңтар 2021, 19:24
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №965 Қаулысы
14 Қаңтар 2021, 19:14
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №950 Қаулысы
14 Қаңтар 2021, 18:49
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №960 Қаулысы
14 Қаңтар 2021, 16:44
«Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының отырысына қатысты
14 Қаңтар 2021, 09:55
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 желтоқсандағы №898 Қаулысы
14 Қаңтар 2021, 09:06
ҚР Президенті Қ. Тоқаев жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды
13 Қаңтар 2021, 10:59
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №943 Қаулысы
12 Қаңтар 2021, 20:12
Америкалық «Valmont Industries» Қазақстанда алдыңғы қатарлы суару жүйелері зауытын ашады
12 Қаңтар 2021, 19:20
Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қабылдады
12 Қаңтар 2021, 18:00
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №955 Қаулысы
12 Қаңтар 2021, 17:52
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №941 Қаулысы
12 Қаңтар 2021, 14:40
ҚР Үкіметінің отырысы, 12.01.2021
12 Қаңтар 2021, 14:16
2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаны құрады — Н. Ноғаев
12 Қаңтар 2021, 13:13
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің салалары 2020 жылы оң даму қарқынын көрсетті
12 Қаңтар 2021, 13:00
2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке кіріс жоспары 102,7% атқарылды — Е. Жамаубаев
12 Қаңтар 2021, 11:55
Көлік құралдарын шығару машина жасау саласының өсуіне оң әсер етті —  Б. Атамқұлов
12 Қаңтар 2021, 10:51
2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың кірісі оң болып қалды — Е. Досаев
12 Қаңтар 2021, 10:43
2020 жылы жұмыспен қамту шараларымен 1,4 млн адам қамтылды, 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды — ҰЭМ 
12 Қаңтар 2021, 10:02
2020 жылы нақты сектор ҚР ұлттық экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналды
11 Қаңтар 2021, 15:16
12 қаңтарда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
11 Қаңтар 2021, 15:04
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №94
11 Қаңтар 2021, 13:30
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Парламент Мәжілісіне сайланатын депутаттарға дауыс беру рәсіміне қатысты
11 Қаңтар 2021, 11:30
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне сайланатын депутаттарға дауыс беру рәсіміне қатысты
11 Қаңтар 2021, 10:36
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Мәжіліс депутаттарының сайлауында ҚХА атынан дауыс берді
11 Қаңтар 2021, 02:15
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының республикалық сайлауалды штабына барды
10 Қаңтар 2021, 16:00
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр-Сұлтан қаласындағы №115 сайлау учаскесіне барды
10 Қаңтар 2021, 15:30
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында дауыс берді
10 Қаңтар 2021, 07:46
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин парламент сайлауында дауыс берді
09 Қаңтар 2021, 15:32
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №947 Қаулысы
09 Қаңтар 2021, 15:29
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №944 Қаулысы
09 Қаңтар 2021, 15:26
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №946 Қаулысы
09 Қаңтар 2021, 15:22
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №939 Қаулысы
09 Қаңтар 2021, 15:17
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №930 Қаулысы
08 Қаңтар 2021, 15:54
Дүниежүзілік банк 2020 жылы Қазақстан экономикасының динамикасын бағалауды жақсартты
08 Қаңтар 2021, 14:03
Қазақстан АХҚО алаңы арқылы АҚШ-пен инвестициялық ынтымақтастықты арттырады
07 Қаңтар 2021, 14:30
Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Православ шіркеуінің жоғары наградасы – «Алғыс» ордені табыс етілді
07 Қаңтар 2021, 08:08
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады
07 Қаңтар 2021, 08:05
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рождество мерекесімен құттықтауы
06 Қаңтар 2021, 18:17
Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады
06 Қаңтар 2021, 17:44
«Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады
06 Қаңтар 2021, 11:32
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №932 Қаулысы
06 Қаңтар 2021, 11:10
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы №874 Қаулысы
05 Қаңтар 2021, 21:13
Жануарларды қорғау туралы заң, Экологиялық кодекс және жасыл энергетика — Қазақстанда экологияны дамыту және табиғи ресурстарды қорғау
05 Қаңтар 2021, 16:07
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады
Депутаттық сауал
© 2019 - 2020 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.