Қазақстанның Тұңғыш Президенті Новак Джокович пен Рафаэль Надаль арасында өткен қайырымдылық теннис матчына барды

Ойын алдында Елбасы әлемдік теннистің майталмандары Новак Джокович және Рафаэль Надальмен кездесті. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев ойынның жарқын және тартысты өтуіне тілектестік білдірді.

«Қазақстандықтар планетаның үздік теннисшілерін көргендеріне өте қуанышты. Мен сіздердің ойындарыңызды үнемі қараймын. Сіздер спортта үлкен жетістіктерге жеттіңіздер», — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кездесу барысында Елбасы теннисшілерге зор денсаулық тілеп, Рафаэль Надальды жақында шаңырақ көтеруімен құттықтады.

Қайырымдылық матч нәтижесінде жиналған қаражат өңірлерде теннис инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу