ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы бірқатар кездесулер өткізді

Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Баспасөз қызметі хабарлайды. 

Елбасы МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры, Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеймен және Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Граноффпен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» отырысына қатысқаны үшін Мохаммед Эль-Барадей мен Джонатан Граноффқа алғыс білдірді.

«Мохаммед Эль-Барадей МАГАТЭ-ны ядролық қаруды таратпауға жауапты негізгі органға айналдырды. Біз Сізбен бірге Қазақстанда төмен байытылған уран банкін құруды бастадық. Бұл өте маңызды оқиға болды. Біздің елімізге аз байытылған уранның алғашқы партиясы келді», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Жаһандық қауіпсіздік институтының ядролық қаруды таратпаудағы маңызды рөлін атап өтті.

«Қазақстанның ядролық қарусыздану мәселесіндегі рөлін жақсы білесіздер. Біз ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған барлық мәселелерге белсенді қатысып жүрміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру идеясын қолдайтындығын іс жүзінде дәлелдегенін айтты.

«Сіз ядролық қарусыздану саласындағы жетекші рөліңізді дәлелдедіңіз. Қазақстан өз сөзін нақты іс-әрекеттермен растады,  ядролық әлеуеттен бас тартты, Семей полигонын жапты. Енді Сіздің күш-жігеріңізді ғаламдық және жергілікті деңгейдегі сұрақтарға бағыттау мүмкідігі маңызды болыр отыр», - деді Мохаммед Эль-Барадей.

Өз кезегінде, Ғаламдық қауіпсіздік институтының президенті Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимылын жоғары бағалады.

Елбасы Ұлттық мүдделер орталығының президенті, «The National Interest» журналының баспагері Дмитрий Саймспен кездесті. Кездесу барысында тараптар жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты, сондай-ақ әлемнің жетекші державалары арасындағы диалогты жолға қою жөніндегі шараларды талқылады. Елбасы АҚШ-Ресей қатынастарының сарапшысы ретінде Дмитрий Саймстың «Астана клубының» жұмысына қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар Еуропалық Комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесті. Кездесу барысында Елбасы Жозе Мануэль Баррозуға «Астана клубының» жұмысына қатысқаны үшін алғысын білдірді.

«Біздің достығымыз бұрыннан бері жалғасуда. Сіздің Еуропалық Комиссияға төрағалығыңыз кезінде біз кеңейтілген серіктестік туралы келісімге қол қойдық. Өзіңізге белгілі, мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрметті төрағасымын. Енді біздің ұйымымыз бен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты жолға қою маңызды», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Жозе Маннуэль Баррозу Қазақстанның Еуропа елдерімен серіктестігін қол жеткізілген келісім аясында одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев «JP Morgan Chase International» басқарма төрағасы Джейкоб Френкельмен кездесті. Әңгіме барысында Елбасы әлемнің жетекші сарапшылары өзара диалог құруы үшін «Астана клуб» алаңының ерекше маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстанға қош келдіңіздер. Біздің форумға көрнекті қаржыгер, беделді ғалым және экономист, әлемдегі жетекші қаржылық ұйымның табысты басшысы қатысып отырғанына өте қуаныштымыз. Бүгін «Астана клуб» форумы әлемнің зиялы қауымымен, экономистерімен және саясаткерлерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кездесу барысында тараптар «Астана» Халықаралық қаржы орталығын одан әрі дамыту перспективаларына да назар аударды.

«Сіз АХҚО Қазақстан үшін экономикалық дамуға серпін беретін маңызды трансформациялық шешім екенін атап өттіңіз. Біз бұл бастаманы одан әрі дамытып жатырмыз. Қазіргі уақытта АХҚО қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 61-ші орында тұр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу