Нұр-Сұлтанда ДСҰ-ның XII Министрлік конференциясын өткізу туралы келісімге қол қойылды

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Женеваға сапары аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік Сауда Ұйымы арасында ДСҰ-ның XII Министрлік конференциясын өткізу туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанды XII Министрлік конференциясының төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, біздің еліміз өткізетін халықаралық сауда саласындағы жаһандық іс-шараға дайындық шеңберінде ДСҰ-ның тығыз ынтымақтастыққа дайындығын растады.

Сонымен қатар ҚР Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов ДСҰ-ның алдағы Министрлік конференциясының ықтимал субстантивтік қорытындыларын талқылау мақсатында ДСҰ-ға мүше елдердің негізгі Елшілерімен кездесті. Кездесу барысында ол бүгінгі көпжақты сауда жүйесі протекционизм және біржақты сауда шаралары түріндегі теңдессіз сын-қатерлерге тап болатынын атап өтті. Осыған байланысты министр 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында маңызды шешімдер қабылдау мақсатында елдерді  белсенді бірлескен жұмысқа шақырды, бұл ДСҰ-ға ағымдағы сын-қатерлер мен қажеттіліктерге толық сәйкес келуге мүмкіндік береді. 

ДСҰ-ның XII Министрлік конференциясының күн тәртібіндегі негізгі келіссөз бағыттары ДСҰ-ны реформалау мәселелері, қызметтерді реттеу, инвестициялар мен электрондық саудаға жәрдемдесу саласындағы жаңа жаһандық ережелер, сондай-ақ балық аулау субсидиялары бойынша келіссөздер болады деп күтілуде.

Қазақстан ДСҰ-ны реформалау идеясын қолдайды және реформалар ДСҰ-ға мүше барлық елдер үшін халықаралық сауданың бірыңғай бәсекелестік шарттарын қамтамасыз етуі тиіс деген ұстанымды ұстанады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу