Агломерацияларды дамыту туралы заң бюджетаралық қатынастарды реттеуге бағытталған — Р. Скляр

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Роман Скляр нүктелі құрылыс, сондай-ақ агломерацияларды дамыту және қалаларды кешенді салу стандарттары бойынша қандай іс-қимылдар қабылданып жатқаны туралы мәселеге түсініктеме берді.

«Агломерацияларды дамытуға келер болсақ, Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп, кәсіби қоғамдастықты, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, осы заң әзірленіп жатыр. Бірінші кезекте ол агломерацияларды дамытудың бірыңғай стандарттарын құруға, бюджетаралық қатынастарды реттеуге бағытталған, өйткені агломерациялар аумақтары екі өңірдің әкімшілік бірлігі болып табылады және мұнда келісілген іс-қимылдар, сондай-ақ елеулі реформа қажет», — деді Үкімет басшысының орынбасары Р. Скляр.

Нүктелі құрылыс салу мәселесіне қатысты Р. Скляр бұл мәселе тек ірі қалалар үшін ғана емес, барлық облыс орталықтары үшін де өзекті екенін атап өтті.

«Біз белгілі бір проблемаларды көріп отырмыз. Егер облыстық маңызы бар қала аумағының бас жоспары Үкімет қаулысымен бекітіліп, ҚР ИИДМ-де тиісті мемлекеттік сараптамадан өтсе, онда өңірлердегі егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары айына бірнеше рет нақтылануы мүмкін», — деді ол.

Сондай-ақ ол Үкіметте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне мемлекеттік сараптама жүргізу құқығын беру жөніндегі заң жобасына, оның ішінде өңірлер әзірлейтін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына да бастамашы болғанын атап өтті. Осылайша, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бұған дейін қабылданған бас жоспарларға сәйкес келетін болады. 

Келесі мәселе «Отбасы банктен» жеңілдікті кредит алу үшін еңбекке қабілеттілігі шектеулі азаматтардың жекелеген санаттарының табыс мөлшерінің жеткіліксіздігі туралы болды.

Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда түрлі санаттағы 500 мыңнан астам азамат тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұр. Бұл мәселені шешу үшін елімізде «тұрғын үйге қолжетімділік сатысы» енгізілетін болады.

«Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың барлық санаттары төлемге қабілетсіз емес. Олар "Отбасы банкінің" жеңілдікті бағдарламаларын пайдалана алады. Өткен жылы Қазақстанда 15 300 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 140 мыңнан астам тұрғын үй. Бірақ 9,5 мыңға жуық жалдамалы тұрғын үй салынды, бұл сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй. Тұрғын үйдің бұл саны жеткіліксіз екені түсінікті, алайда барлық азаматтар тұрғын үйдің қолжетімділік сатысын пайдалана алмайды, арзандатылған несие ала алмайды. Осыған байланысты сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй берудің жаңа тетіктерін әзірлеу туралы шешім қабылданды», — деп түсіндірді Р. Скляр.

Сонымен, Роман Скляр қазіргі уақытта жеке құрылыс компанияларына өз қаражатына тұрғын үй салу ұсынылатынын айтты.

«Біз жеке құрылыс компанияларына өз ақшаларына тұрғын үй салуды, оны күтіп ұстауды, әділ жалдау ақысын тағайындауды ұсынамыз. Бұл ретте мемлекет жаңа тұрғын үй салмайды, кезекте тұрған мұқтаж адамдар бұл пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға алуы үшін жалдау ақысының мөлшерлемесін субсидиялайтын болады», — деп толықтырды Үкімет басшысының орынбасары.

Бағдарламаның бұл моделі ҚР ИИДМ әзірлеген тұрғын үй саясаты жөніндегі заң жобасы шеңберінде іске асырылатын болады, деп түйіндеді Р. Скляр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу