Қазақстан «Doing Business» рейтингінде Австриядан, Жапониядан, Испаниядан, Франциядан, Швейцариядан және ТМД елдерінен алға шықты

ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі позицияларының жақсаруына әсер еткен, атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. 

Еске сала кетейік, өткен аптада Дүниежүзілік банк Doing Business бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша жыл сайынғы рейтингті жариялады, онда Қазақстан 28-ден 25-орынға дейін 3 тармаққа көтерілген. 

Ж. Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан 3 позицияға жоғарылап, әлемнің 190 елінің арасында бизнесті жүргізу бойынша ТОП-25 елдің қатарына кірді, бұл Үкіметтің жылдан жылға бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шараларының әрекетті болып келгенін көрсетті.

Қазақстан 79,7 балы бар Германиядан кейін ықтимал 100 балдың 79,6 балына ие болды. Қазақстан Австриядан, Жапониядан, Испаниядан, Франциядан, Швейцариядан және ТМД елдерінен озды.

Сонымен қатар, Ж. Мәдиев 2016 жылы «Nur Otan» партиясының XVII съезінде 2021 жылға қарай «Doing Business» рейтингінің ТОП-25 елінің қатарына кіру міндеті қойылғанын еске салды. Бүгінде, осы міндет 2019 жылы орындалды.

«Балдар саны бойынша біз 79,6 балл алған Канада және Ирландиямен тең позициядамыз. Олар рейтингде 23 және 24-орындарға ие», — деді Ж. Мәдиев.

Соңғы екі жылда Қазақстан 11 позицияға жоғарылады (2017 жылы – 36-орын, 2018 жылы – 28-орын). Бұл Үкіметтің 2014 жылдан бастап заңнамалық бастамалардың 7 топтамасы шеңберінде қабылданған реформаларының рекордты нәтижелерін көрсетеді.

Рейтингтің нәтижелеріне сәйкес Қазақстан 10 негізгі бағыттың 3-уі бойынша жоғарылады және «Шарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторы бойынша әлемдегі төртінші орнын сақтап қалды. 

Қазақстан «Кредит алу» (+35 позиция), «Кәсіпорындарды тіркеу» (+14 позиция), «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» (+9 позиция) индикаторлары бойынша айтарлықтай өсім көрсетті.

Қазақстан іске асырған негізгі реформалар:

  • «Астана-1» электрондық кедендік декларациялау жүйесін енгізу; 

  • Қосымша құн салығын тіркеу уақыты 5-тен 1 жұмыс күніне дейін қысқарды;

  • Заңды тұлғалардың пайдасына қарай өтеу туралы сот актісін орындауға уақыт шығыны 231 күннен 64 күнге қысқартылды;

  • Тапсырыс берушіде жер учаскесіне құқығы болған жағдайда жергілікті атқарушы органдардан құрылысқа қосымша рұқсат алу қажеттілігі алып тасталды;

  • Шотты онлайн ашқаннан кейін банкке бару қажеттілігі алып тасталды, бұл компанияларға шотты ашқан сәттен бастап оны қашықтықтан пайдалануға мүмкіндік береді;

  •  «Сот кабинеті» сервисі шеңберінде үйден немесе кеңседен шықпай сотқа талап арыз (шағым, өтініш, пікір, қарсы талап арыз немесе өтініш) беру және онлайн режимде мемлекеттік баж төлеу мүмкіндігі ұсынылған.

Бұл ретте, заңнамалық бастамалардың әзірленіп жатқан 8-топтамасы шеңберінде мыналар ұсынылады:

  • Электр желілеріне қосылу бойынша «Бір терезені» енгізу;

  • ҚҚС төлеушісі ретінде тіркеу бір күннің ішінде электрондық өтінім бойынша ғана жасалады;

  • ХҚКО-ға келмей жеке кабинетте компанияның электрондық цифрлық қолтаңбасын алу;

  • ЖШС мүшелері арасында дауларды (тығырықты жағдайларды) шешу тетігін енгізу;

  • Электр желілеріне қосылуға өтінішті электрондық түрде беру жүйесін енгізу;

  • ҚМЖ бастағаны туралы МСҚБ басқармасына және жол полициясына хабарлама беру рәсімін алып тастау;

  • Сәулет-жоспарлау тапсырмасы, топографиясы және техникалық шарттары бар жер учаскелерін беру;

  • Тәуекелі төмен құрылыс жобаларын міндетті сараптамадан алып тастау.

«Қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлік әлеуетті ашуға, бизнес ахуалды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Іскерлік ахуалды жақсарту шағын және орта кәсіпкерліктің өсуін қамтамасыз етеді, бұл елдің экономикалық өсуіне және халықтың әл-ауқатының жақсаруына жәрдемдеседі», — деді вице-министр.

Кәсіпкерлік қызмет жөніндегі заңнама 2014 жылы Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тұжырымдамасын, ал 2015 жылы Кәсіпкерлік кодексті қабылдай отырып реформаланған болатын. Сонымен қатар, 5 жыл бойы «Doing Business» рейтингі шеңберінде бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған заңнамалық бастамалардың 7 топтамасы қабылданды.

«Біз осымен тоқтап қалмаймыз, біздің өршіл мақсатымыз – Қазақстанда бизнес үшін ең үздік жағдайды жасау және “Doing Business” рейтингінің ТОП-20 үздік елдерінің халықаралық бағасын алу», — деп түйіндеді ҚР ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу