Қазақстан экспорттық әлеуеті жоғары тауарлар мен қызметтерді жедел ілгерілету жобасын іске қосады — Р. Скляр

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша брифинг өтті. Брифингке ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және ҚР энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты.

«Бәсекеге қабілеттілікті сақтау және экономика салаларының дамуы – Үкіметтің стратегиялық міндеті және негізгі жұмыс векторларының бірі. Бұл бағыттағы шешуші кезең ұлттық жобаларды қабылдау болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканың нақты секторын одан әрі дамытудың басым міндеттеріне баса назар аударды», — деді Р. Скляр. 

Бұдан әрі ол Президент Жолдауын іске асыру үшін қандай жұмыс атқарылып, қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы баяндады. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау туралы айтты.

Экономиканы қалпына келтіру және одан әрі өсу траекториясына шығу үшін Президенттің тапсырмасы бойынша 2022 жылдың соңына дейін Қазақстанда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау шаралары ұзартылды, ол өз қажеттілігін отандық өндірісті дамытудың пәрменді құралы ретінде дәлелдеді.

«Бағдарламаны іске асырудың 2,5 жылында 787 млрд теңге сомасына 3011 жоба мақұлданды. Аталған жобаларды іске асыру ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға, ең алдымен, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын шығаруға бағытталған», — деп атап өтті ол.


Барлық жобаларды іске асырудың болжамды нәтижесі — 35 мың жаңа жұмыс орнын құру және салық базасын 100 млрд теңгеге ұлғайту.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудағы келесі қадам өнеркәсіптік саясатты іске асыру болмақ.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. Склярдың айтуынша, Индустрияландыру картасы аясында 12 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орнын құрумен, жалпы сомасы шамамен 1,23 трлн теңгені құрайтын 128 жоба жүзеге асырылуда. 

«Индустрияландыруды одан әрі дамытудың кешенді және жүйелі тәсілінің керектігін ескере отырып, “Өнеркәсіптік саясат туралы” Заң қабылданады. Ол саладағы жұмыст процесін жүйелендіріп, мемлекеттік қолдау көрсету шарттарын жеңілдетеді. Қазіргі уақытта заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралуда. Заңнамалық жұмыстардан басқа, өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін бірқатар жүйелік шаралар дайындалып жатыр», — деді ол. 

Металлургия өнеркәсібінде биыл отандық өңдеу өнеркәсібін шикізатпен толық қамтамасыз ететін реттеу механизмін бекіту жоспарлануда. 

Экспорттық әлеуеті жоғары тауарлар мен қызметтерді жеделдету бағытында жаңа жоба іске қосылды. 2021 жылы «Экспорттық акселерация» бағдарламасы аясында 130 жаңа қатысушы сыртқы нарыққа шығарылады. 

Жалпы алғанда бұл шаралар кешені өнеркәсіптік саясатты тиімді іске асыруға ықпал етіп, Жолдауда айтылған өңдеу өнеркәсібі экспортын 1,5 есе арттырып, $24 млрд жеткізуге, сонымен қатар 2025 жылға қарай еңбек өнімділігін 30% өсіруге бағытталған. 

Президент Жолдауын іске асырудағы келесі қадам – геология саласын дамыту.

«Жолдауда жер қойнауын геологиялық барлау мен кешенді зерттеуге, сондай-ақ инвесторлардың сапалы геологиялық ақпаратқа қол жеткізуін кеңейтуге ерекше назар аударылған. “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” кодекстің қабылдануымен сала жаңа серпінге ие болды, ол геологиялық барлау саласындағы нарықты дамыту және елге заманауи технологиялары бар инвесторларды тартуға жағдай жасады. Қазіргі уақытта Үкімет геологиялық қызметті жетілдіру бойынша жұмыстарды бастады», — деді Р. Скляр.

Ол бірінші кезекте инвесторлар үшін «бірыңғай терезеге» айналатын, геологиялық ақпараттың халықаралық стандарттарға сәйкес сақталуын қамтамасыз ететін Ұлттық геологиялық қызмет құрылатынын түсіндірді. Бұдан өзге «Минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі» геологиялық ақпараттың дерекқорын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жүйе мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың өзара қарым-қатынасын цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.

«Бұл шаралар еліміздің ресурстық әлеуетін ашуға және жер қойнауының геологиялық зерттелуін арттыруға ықпал етеді», — деп толықтырды Р. Скляр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу