ҚР СІМ ҚХР-дағы қазақстандық студенттер үшін арнайы бортты ұйымдастыру мәселесін пысықтауда

ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасының аумағында жүрген Қазақстан азаматтары туралы айтып берді.

ҚР СІМ мәліметтері бойынша, қазіргі таңда Ухан қаласында қазақстандық 98 студент бар. Қытайдағы Қазақстан елшілігі студенттермен тікелей байланыс орнатуда.

«Студенттерде қажетті нәрсенің барлығы бар, өздері білім алып жүрген университеттер оларды барлық қажеттімен қамтамасыз етуде. Бұл медициналық бұйымдар, соның ішінде, бірінші кезекте, маска. Азық-түлік өнімдері де жеткілікті мөлшерде. Өздеріңіз білетіндей, Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бізде ведомствоаралық комиссия құрылған. Кеше отырыс өтті, қазір біз студенттерді көшіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл мәселе бойынша Қытай тарабына ресми нота жіберілді. Қазіргі уақытта маршрутқа қатысты нақты мәселелер пысықталуда: ұшақ ұшып шығады ма, қайда қонады, адамдарды қайдан алу қажет болады деген мәселелер қаралуда. Студенттермен келіссөздер жүргізіліп жатыр және олардың санына байланысты арнайы бортты жіберу мәселесін пысықтайтын боламыз. Дипломатиялық рұқсат алу Қытаймен келісу кезеңінде», — деді Ш. Нұрышев.

Оның айтуынша, Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі мен бас консулдығы қазір ҚХР азаматтары үшін денсаулық жағдайы туралы анықтаманы талап ету тұрғысынан талаптарды күшейтті. 

«Үкіметтің шешімімен ҚХР азаматтарының Қазақстан аумағында визасыз транзиттік 72 сағаттық келу тәртібі уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта ҚХР азаматтары үшін әуежайға келгеннен кейін электрондық визаларды ресімдеуді тоқтата тұру туралы шешім қабылданды», — деп хабарлады министрдің бірінші орынбасары.

Қазіргі уақытта ҚР СІМ мәліметтері бойынша, ҚХР аумағында Қазақстанның 1300-ге жуық азаматы бар. Олардың 635-і Хайнань провинциясында жүрген 635 турист. 204-і елшіліктің, бас консулдықтың қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ қазіргі уақытта Қытай аумағында жүрген Қазақстанның 445 азаматы.

«Кеше ҚХР СІМ-де шетелдік дипломаттарға арналған брифинг өтті, шара барысында қытай тарапы өз аумағында орын алған жағдай туралы айтты. Әрине, олар барлық тиісті шаралар қабылданғанын, бәрі де бақылауда екенін айтты. Қозғалысты азайту үшін азаматтарың мүмкіндігінше тұрғылықты мекенжайларында қалуын сұрады, сонымен қатар, олар шетел мемлекеттерінен шұғыл өтініш түскен жағдайда сол елдердің азаматтарын эвакуациялау және шығару мәселесін қарауға дайын екенін айтты», — деп атап өтті Ш. Нұрышев.

Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан жаһандық қауіп-қатер және шекараның жабылуы туралы хабарламалар түспегенін атап өтті.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі уақытта халықаралық саяхаттарды шектеуді ұсынбайды. Менің білуімше, бірде-бір ел Қытаймен шекараны жаппады. Біз азаматтардың Қытай шекарасы арқылы өту трафигі басқа елдерге қарағанда біршама есе көп екенін түсінеміз, бірақ онда мұндай шаралар қабылданып жатқан жоқ. Сондықтан да үкіметтік комиссия шекараны жабу жөнінде шешім қабылдаған жоқ, дегенмен мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға Қытайға іссапарларды шектеуді ұсынады. Сондай-ақ, азаматтарға жеке және басқа да істері бойынша бармауды ұсынамыз. Бұл ҚХР-ға баратын азаматтарымыз үшін сын-тегеуріндерді азайту үшін жасалуда», — деді денсаулық сақтау министрі.

ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин, өз кезегінде, қазақстандықтарға инфекция жұқтырған болуы мүмкін адамдармен және халық көп шоғырланған жерлерде маска киіп жүруге кеңес берді. Көшеде маска кию қажет емес.

«Ашық ортада бұл вирус өмір сүре алмайды. Ең көп дегенде ол тек бір күн өмір сүреді. Вирустың таралуының оңтайлы температурасы 36-37 градусқа тең, яғни бұл вирус адамдар мен жануарлардың ағзаларында ғана өмір сүреді. Сондықтан вирустың тамақ өнімдерін немесе сәлемдемелерді тасымалдау арқылы таралуы екіталай. Бізге Қытайдан темір жол көлігімен немесе автокөлікпен әкелінетін тауарлар 2-3 күнге жуық уақытта жеткізіледі, яғни вирус ол аралықта күшін жояды. Тағы бір ұсыныс – азық-түлікті тұтынар алдында жақсылап жуу қажет немесе термиялық өңдеуден өткізу қажет. Ал шикі көкөністер мен жемістерді ағынды сумен жуып, ыстық сумен шаю қажет», — деді Ж. Бекшин.

Айта кету керек, қытай жаңа жылын мерекелеу кезінде туристердің жаппай жолға шығуы тұрғысынан ҚХР-дан тыс жерлерге инфекцияның таралу қаупі жоғары.

Эпидемиологиялық зерттеулерге сәйкес, ауырғандардың көпшілігі Хубей провинциясының Ухан қаласында орналасқан Хуанань теңіз өнімдерінің, мал, құстардың және экзотикалық өнімдердің көтерме сауда нарығында жұмыс істеген немесе өңдеушілер болған немесе жиі келушілер болған.

Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша шекаралық аймақтардың өткізу пункттерінде, әуежайлар мен вокзалдарда коронавирустың енуі мен тарауына қарсы іс-қимыл шаралары жүргізіліп жатыр: келуші халықаралық авиарейстерге тепловизиялық бақылау күшейтілді, барлық адамдардың міндетті байланыссыз термометриясы жүргізілуде, әуежайлар, шекара және кеден қызметінің қызметкерлерімен, ұшу құрамымен, жолаушылар пойыздарының жолсеріктерімен профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды. Әуежайларда ҚХР-ға шығатын барлық адамдар үшін жадынама беріледі.

Сонымен қатар, 1406 (Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының негізінде), + 7 (7172) 76-80-43 call-орталығы ұйымдастырылған, оған азаматтар қоңырау шалып, әлемдегі коронавирус аурes туралы, сондай-ақ аурудың алдын алу шаралары мен негізгі белгілері туралы барлық өздерін қызықтыратын ақпаратқа тәулік бойы жауап ала алады.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу