Барлық әлеуметтік төлемдер көлемі инфляция деңгейіне сәйкестендіріледі — ҚР ЕХӘҚМ

Үкімет отырысы бойынша өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлемде қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты тұрғындарға әлеуметтік төлем жасау қалай өзгеретіні туралы айтып берді. 

«Сыртқы нарықта қалыптасқан, Қазақстанның экономикасына ықпалын тигізіп отырған жағдайға қарамастан, мемлекет ел халқының алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындайтын болады. Қазақстанда 4 млн-нан астам адам зейнетақы мен түрлі жәрдемақылар алады. Бұл мақсатқа 3,4 трлн теңге қарастырылған», — деді министр.

Сонымен қоса, ол алдағы жылдары әлеуметтік төлемдердің қысқармайтынын айтты. 

«Әлеуметтік төлемдер еш уақытта қысқармайды. Бұл Премьер-Министрдің бүгінгі тапсырмасына орай ғана емес. Бұл – біздің мемлекетіміздің 10 жылдан астам уақыттан бергі әлеуметтік саясаттағы негізгі ұстанымы. Сондықтан әлеуметтік төлемдердің көлемі ешқашан азаймайды. Керісінше, біз алдағы кезеңде егер инфляция өсетін болса, төлемдерді арттыруды жоспарлап отырмыз. Егер алдағы уақытта инфляция деңгейі жоспарланған дәлізден асатын болса, зейнетақы мен жәрдемақы индексацияланатын болады», — деді Б. Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, қазақстандықтардың жалақы көлемі де азаймайтын болады. Жалақы уақытылы төленеді. Бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге қатысты, биыл ол бюджеттің мүмкіндіктеріне байланысты болады. 

«Өткен жылы 1 маусымнан бастап бюджет саласында жалақы 30%-ға көтерілді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап сонымен қатар бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлерінің жалақысы орта есеппен 30%-ға көтерілді», — деді министр.

Жекеменшік ұйымдар туралы айта отырып, Біржан Нұрымбетов оларды индексация мен жалақының өсірілуіне тәуелді ету қиын болатынын айтты. Бұл ретте, Үкіметтің негізгі міндеті жұмыс орындарын сақтау және ағымдағы еңбекақыны уақытылы төлеу болып қала береді. 

«Алдыңғы жылдары жұмыс берушілер бизнестің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін көрсетті. Біз тағы да осыдан үміттенетін боламыз», — деді Б. Нұрымбетов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу