«Нұрлы жер» жаңа бағдарламасы: тұрғын үй кезегі тұрғындардың табыс деңгейіне байланысты жасалатын болады

ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасының жобасы туралы айтып берді. 

Оның айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тұрғын үй құрылысына бағытталатын инвестициялардың жыл сайынғы өсімін қамтамасыз еткен бағдарламалардың бірі болды. Қазір 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» әзірлену үстінде, онда тұрғындардың табысы мен олардың тұрғын үй бағдарламасына қатысуына база назар аударылады. 

«Егер бірінші бағдарлама тек тұрғын үй құрылысына ғана қатысты болса, екінші бағдарламаның қамтитын мәселелері көп. Оның ішінде жылумен және сумен жабдықтау, коммуналдық секторды жаңғырту, тұрғын үйлерді жөндеу және өңірлерді дамыту бар», — деді Қ. Өскенбаев.

Тұрғын үйдің қолжетімділігі сатысы енгізіледі, тұрғындар табысы айқындаушы фактор болады. 

«Біз ішінде қайта бағдарлау жасадық. Кезек адамдардың табысына байланысты жасалатын болады. Біз табыстары бойынша шектеуді ұйғардық, бірінші сатыға табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейінгі (2019 ж. – 29 700 теңге) отбасылар жатады — олар үшін біз сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салуымыз керек. Табысы екі ең төменгі көрсеткіш деңгейіне дейін (2019 ж. – 59 400 теңге)  болатын екінші санаттағы отбасылар үшін біз жылдығы 2% болатын жеңілдікті несие қарастыруымыз керек. Үшінші санатта –табысы үш ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейінгі (2019 ж. — 92 000 теңге) азаматтар – олар үшін біз жылдығы 5% тетікті ұсынамыз. Ал табысы бұдан жоғары азаматтар 7-20-25 бағдарламасына қатыса алады немесе екінші деңгейлі банктер арқылы тұрғын үй алуға үміткер бола алады», — деп түсіндірді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, мысалы «Бақытты отбасы» жеңілдікті бағдарламасында енді шектеу болмайды, барлық санаттағы азаматтар қатыса алады, олар табыстары бойынша бөлінеді.

«Бағдарламаның бірінші кезеңіне тек тұрғындардың үш санаты ғана қатыса алатын. Олар – көп балалы аналар, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Қазір жаңа бағдарламада ешқандай шектеу жоқ, кезекте тұрғындардың бәрі қатыса алады, тек ішінде біз табыстары бойынша бөлетін боламыз», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі. 

Сонымен қатар Қ. Өскенбаев тұрғындардың өмірлік жағдайларына байланысты сатып алатын тұрғын үйінің санатын қайта өзгерту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. 

«Жалға берілген тұрғын үйді мысалы, егер адам жалға алса және бір уақытта ТҚЖБ-де қаражат жинақтаған болса, несиеге берілетін тұрғын үй санатына ауыстыруға болады. Сондай-ақ керісінше жағдай да туындауы мүмкін, мысалы, отбасы мүшелерінің бірі жұмыссыз қалса және несие төлеуге мүмкіндігі болмаса, онда бұл тетік есепшотта жиналған қаражатын сақтауды, бірақ тұрғын үйді отбасының жағдайы жақсарғанша жалға берілетін тұрғын үй санатына ауыстыруды қарастырады. Басқаша айтқанда, біз өмірде түрлі жағдайларға тап болуы мүмкін адамдар үшін барынша жағдай жасаймыз», — деп қосты Қ. Өскенбаев. 

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы 12,5 млн ш.м. немесе еліміздің бір тұрғынына 0,68 ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл ТМД елдерінің арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Биыл 13 млн ш.м. тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу