Газдандыру кезінде есептеуіш құралдары әр тұтынушыға тегін беріледі — Нұр-Сұлтан қ. әкімдігі

ҚР Үкіметінің алаңында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл елорданы газдандыру кезінде есептеуіш құралдарын орнату және газ құбырын әр үйге дейін жеткізу астаналық әкімдіктің есебінен жүргізілетінін айтты. 

Нұр-Сұлтан қаласында газ жүргізілетін алғашқы шағын аудандардың бірі Көктал-1 және Көктал-2, сондай-ақ ЖЭО-1 және ЖЭО-2. Олар магистралды газ құбырына келесі жылу маусымында – 2020 жылдың күзіне қосылады. 

Е. Бәзіл атап өткендей, тұрғындарға тек өз үйлеріне пеш орнату жұмысы қалады – әрбір үйге газ құбырын жеткізу және есептеуіш құралдарын орнату елорда әкімдігінің есебінен жүргізіледі. 

«Мысалы, бізде бірінші кезек бойынша – Оңтүстік-Шығыс, Көктал шағын аудандары бойынша жобада толық газдандыру, яғни жеке тұрғын үйдің әрбірінің шарбағына дейін жеткізу қарастырылған. Сонымен қатар жобада есептеуіш құралдар да ескерілген», — деді басқарма басшысы.

Бұл ретте ол әкімдіктің «ақылды» есептеуіш құралдарын орнататынын атап өтті, яғни, газбен жабдықтау компаниялары бұл приборлардың көрсеткіштерін дистанциялық алады. 

«Бізде нарықтағы бағасы 15 мың теңгеге жуықтайтын ерекше есептеуіш құралдарымен қамту ескерілген. Сонымен қатар көрсеткіштерді дистанциялық бере алатын есептеуіш құралдары бар. Бұл біріншіден, тұрғындарды қажетсіз бақылаушылармен ығыр қылмайды. Осы есептеуіш құралдарының көрсеткіштері дистанциялық беріледі», — деп түсіндірді Е. Бәзіл.

Приборлар әрбір тұтынушыға тегін беріледі. Тек, тұтынушы оның бүлінбеуін қадағалауы тиіс. Әкімдікте есептеуіш құралдарды жылы жерде, тікелей пештердің жанына орналастыру керек деген шешімге келді. 

«Бізде бастапқы жобада есептеуіш құралын орнатқан соң әрбір жеке тұрғын үйдің алдында оны бұзуға қарсы жәшік орнату қарастырылған болатын. Бірақ соңғы кеңесте климаттық жағдайларға байланысты есептеуіш құралдарын үйдің ішіне орнату туралы шешім қабылданды. Біз бірнеше жеткізушілермен – итальяндық, ресейлік, германиялық жеткізушілермен кездестік. 25 градустан төмен суық болған жағдайда ешқандай жеткізуші мұндай есептеуіш құралдарының көрсеткіштерінің дәлдігіне кепілдік бермейді», — деді Е. Бәзіл.

Жобада әкімдіктің газ құбырын пайдалануға беру актісі бар және заң органдарында тіркелген әрбір жеке тұрғын үйдің шарбағына дейін жүргізуі қарастырылған. Газ құбырын үйге дейін тарту, пломбалау және үйді газ құбырына қосу бойынша қалған жұмыстарды тұтынушының өзі атқарады. Ол бұл жұмыстардың неліктен бюджет қаражаты есебінен жүргізіле алмайтынын түсіндірді. 

«Біз бюджет қаражатын жеке секторда пайдалана алмаймыз. Біз газды жекеменшік иелік аумағына дейін жеткіземіз – біздің дәлізге жататын аумақ бойынша ғана. Ал жекеменшік сектор аумағына біз бюджет қаражатын жұмсай алмаймыз. Ол жерлерге үй иесінің шығындары жұмсалады», — деді Е. Бәзіл.

Бұдан өзге, елордалық әкімдіктің өкілі тұтынушылардың мұндай жұмыстарға жұмсайтын шығындары орта есеппен 30 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейінгі аралықта болатынын жеткізді. 

«Одан соң құбырдың ұзындығына байланысты. Әрбір үйдің жеке ерекшеліктері бар – мүмкін, қоршаудан үйге дейін небәрі бір метір шығар, үш метр, бес метр боулы мүмкін – осы аралықты тұтынушылар өздері монтаждайды, аттестаты бар арнайы ұйымды жалдайды. Бұл шаралардың барлығы жұмыс құнына байланысты. Мысалы, Алматыда орта есеппен 30-35 мың теңге аралығында, 60 мыңға дейін жетуі мүмкін. Егер пеш құрамдастырылған болса, сұйық және сұйытылған газбен жұмыс істейтін болса, онда проблема жоқ, ештеңе өзгертілмейді, тек газға қосылды. Егер көмір жағылған пеш болса, онда ауыстыру керек. Бұл енді тек тұтынушының өзінің шығындары», — деді Е. Бәзіл. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу