Шетелдік автокөліктерді тіркеу: ҚР ІІМ-де жоспарланған өзгерістер түсіндірілді

Бүгін ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру туралы баспасөз конференциясы барысында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшысы Марат Тұяқпаев шетелдік автокөліктерді міндетті тіркеуді енгізу жөніндегі жоспарлар туралы сұрақтарға жауап берді.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында ұзақ уақыт қолданылып жүрген, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарын міндетті түрде уақытша тіркеуді енгізу мәселесі талқыланып жатыр.

М. Тұяқпаев қазақстандықтардың шағымдарына сәйкес, шетелдік, соның ішінде Ресей Федерациясы, Армения және т.б. елдердің автокөлік құралдарын жүргізіп жүрген жүргізушілер тарапынан құқықбұзушылықтар орын алуда. Шұғыл ақпараттың болмауынан құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту процесі күрделенуде.

Себебі — аталған мемлекеттердің көлік құралдарының деректер базасының болмауы. Заңнамаға сәйкес, жауапкершілікке тарту мерзімі құқық бұзылған уақыттан бастап екі айды құрайды, ол уақыт өткен соң жауапкершілікке тарту мүмкін болмайды.

«Ең бастысы – бұл жерде аталған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынбайтынын түсіну қажет. Яғни, біздің мемлекетіміз көлік құралдарын басқа елдерден әкелуге еш қарсылық білдірмейді. Оларды уақытша тіркеу, есепке алу міндетті болады. Сондай-ақ, мұнда арнайы ХҚКО барып, кезекте тұрудың қажеті жоқ, онлайн тіркелуге болады», — деп спикер, аталған түзетулерді қабылдау туралы шешім жұртшылықпен талқыланғаннан кейін барып қабылданатынын айтты.

Марат Тұяқпаевтың айтуынша, осы көлік құралдарын пайдалану бойынша ешқандай шектеу шаралары жоқ. Басты мақсат — бәрін ретке келтіру.

«Мұнда кедендік тазарту және салық төлеу туралы айтып тұрған жоқпыз. Бұл – көлік құралдары туралы мәліметті есепке алу. Қазақстан азаматы аталған көлік құралымен елге кірген болса, ол тиісті рәсімдерді орындауы тиіс», — деді спикер. — Ешқайда барудың қажеті жоқ, бұл тегін әрі көп жұмысты талап етпейтін жұмыс. Азаматтардың ешқандай құқығы мен мүддесіне қысым жасалмайды».

Осылайша, құқық бұзылған жағдайда автоматтық жүйелер арқылы құқық бұзушыны оңай анықтауға болады. ҚР ІІМ деректері бойынша, өткен жылы шет мемлекеттердің тіркеу нөмірлерімен шетелдік машиналардың 42 мың құқықбұзушылығы анықталған. Бұл — Ресей, Армения, Қырғызстан. Биылғы 5 айда — 41 мың.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу