Жолаушылар тасымалы екі есе ұлғайды — Б. Камалиев «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында азаматтық авиацияның дамуы туралы айтып берді

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасының бағыттарының бірі болып табылатын авиация саласының дамуы туралы айтып берді. 

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру Қазақстанның заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға, сондай-ақ оның халықаралық көлік жүйесіне кірігуін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен жөн. 

Мәселен, елімізде «Азаматтық авиацияны дамыту» бағыты бойынша инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Олардың мақсаты - әуежайлардың өткізу қабілетін арттыру, әуежайларды   ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестендіру, ұшулар қауіпсіздігін, қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ қабылданатын әуе кемелерінің типтерін кеңейту. 

Баспасөз конференциясы барысында Б. Камалиев авиация саласы мемлекеттік негізгі салаларының бірі екенін айтты. Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалы салынған, Орал, Петропавл, Алматы, Семей, Қостанай, Балқаш әуежайларында 6 ұшу-қону жолағы жаңғыртылған. Түркістан әуежайының жолағын жаңғырту биыл басталды, бұл жоба 2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасына өтеді. 

Халықаралық авиамаршруттар саны 99-ға жетіп, Гонконг, Токио, Ұланбатыр, Прага сияқты жаңа бағыттар ашылды. 

2012 жылдан бері Қазақстанда 51 әуе компаниясы жұмыс істейді. 

Саланы дамыту бойынша бұдан арғы жоспарлар туралы сұрақтарға жауап бере отырып, Б. Камалиев ведомствоның алдына қойып отырған негізгі мақсаты -  әуе билеттерінің құнын төмендету, барлық өңірлерде әуежайларды іске қосу, Сингапур, Шанхай, Нью-Йорк қалаларына жаңа халықаралық бағыттар ашу, қазақстандық әуе компанияларының деңгейін көтеру екенін атап айтты. 

ҚР ИИДМ мәліметтеріне сәйкес, азаматтық авиация саласында бесжылдық қорытындылары бойынша отандық әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 16,2 млн адамға дейін өсті, 8,1 млн жолаушы тасымалданды, бұл 2014 жылғымен салыстырғанда 47%-ға артық. Жалпы, отандық әуе компанияларының әуе кемелерінің өсуі және жаңаруы байқалып отыр. Әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне 78 бірлік енгізілді, ал негізгі тасымалдаушылар парктерін 22 ұшаққа толықтырды. 

«Бірақ ең бастысы — ішкі қазақстандық бағыттардың жұмысын жақсарту, оларды туризмді дамыту бағдарламасына сәйкес келтіру. Қазақстандықтар ел ішіндегі демалыс орындарына ұшып барулары үшін барлық жағдайларды жасау. Осыған байланысты Үшарал, Үржар, Аягөз, Қарқаралы, Ұлытау және басқалары тәрізді әуе тораптары пайдалануға беріледі», — деді вице-министр Б. Камалиев мысалы, Алакөлге Үшарал және Үржар арқылы ұшақпен жетуге болатынын атап өтіп. 

Сонымен қатар вице-министр Қазақстанның курорттық аймақтарына апаратын атвомобиль жолдарының құрылысы туралы айтып берді. Қазіргі кезде Эксим банк займдарының есебінен Алакөлге апаратын Талдықорған-Өскемен жолы салынып жатыр. Үшінші санаттағы жол екінші санатқа жатқызылады, жолда қозғалыс келесі жылы ашылады. Жұмыстарды 2021 жылы толық аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар түйісетін Қалбатау - Майқапшағай, Таскескен - Бақты учаскелерін реконструкциялау аяқталады. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасының орынбасары Амангелді Беков өз кезегінде бүгінгі таңда жол құрылысына пайдаланылатын құрылыс материалдарының 95%-ы Қазақстанда шығарылатынын атап айтты. Оған цемент, бетон, қиыршық тас, темірбетон конструкциялар, металл жатады. Шетелден әкелінетін қалған 5%-ы – Қазақстанда шығару экономикалық тұрғыдан мүмкін емес материалдар. Мысалы, битум құрамдасы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу