ҚР ИИДМ-де көп балалы отбасылардың жалдамалы пәтерлерде тұру мерзімдері туралы хабарланды

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шаралары аясында берілген жалдамалы үйлерде көп балалы отбасылар қанша уақыт тұра алатыны туралы айтып берді.

Қ. Өскенбаевтың айтуынша бастапқыда-ақ тұру мерзімі бойынша шектеу қойылған жоқ.

«Тұрғын үй қатынастары туралы заң – шынымен де әлеуметтік бағдарланған. Бұл мемлекетіміздің идеологиясы мен саясаты, сондықтан да, жалдамалы үйде кәмелеттік жасқа толғанша немесе қандай да бір жасқа толғанша тұрады деген секілді шектеулер қойылған жоқ», — деді ол.

Сонымен қатар, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі келісімшартта көрсетілген отбасы мүшелері ғана осы пәтерде шектеусіз уақыт тұра алатынын атап өтті.

«Басты айта кетерлігі, бізде заңға қосымша актілерде осы пәтерді келісімшартта ЖСН-ге сәйкес есімдері көрсетілген адамдар ғана алатыны туралы ереже болады. Пәтерді аты-жөндеріне сәйкес алған азаматтар аталған пәтерде қалағанынша тұра алады. Ешкім оларды ол пәтерден шығарып тастамайды. Олар өздерінің тұрғын үй жағдайларын реттеп, басқа баспанаға көшкенше сол жерде тұра береді», — деді Қ. Өскенбаев.

Бұдан өзге, Қ. Өскенбаев белгілі бір бұзушылық болған жағдайда жалға алушылар пәтерден шығарылуы мүмкін екенін айтты.

«Егер тұрғындар 6 ай ішінде коммуналдық төлемдерді төлемесе, әдейілеп мүлікке зиян келтірсе, баспананы басқа мақсаттарға пайдаланса – дүкен немесе жатақхана ретінде пайдаланса немесе жалға берсе, пәтерден шығарылуы мүмкін», — деп түйіндеді Қ. Өскенбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу