Жақын арада уақытын анықтай отырып, ревакцинациялау тактикасы туралы шешім қабылданбақ — ҚР ДСМ

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша брифинг өтті. Вакциналау барысы және ревакцинацияға дайындық туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтып берді.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта КВИ-ға қарсы ревакцинация жүргізу әлемдік тәжірибені және халықаралық ұйымдардың – ДДҰ, СДС ұстанымдарын зерделей отырып, талқылау сатысында тұр. 

«Қазір ревакцинация мәселесі әлемнің барлық елдерінің алдында тұр. Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлерінен, жетекші ғалымдар, клиницистер, дәрігерлерден тұратын жеке жұмыс тобы құрылды. Біз жетекші халықаралық агенттіктерден, ДДҰ-дан және басқа да ұйымдардан ақпарат сұраттық, қазіргі уақытта барлық тәжірибе жинақталуда», — деді А. Цой.

Бүгінгі таңда әлемдік деңгейде вакцинация курсы мен ревакцинация арасындағы интервал, халықтың қандай топтары ревакцинацияға жататыны туралы нақты критерийлер жоқ. Бұл мәселе ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің консультативтік органы – ҚР халқын иммундау жөніндегі консультативтік комиссияның отырысында қаралды.

Жақын арада уақытын және қайта вакцина алатын контингентті анықтай отырып, ревакцинациялау тактикасы туралы шешім қабылданбақ.

«COVID-19 ревакцинациясы қазіргі таңда әлемдегі жаңа тәжірибе болмақ. Барлық деректерді жинақтағаннан кейін, жақын арада Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы халықты иммундау жөніндегі консультативтік комиссияның қорытындысынан кейін сарапшылар тобы қорытынды береді, біз міндетті түрде хабарлаймыз. Медициналық нысандардың дайындығы тұрғысынан бізде толық дайындық бар, барлық егу пункттері дайын, дәрігерлер оқытылған және шешім қабылданғаннан кейін бүкіл ел толыққанды режимде жұмыс істейтін болады», — деп түйіндеді А. Цой.

Анықтама: Алдын ала деректер бойынша ревакцинация екінші дозадан кейін 9 айдан соң жүргізілетін болады. Бұл ретте, ревакцинация бірінші кезекте халықтың әлсіз топтарынан тұратын контингенттерге ұсынылатын болады.

«Биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап тамыз айының соңына дейін бізде вакцина алған, қайтыс болған азаматтардың саны 482 адамды құрады, бұл коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың жалпы санының шамамен 5%-ын құрайды. Қайтыс болған азаматтардың басым бөлігі вакцина алмағанын атап өткен жөн», — деді А. Цой.

Айта кетейік, республика бойынша коронавирус инфекциясын диагностикалауды жүзеге асыратын зертханалар 2020 жылдың наурызынан биылғы 23 қыркүйекке дейін 17 402 205 зерттеу жүргізді.

Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 56 мыңнан астам зерттеу жүргізілуде, ҚР бойынша зертханалардың жүктемесі 44,6%-ды құрайды.

Осы жылдың 24 қыркүйегіндегі жағдай бойынша КВИ диагностикасын 165 зертхана, оның ішінде 91 мемлекеттік зертхана және 74 жеке зертхана жүзеге асырады. Барлық жұмыс істеп тұрған зертханалардың жалпы қуаты тәулігіне 126 541 зерттеуді құрайды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу