Қазақстан Президенті Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярды қабылдады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда «ашық аспан» жүйесін құру жөнінде атқарылған жұмыстар туралы баяндалды. Биыл Қатар, Польша, Оман, Беларусь, Малайзия, Румыния, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт секілді елдердің танымал әуе компаниялары 14 жаңа бағыт ашады деп жоспарлануда. Швейцария, Оңтүстік Корея, Сингапур, Латвия, Литва елдеріндегі авиация саласының басшылығымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Роман Скляр Мемлекет басшысының 2019 жылғы тапсырмалары орындалып, нәтижесінде жаңа 12 бағыт – Елордадан Прагаға, Ұлан-Батырға және Токиоға рейстер ашылғанын хабарлады.

Президент мүдделі мемлекеттермен арадағы әуе қатынастарын кеңейтуді, сондай-ақ, Қазақстанның негізгі әуежайлары арқылы өтетін жүк тасымалының көлемін ұлғайтуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласындағы бәсекелестікті арттырудың маңыздылығын атап өтіп, оның жолаушыларға қызмет көрсету сапасына және азаматтық авиацияны дамытуға оң әсер ететінін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу