ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар нысандарды аралады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жанұя» отбасын қолдау институты орталығына барды. Мемлекет басшысы астаналық отбасыларға «бір терезе» қағидаты бойынша заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысты. Бұл жерде денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, атаулы әлеуметтік көмек алу және тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы жайында кеңес алуға болады.

«Жанұя» орталығының бастамаларын жоғары бағалаған Мемлекет басшысы аталған мекеменің тәжірибесін еліміздің барлық аймақтарында іске асыру керек екенін айтты.

Сонымен қатар Президент орталықтың базасында іске асып жатқан «Кәсіпкер ана» жобасының қатысушыларымен де әңгімелесті.

«Біздің елімізде жұмыс істеп, жетістікке жеткісі келетін адам – оның жолын іздейді және табады. «Іздеген жетер мұратқа», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысы елордадағы №23 орта мектепке барды. Мектепті аралау барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президентке астананы дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 5 мың орындық 6 жаңа мектеп, ал 2020 жылы 9 мың орындық 12 мектеп пайдалануға беріледі.

Мемлекет басшысына елорда халқының 25 пайызы тұратын қала аумағындағы 16 тұрғын үй алабын дамыту жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу жайында да мәлімет берілді. Сондай-ақ Алтай Көлгінов қазіргі уақытта қалада үш ауысымды 8 мектеп барын, келешекте олардың саны орташа есеппен жыл сайын 10-12 мектепке артатынын айтты.

Сонымен қатар әкім Президенттің тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 жаңа спорт нысанының құрылысы басталғанын хабарлады.

Мемлекет басшысы №23 мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін аралады, оқушылармен және мұғалімдермен әңгімелесті. Мұғалімдер Президентке мектептің қажеттіліктері туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің түйткілді мәселелерімен таныс екенін, аталған ауданда қысқа мерзім ішінде жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.

«Бұл – іске асатын жоспар. Сіздерге алдағы уақытта жаңа мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік болады», – деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Astana Ютария Ltd» өндірістік-инновациялық компаниясына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби тігін жабдықтарын құрастырумен әрі жеткізумен айналысатын, арнайы киімдер мен басқа да тұрмыстық және техникалық бұйымдар шығаратын мекеменің жұмысымен танысты.

Президент шығарылатын өнімдердің сапасы мен сұранысқа ие болуын оң бағалап, компанияның экспорттық әлеуетіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мекеме қызметкерлерімен әңгімелесу барысында олардың еңбегінің еліміз үшін маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол мемлекеттің халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсететінін және осындай жандар үшін жұмыс орындарын ашатын мекемелерге әрқашан көмек беретінін атап өтті.

«Сіздердің фабрикаларыңызды үлкен қызығушылықпен аралап шықтым. Шын мәнінде, бұл қажетті әрі озық өнім шығаратын және жақсы жабдықталған әлеуметтік-жауапты кәсіпорын. Ең бастысы, мұнда сіздер сияқты ісмер адамдар жұмыс істейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мекеме қызметкерлері фабрикаға келгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, оның мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Жалпы мекемеде 460 адам жұмыс істейді, соның ішінде 45-і халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу