2060 жылға дейін Қазақстан көміртекті бейтараптыққа көшеді 

Орталық коммуникациялар қызметінде экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев көміртекті бейтараптыққа көшу туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу доктринасы 2 сценарийді қамтиды: негізгі және көміртекті бейтараптық. 

«Базалық сценарий, бұл экономиканы декарбонизациялау шараларынсыз жол. Модельдеуге сәйкес базалық сценарий экономика өсімінің болжамды көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Бұл сыртқы үш фактордың әсеріне байланысты. Біріншісі, Еуропалық Одақтың және еліміздің басқа да ірі сауда серіктестерінің шекаралық көміртегі салығын енгізуі. Сонымен қатар, Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша энергия ресурстары бағасының төмендеуі және климаттың өзгеруінің ауыл шаруашылығына теріс әсері», — деді министр.

Көміртекті бейтараптық сценарийі 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін қажетті шараларды қамтиды.  

«Біздің есептеулеріміз бойынша, бұл аталған тәуекелдерден күтілетін залалды 2 еседен артық қысқартуға мүмкіндік береді. Модельдеу нәтижелері 2060 жылға қарай Қазақстан бүкіл экономика ауқымында нөлдік шығарындылар балансына жететінін көрсетті. Шығарындылардың көп бөлігін болдырмауға болады, ал қалған шығарындыларды көміртекті ұстау және сақтау технологиялары ұстап, өсімдіктер мен топырақ сіңіреді. Экономиканы декарбонизациялауға арналған шараларды жүзеге асыру отын-энергетикалық кешеннің өзгеруіне әкелетіні сөзсіз. 2017 жылы отын-энергетикалық себет 54% көмірден, 24% мұнайдан және 22% газдан тұрды. Модельдер есептеулері көрсеткендей, 2060 жылға қарай бастапқы отын-энергетика ресурстары құрылымындағы қазбалы энергия ресурстарының үлесі 3,4 есе қысқарып, 29% құрайтынын, ал ЖЭК үлесі ағымдағы 3%-дан 70%-ға дейін өсетінін көрсетті», — деді С. Брекешев.

Энергия ресурстарын түпкілікті тұтыну құрылымында өнеркәсіп пен ғимараттар тиісінше 42% және 40% тұтынды, тұтынылған энергия ресурстарының 14% көлікке тиесілі болды. Есептеулер бойынша 2060 жылы өнеркәсіп секторы барлық энергия ресурстарының 65%-ын тұтынатын болады. Ғимараттарды тұтыну 23%-ға дейін қысқарады, көліктің энергия тұтынуы 9%-ға дейін төмендейді. Модель есептеулеріне сәйкес, 2060 жылға қарай шығарындылар шамамен 76 млн тонна СО2 құрайды.  

Болжам бойынша, ауыл шаруашылығы парниктік газдардың ең ірі көзі болады. Шығарындылар шамамен 42 млн тоннаны құрайды. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту драйверлерінің бірі ретінде мал шаруашылығы секторын қолдауға байланысты. Екінші ірі эмитент өнеркәсіп (қара және түсті металлургия, цемент және басқа да минералды өнімдер өндірісі) болады. Шығарындылар 21 млн тоннадан асады деп күтілуде. Мұнай-газ секторы – 6 млн тонна. 

«Сондай-ақ, есептеулер көрсеткендей, ТКШ секторында тікелей шығарындылар энергия тиімділігі, электрлендіру, жылыту шаралары, сондай-ақ таратылған ЖЭК-ті кеңінен қолдану есебінен нөлге дейін төмендетілетін болады. Көлікте шығарындылар электрлендіру және сутегі отынын пайдалану есебінен 10 еседен астам төмендейді. Жайылымдар мен орман екпелерінің шығарындыларын сіңіру ұлғаяды. Жалпы, біздің есептеуімізше, жерді пайдалану және орман шаруашылығы 2060 жылға қарай 45 млн тоннаны сіңіруді қамтамасыз етеді. Қалған 31 млн тонна көлеміндегі шығарындылар көміртекті ұстау және сақтау технологияларымен өтеледі, бұл шығарындылар мен сіңірулердің нөлдік теңгеріміне әкеледі», — деді министр.  

Қазақстанға көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін төмен көміртекті технологияларға шамамен $650 млрд инвестициялау қажет. Бұл қаржы мөлшері 40 жылға есептелген. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, салымдардың ең көп үлесі электр және жылу энергиясын өндіруге - $305 млрд, көлікке – $167 млрд, тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне – $65 млрд, ТКШ – $57 млрд, ауыл шаруашылығына $49 млрд қажет.

Сонымен қатар, модель бағалауы бойынша көмір, мұнай және газ өндіру секторына инвестициялар ұзақ мерзімді перспективада осы ресурстарға сұраныстың төмендеуіне байланысты қысқаратын болады.  Мысалы, қазірдің өзінде Үкімет ЖЭК секторына инвестициялар тарту бойынша жұмыс жүргізуде. 

Соның бірі Қазақстанда СО2 шығарындыларын азайтуға бағытталған ЖЭК ірі жобаларын іске асыру жөніндегі БАӘ-мен инвестициялық ынтымақтастық болып табылады. Мәлімделген көрсеткіштер мен көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын қамтамасыз ету үшін бізге салалық саясатты реформалау қажет. Өнеркәсіп секторында Доктринада әзірленген индикаторларға қол жеткізу үшін энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу жөніндегі шараларды іске асыру қажеттілігі ескерілуі тиіс. Бастапқы ресурстарды екіншілік ресурстармен алмастыру саясатын күшейту қажет, бұл ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын едәуір төмендетуге алып келуі мүмкін. 

«Жасыл» көліктің тиісті инфрақұрылымын дамыту үшін қолдау шараларын әзірлеу керек. Терможаңғырту арқылы қолданыстағы тұрғын үй қорында жылу шығынын үштен бірге төмендету қажет, жаңа ғимараттар ЖЭК-ті міндетті түрде пайдалана отырып, энергия тиімділігінің жоғары сыныбына сәйкес келуі тиіс. 

«Органикалық өнімге әлемдік сұранысты ескере отырып, өсімдік шаруашылығы секторында егіншіліктің органикалық әдістеріне көшуді жеделдетіп, органикалық өнім экспорты саласында мемлекеттік қолдау көрсетуді бастау керек», — деді С. Брекешев.

Мал мен құс басын көбейту мал шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу үшін биогаз қондырғыларын кеңінен тарату жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді. 

Қазақстанның көміртекті бейтараптық жолында дамуы оңай болмайды, бірақ экономиканың тұрақты дамуына негіз болады және елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Экономиканы әлеуметтік тұрғыдан трансформациялау және жаңа жұмыс орындарын құру Доктринаның ажырамас бөлігі болып табылады. Модельдеу нәтижелері көрсеткендей, дұрыс көшуді қамтамасыз ету үшін түрлі әлеуметтік топтар арасында сын-қатерлер мен пайдаларды қолайлы түрде бөлуге және декарбонизациялау саясаты әсер еткен аймақтарда жаңа мүмкіндіктер жасауға жол ашатын қосымша саяси шаралар қажет.

«Барлық мемлекеттік органдар мен жеке сектордың үйлесімді жұмысы жағдайында біз климаттың өзгеруіне қарсы күреске елеулі үлес қосып, сын-қатерлерді мүмкіндіктерге айналдыра аламыз», — деп түйіндеді экология министрі.

«Сұрақ/жауап» сессиясында Орталық коммуникациялар қызметінің модераторы ЭГТРМ басшысына жүгінді. Оны айтылған мақсаттарға табысты қол жеткізу үшін біздің еліміз ағымдағы кезеңде қандай бірінші кезектегі міндеттер мен шараларды іске асыруы қажет екендігі қызықтырды.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу Доктринасы экономиканың түрлі секторларын, негізінен энергетиканы трансформациялауды көздейді. 2030 жылға қарай энергия теңгеріміндегі көмір генерациясының үлесін ағымдағы 69%-дан 40,1%-ға дейін біртіндеп төмендету, газ үлесін 25%-ға дейін, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 24%-ға дейін ұлғайту көзделген. 

Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап ЕО-ға енгізілген шекаралық көміртегі салығының әсер ету тәуекелдерін теңестіру міндеті тұр. 2023 жылдан бастап салық әлі де «нөлдік мөлшерлеме» бойынша болады, бұл әзірге тек әкімшілендіру (қажетті есептік ақпаратты жинау) ғана болады, бірақ 2026 жылдан бастап Еуропалық Одақ осы көміртегі салығын енгізуді жоспарлап отыр. Көміртегі салығы СО2 эквивалентінің 1 тоннасы үшін 100 евроға дейін болады деп болжануда. 

«Экспорттаушыларымыздың (қара және түсті металлургия, минералды және химиялық тыңайтқыштар, цемент, электр энергиясы) еуропалық нарықтардағы осалдығын төмендету мақсатында біз нарық ішінде көміртегі салығын енгізу және парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ақылылығы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыртқы фактор қазбалы отын, мұнай және табиғи газ экспортының төмендеуімен байланысты, бұл да бюджеттің кіріс бөлігінің өзгеруіне әкеледі. Үшінші фактор климаттың өзгеруіне байланысты ауыл шаруашылығының осалдығына байланысты. Атмосфералық жауын-шашын азаяды және су аздығы ұзаққа созылады деп күтілуде. Егер бүгінде ауыл шаруашылығы әдістерін өзгертпесек, шығын артады деп ойлаймыз. Бұл мәселені органикалық ауыл шаруашылығын дамыту мен су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы шешуге болады», — деді  ведомство басшысы.

Энергетика вице-министрі Мұрат Жүрабеков те өз ойымен бөлісті. Оның пікірінше, бұл планка үлкен өзгерісті қажет ететін белгілі бір сынаққа жауап береді.

«Көмір өндіру үлесін 2030 жылға қарай 70–тен 40%-ға дейін төмендету - үлкен сын-қатер. Ол үшін тұтынушылар мен өндірушілердің басым бөлігін - тау-кен металлургия кешенінің, ЖЭО компанияларын газға көшіру қажет. Бұл үшін мұнай және газ өндіру саласында жер қойнауын пайдалану бойынша жетілдірілген модельдік келісімшарт әзірленуде, онда мұнай-газ өндірісіне инвестицияларды ынталандыру үшін фискалдық және реттеуші преференциялардың үлкен пакеті болады. Екінші аспект - ЖЭК дамыту. Ол үшін инвестиция қажет. Бүгінгі күні еліміздегі ЖЭК үлесі 3% құрайды. Біз аукциондық тетікті сәтті өткізіп келеміз, араб инвесторлары кіретін стратегиялық серіктестермен жұмыс жүргізілуде, олардың Қазақстандағы ЖЭК үлесін дамытуға қосқан үлесі елеулі және қажет», — деп түсіндірді вице-министр.  

Сондай-ақ, журналистерді Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа көшу үшін қажетті қаражатты қайдан алатыны қызықтырды.

Бұған Серікқали Брекешев министрлік әзірлеген көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу доктринасына сәйкес, 2021 жылдан бастап 2060 жылға дейінгі кезеңде төмен көміртекті технологияларға $650 млрд қажет болады деп жауап берді. Осы кезеңде декарбонизация парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай төмендетеді.

«Мұнда барлық нұсқалар қарастырылады. Доктринада шартты және шартсыз мақсаттар бар. Сөзсіз мақсатқа келетін болсақ, индикаторлардың бірі ретінде бізде 2030 жыл тұр. Шығарындыларды 15%-ға төмендету бұл Париж келісімінің міндеттемелерінде көрініс тапқан сөзсіз мақсат. Шартты мақсат – халықаралық қаржы институттарының қолдауымен шығарындыларды 25% төмендету», —  деді министр.

Серікқали Брекешев жақында АҚШ президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керри американдық банктер декарбонизацияға байланысты жобаларды қаржыландыруға дайын екенін айтты.

«Ол $ 4-5 трлн соманы айтты. Менің ойымша, елдегі көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі іс-шараларды іске асыру қаржы институтының қолдауын ескере отырып мүмкін болады»,— деді экология министрлігінің басшысы.

Осы құжатта көрсетілген барлық жобалар енгізілген Экологиялық кодекс пен Париж келісімінің нормаларына сәйкес келеді. Келісімде ЖЭК үлесін 2025 жылға қарай ағымдағы 3%-дан 6%-ға дейін жеткізу көзделген. Оның айтуынша, бұл энергетикалық сектордың декарбонизация жолындағы мүмкіндіктерін арттыруға әкелетіні сөзсіз.

Қазақстан Республикасы жаһандық температураның 2 градустан астам өсуіне жол бермеу жөніндегі Париж келісімінің температуралық мақсатына қол жеткізу жолындағы күш-жігерді жандандыру және амбицияларды арттыру жөніндегі жаһандық күн тәртібін толық қолдайды. «Global Carbon Atlas» платформасының 2019 жылғы мәліметіне сәйкес, Қазақстан көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша 221 елдің ішінде 21-ші, жан басына шаққандағы шығарындылар бойынша 11-ші және ЖІӨ көміртек сыйымдылығы бойынша 5-ші орында. 2019 жылы ұлттық парниктік газдардың шығарындылары 364 млн тоннадан астам болды. 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, климаттың өзгеруі және парниктік газдардың шығарындыларын азайту қажеттілігі ірі секторларды көміртексіздендіру арқылы әлемдік экономиканы дамыту бағытына трансформациялауға әкеледі. Париж келісімінің мақсатына жету үшін көптеген елдер көміртегі бейтараптығы мақсаты жөнінде мәлімдеуде. Халықаралық қаржы институттары төмен көміртекті технологияларды дамытудың пайдасына көмірмен байланысты жобалардан толығымен бас тартты. Бұл көмір өнеркәсібі саласына қысым жасауға әкелуде. 

«CarbonTracker» талдау орталығының зерттеулеріне сәйкес, 2015 жылдан бері салынып жатқан көмір электр станцияларының саны дүние жүзінде 84% азайған. Еуропалық Одақ 2023 жылдан бастап көміртекті қажетсінетін өнімдер импортына салынатын шекаралық көміртек салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл халықаралық сауда ережелерін түбегейлі өзгертетін болады. Париж келісімі аясында Қазақстан өзіне 2030 жылға қарай шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 15%, ал халықаралық қолдау көрсетілетін жағдайда 25% қысқарту міндеттемесін алды. Алайда, бүгінгі таңда шығарындылар 1990 жылғы деңгейден әлдеқашан асып кетті»,  —  деді министр. 

Ведомство басшысы айтарлықтай шаралар қабылданбайтын болса, болжам бойынша жалпы шығарындылардың ұлғаюы жалғасып, 2060 жылы 473 млн тоннадан асатынын атап өтті. 

Қазақстан Республикасының Париж келісімінің температуралық мақсатына қол жеткізуге, сондай-ақ Мемлекет басшысының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы мәлімдемесін іске асыруға үлес қосуы үшін 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу доктринасының жобасы әзірледі. Доктринаны әзірлеу кезінде нақты экономиканы модельдеу үшін ең озық TIMES, CGE және System Dynamics үлгілері қолданылды. Бұл барынша аз инвестициялық шығындар жұмсау және барынша көп экономикалық пайда алу тұрғысынан алғанда Қазақстан экономикасын көмірсіздендірудің ең оңтайлы жолын анықтауға мүмкіндік берді.

Президент 2 млрд-тан астам көшет отырғызылатынын мәлімдеді. Осынша көп ақша жұмсаудың қажеті қанша, бәлкім, ағаштарды кесуді тоқтату керек шығар? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экология министріне осындай сұрақ қойылды. Серікқали Брекешев, керісінше, ормандарды заңсыз кесуге қарсы күрес жүріп жатқанын атап өтті.

«Бұл шынымен де үлкен мәселе. Бірақ санитарлық кесу (ауру және ескі ағаштарды) бар, өртенген ағаштарды кесу бар, олар мақсатты түрде заңсыз кесумен айналыспайды», — деп сендірді ведомство басшысы.

«Елімізде орман қоры 30 млн га алып жатыр, оның 13,3 млн га ғана орман. Көшеттер СО2 соншалықты сіңіре алмайды, белгілі бір кезең бар - шамамен жеті жыл, ағаш жетіліп, күшейгенше, содан кейін бұл ағаш парниктік газдарды сіңіреді. Көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, 1 га орман, қателеспесем, 3 тоннаға дейін СО2 тұтынады.  Математикалық жолмен есептеп көріңіз, бұл көп емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы осы міндетпен байланысты. Бізде нақты жоспар бар. Сонымен қатар, бұл тапсырма «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында бекітілді. Жыл соңына дейін 130 млн жуық ағаш отырғызылады, көктемде 80 млн-нан астам ағаш егіледі, күзде - шамамен қосымша 50 млн ағаш. Сондай-ақ, Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызылып жатыр», — деді министр.  

Арал түбінің 1,1 млн га сексеуіл отырғызу жоспарланған. Жыл сайын осы алаңнан 100 млн тоннаға дейін шаң мен тұз көтеріледі, олар мыңдаған шақырымға таралып, айтарлықтай экологиялық зиян келтіреді. Соңғы жылдардағы тәжірибе сексеуіл отырғызу тұздар мен шаңды тежеудің пәрменді тетігі болып табылатынын дәлелдеді.  Соңғы 10 жылда Аралды қалпына келтіруге халықаралық қорлардың көмегінсіз $85 млн астам сомаға жобалар іске асырылды, 340 мың га сексеуіл отырғызылды. 15 қарашада аэропосев басталады.

Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстандағы күн және жел электр энергетикасын дамыту перспективаларына қатысты журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша нақты ұзақ мерзімді мақсаттар бар екенін атап өтті.

Спикердің айтуынша, 2018 жылдан бастап Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға байланысты жобаларды іске асыру бойынша ашық электрондық аукциондар өтеді.  Олардың әсері жоғары.  

«Соңғы 3 жылда өткізілген аукциондар нәтижесінде күн тарифтері 64%-ға, ал жел мен су тарифтері 23%-ға төмендеді. Бұл жақсы көрсеткіш, бұл бәсекелестік ортаның дамуы бәсекелестіктің күшеюіне, тиісінше, тарифтердің төмендеуіне әкелетінін білдіреді. Сонымен қатар, біз БАӘ-дегі серіктестеріміз кіретін стратегиялық серіктестермен ынтымақтастық бойынша жұмыс жүргізудеміз. Бұл елдер жиынтығында бәсекелестік сауда-саттық және әріптестермен қандай да бір стратегиялық келісімдер жасасу сияқты тетіктерді пайдаланатын әлемдік практика. Бұл Өзбекстанда және бірқатар басқа елдерде жасалады. Осының барлығы бәсекелестікке, түпкі нәтижесінде біздің тұтынушылар үшін тарифтердің төмендеуіне алып келеді», —  деді М. Жүребеков.

Әріптесінің сөзіне қосылған ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жаңартылатын энергия көздері технологияларының өзі біршама арзандап бара жатқанын жеткізді. 

«Егер күн энергиясын алатын болсақ, он жыл ішінде оның құны 9 есе төмендеді. Сондықтан инвестициялардың негізгі ағыны 2040 жылдан кейін болады деп жоспарланып отыр, өйткені прогресс орнында тұрмайды, жаңа технологиялар дамуда. 2040 жылға қарай технологияның құны төмендейді деп ойлаймыз. Бүгінгі таңда көміртекті алу технологиялары әлі де қымбат деп айталық, осы кезеңге дейін 10, 15 немесе 20 жылдан кейін бұл технологиялар шынымен қолжетімді болады. Сондықтан 2060 жылға қарай шығарындылардың бір бөлігін ормандар, егістіктер ұстайды, жартысы жаңартылатын көздерге көшеді, ал тасталатын басқа заттарды көміртекті сақтау қондырғыларымен ұсталады деп үміттенеміз. Ол уақытқа дейін бұл технологиялар арзандап, қолжетімді болады деп есептейміз», — деді экология министрі.

Алматы қаласын газдандыруда қандай ілгерілеушілік бар екені туралы энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков айтып берді.

«Жалпы ел бойынша газдандыру деңгейі 54,3% құрайды. Алматы қаласы бойынша газдандыру деңгейі — 95%. Оның айтуынша, бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш, өйткені Алматы қаласы Қазақстанның 95%-дан астам газдандырылған ТОП-5 облыстары мен қалаларының қатарына кіреді», — деді ол. 

М. Жүребеков атап өткендей, жыл сайын өңірлерді газдандыру бағдарламасы бойынша белгілі бір бюджет қаражаты бөлінеді. Биыл 13 өңірді газдандыруға шамамен 51 млрд теңге қарастырылған. Яғни, шамамен 135 мың адам газға қол жеткізетін болады.   

«Бүгінде күн тәртібінде газдандырылмаған облыстарды – Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарын газдандыру мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі уақытта Газпром және Қазтрансгазбен бірлескен жұмыс тобы жұмыс істейді. Бүгінде есептеулермен айналысып жатырмыз. Жыл соңына дейін еліміз үшін барынша тиімді маршрутты анықтау және осы өңірлерді газдандыру міндеті алға қойылды. Ол белгілі болған соң қаржыландыру көздері бойынша қарайтын боламыз», – деді энергетика министрлігінің өкілі жоспарлармен бөлісе отырып.


 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу