Білім беру мен денсаулық сақтауды дамытудың бесжылдық жоспары, жаңа энергетика министрі: ҚР Министрлер кабинетінің отырысы қалай өтті

2019 жылғы 19 желтоқсан күні Үкімет үйінде жаңартылған құрамдағы кезекті Үкімет отырысы өтті. ҚР Премьер-Министрі А. Мамин жаңа энергетика министрін тағайындалуымен құттықтады, ол — Атырау облысының экс-әкімі Н. Ноғаев. Әдеттегідей, отырыста бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті. 

Бірінші мәселе 2016-2019 жылдарға арналған ҚР білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға және 2025 жылға дейінгі жобасына арналды. 

Өткен кезеңдегі қол жеткізілген нәтижелер мен жаңа мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары туралы білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов айтып берді. Педагогикалық қауым атынан Көкшетау қаласындағы ИТ-мектеп-лицейдің директоры А. Балташева шақырылды.  

 

Білімді дамытудың 3 жылдық мемлекеттік бағдарламасының нәтижелері

2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру қорытындысы бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 1728 бірлікке ұлғайтылды, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі оқытумен қамту 98%-ға дейін артты. 1-10 сынып оқушылары (95,4%) жаңартылған мазмұнға көшті. 273 мың мұғалім (94%) жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша оқытылып, 30% мөлшерінде үстемеақы алуда. Аттестациядан өткен 123 мыңнан астам мұғалім 30%-дан 50%-ға дейін үстеме ақы алады.

437 мемлекеттік және 80 жекеменшік мектеп жан басына қаржыландыруға көшті. 372 жаңа мектеп салынды. Тәжірибелік-конструкторлық жобалар бойынша шығындар 1,6%-ға, ғылыми зерттеу тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын бизнес шығындарының үлесі 6,6%-ға, коммерцияландырылған жобалардың үлесі 2,8%-ға өсті.

 

Алдағы 5 жылға жаңа мемлекеттік бағдарламада қандай міндеттер қойылған?

А. Маминге төрт жыл ішінде 500 мың педагогтің жалақысын  кезең-кезеңімен 2 есеге арттыру жоспарланғаны баяндалды. 

Сонымен қатар, педагогикалық білімді жетілдіру, болашақ мұғалімдердің педагогикалық тәжірибесін өзгерту, оқу бағдарламаларын 100% жаңарту қарастырылған. Барлық мектептер жаңа түрдегі пәндік кабинеттермен жарақталады. Педагог мәртебесін арттыруға зор көңіл бөлінеді. 

Бұл ретте, балалар балабақшалармен 100% қамтамасыз етіледі, үш ауысымда оқыту және апатты жағдайдағы мектептер толығымен жойылады. 2025 жылға дейін елімізде 800-ге жуық жаңа мектеп салынады. Тірек елді мекендерде 114 интернат салынады. 

Сонымен бірге, арнайы күзет, бейнебақылау, қауіпсіз тасымалдау енгізу, тамақтану нормалары мен мөлшерін қайта қарау, асханалардағы қолма-қол ақшасыз төлемдерге біртіндеп көшу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бойынша мемлекеттік тапсырыстарды жан басына қаржыландыру, кибер мәдениетті қалыптастыру мәселелерін 100% шешу жоспарланған. 

Үкімет басшысына сонымен қатар мектеп пен ата-ана қарым-қатынасының жаңа форматы, білім берудің барлық деңгейлерінде «Жас Қыран», «Жас Ұлан» қозғалысын одан әрі дамыту, театрға тарту, пікірсайыс қозғалысы, «құндылықтарға негізделген білімді» іске асыру жоспарланған. 

Сонымен қатар, ҰБТ тапсыру тәртібі электронды форматқа көшіріліп, бірнеше грант түрлері енгізіліп, жоғары білімнің қолжетімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етіледі. 2025 жылға дейін 90 мың орынға жатақханалар салынады.

Тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың студентті қамтиды. Ал қосарлы білім алумен қамтылған студенттердің саны 35%-ға жетеді. Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 75%-ға дейін артады.  

Бағдарламаны іске асыруға 11 трлн 578 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Сонымен қатар, жеке инвестициялардың үлесі артып, 1 трлн 284 млрд теңгені құрады.

Баяндамаларды тыңдаған соң, Премьер-Министр инвесторлар үшін білім беру саласының өсіп келе жатқан тартымдылығының маңыздылығын атап өтті. Алдағы 5 жылда салаға 11,5 трлн теңге бағытталады, оның ішінде 1,3 трлн жеке инвестициялар тартылады. Бұл жеке инвесторлар есебінен 150 мың орынға қосымша мектептер салуға мүмкіндік береді.

«Ел экономикасы үшін ғылымның нәтижелігін арттыру үшін ғылыми-зерттеу қызметі жетілдіріліп, ғылымға жұмсалатын шығындар көбейтіледі. Білім беруді қаржыландыру ЖІӨ-нің 7% деңгейін құрайды», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне жыл басынан бағдарламаның іске қосылуын және көздеген көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Биыл түрлі бағыттар бойынша медицина саласын жетілдіруге бағытталған, денсаулық сақтауды дамытудың үш жылдық мемлекеттік бағдарламасы да аяқталуда.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары және 2020-2025 жылдарға арналған жобасы мәселелерін қарау кезінде А. Маминге оны жүзеге асырған жылдары елімізде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарғаны баяндалды. Күтілетін орташа өмір сүру ұзақтығы 73,15 жасты құрады. Жалпы өлім-жітім 2%-ға, аналар өлімі 13%-ға, нәрестелер өлімі 4%-ға, туберкулезден өлім-жітім 41%-ға төмендеді.

Денсаулық сақтау саласында құрылымдық өзгерістер орын алды, атап айтқанда, қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылды, бірінші реттік медициналық-санитарлық және жедел көмек көрсету жетілдірілді, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету орталықтандырылды, медициналық білім беру жаңғыртылды, инфрақұрылым жақсартылып, денсаулық сақтау саласын цифрландыру енгізілді. 

Бұдан өзге, медициналық қызметкерлердің жалақысы 30%-ға өсті, медициналық қызметкерлер тапшылығы 2,7 есе азайды. Денсаулық сақтауға салынатын инвестициялар 2,4 есе өсіп, 147 млрд теңгеге жетті. 469 жаңа медициналық нысан іске қосылды. 

 

«Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы алдағы 5 жылға қандай міндеттер қойды?

Денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындар жылына 1 адамға 279 мың теңгені құрайды. Тамақ өнімдерінің сапасына, негізгі инфекциялық аурулармен күресуге және жарақаттану мен жазатайым оқиғалардан өлім-жітімді төмендетуге ерекше назар аударылады.  

Бағдарламада балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына басымдық берумен аурулардың алдын алуға жеке бағыт арналған. 15 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өзіне өзі қол жұмсаудан өлім-жітімді 4%-ға төмендету көзделген. 

2025 жылы экономикада дәрігердің орташа жалақысының орташаға ара қатынасы 2,5 еседен асады және 550 мың теңгені құрайды;  ауылдарды медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету 13%-ға өседі; клиникалық зерттеулер саны 2 есе артады.

Сонымен қатар, бағдарлама ақпараттық жүйелерді одан әрі дамытуды, бизнес интеллект құралдарын енгізуді, қашықтық медицинасын дамытуды, статистиканың жаңа тәсілдерін енгізуді көздейді. 

Осылайша, интеграцияланған платформасы бар медициналық ұйымдардың үлесі 90%-ға жетеді. Медициналық техникамен жабдықтау 100%-ға жетеді, медициналық ғимараттарының тозуы 38%-ға төмендейді; денсаулық сақтау саласына салынатын инвестициялар көлемі 2,8 трлн теңгеге жетеді, оның ішінде жеке инвестициялар үлесі 70%-ды құрайды.

ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов отырыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясына қатысып, жаңа мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысты қызықтырған сұрақтарға жауап берді. 

Республикалық телеарналардың бірінің тілшісінің жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында білім беру бағдарламаларын жаңарту туралы сұрағына А. Аймағамбетов жаңа білім беру бағдарламаларының кәсіптік стандарттар негізінде толық жаңартылатынын айтып жауап берді. 

«Бізге колледждер мен ЖОО-лардағы білім беру бағдарламаларын жаңарту қажет. Бұл өте маңызды. Білім сапасы дегеніміз – өнімнің қандай да бір стандартқа сай болуы. Бұл жағдайда білім беру бағдарламаларына жұмыс берушілер қалыптастыратын кәсіби стандарттар қажет», — деді ҚР білім және ғылым министрі.

Басқаша айтқанда, жұмыс берушілердің өздері жоғары оқу орындарының түлектерінен қандай да бір мамандық бойынша қажетті біліктіліктерді қалыптастырады.

Сонымен қатар, тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың студентті қамтиды. Ал қосарлы білім берумен қамтылған студенттердің саны 35%-ға жетеді. Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 63%-дан 75%-ға дейін артады.

А. Аймағамбетов сонымен қоса, мектептерде қосымша үйірмелерге мемлекеттік тапсырыс беру мүмкіндігі туралы түсіндіріп өтті. 

«Мемлекеттік бағдарламада біз қосымша білім берумен қамту үшін мемлекеттік тапсырыс бөле алатындай негіз қалап жатырмыз. Бұл не үшін керек? Біз мектепке дейінгі білім беру жүйесіне мемлекеттік тапсырыс механизмін енгізе бастаған кезде, бұл үш жылдың ішінде мектепке дейінгі білім беруді қамтуды тез арада арттыруға мүмкіндік берді. Сондықтан, бұл жағдайда біз қосымша білім беру және қосымша білім алуға жан басына шаққандағы тапсырыс қосымша біліммен балаларды тез қамтуға мүмкіндік береді деп санаймыз», — деп түсіндірді министр.

Республикалық телеарна тілшісі медициналық көрсеткіштері болмаса да, баланы үйде оқыту туралы сұрақ қойды. Заңнамалық деңгейде баланы бұлай оқыту мүмкін бе? 

А. Аймағамбетов министрліктің баланың мектепте оқытылуын қолдайтынын жеткізді, себебі мұның баланың дамуына тигізетін әсері мол. 

«Қолданыстағы заңнама аясында бізде денсаулығы туралы тиісті көрсеткіштері бар балаларға үйде білім беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін жағдайлар жасалады: мұғалім келеді, жеке бағдарлама жасалады. Жалпы, біз балалардың бейімделгенін, құрдастарымен бірге білім алып, қоғамдағы өмірлік маңызды дағдыларға ие болғанын қалаймыз, мектепте білім алу өте қажет және өмірлік маңызды деп санаймыз, сондықтан баланың мектепте бақытты болуына жағдай жасаймыз», — деді ведомство басшысы.

Ақпарат агенттіктерінің бірінің тілшісі министрден білім беру процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі туралы сұрады. 

А. Аймағамбетов бұл мәселенің ерекше бақылауда екенін айтты, ата-аналар мен мектептің жауапкершілігі артуда, балалар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. 

Сонымен, мектептерді 100% бейнебақылаумен қамту жоспарланған. Бұл ретте бейнебақылау жүйесін орнатуда кешенді тәсіл қолданылады. 

«Біріншіден, бейнебақылау шынында қажет болған жерлерде орнатылады. Екіншіден, жазба күндерінің санына қойылатын талаптар ескерілетін болады. Үшіншіден, бейнежазбаға рұқсат беру талаптары ескеріледі. Төртіншіден, бұл камералардың сигналы жедел әрекет ету орталығына түсуі қажет, онда мамандар не болып жатқанын бақылайды»,  — деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, мемлекет мектептерді күзетпен, оның ішінде балаларды қауіпсіз тасымалдау мәселесімен де толық қамтамасыз етуі керек. 

«Біз бейнекамералар бойынша алдымызға міндет қойдық – келесі жылдың соңына дейін барлық жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені шешуі керек: күзетті, бейнебақылауды және тасымалдауды қамтамасыз етуі қажет. Бұл соншалықты үлкен проблема емес. Ол үшін 2025 жылды күтудің қажеті жоқ. Мұны келесі жылы жасауға болады. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені алдағы уақытқа кешіктірмей шешуді талап етеді», — деді министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу