«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс». Б. Мусин ұлттық жобаның негізгі бағыттары туралы баяндады

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің брифингі өтті. Ведомство басшысы Бағдат Мусин «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының негізгі бағыттары туралы баяндады.

«Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – елімізді заманауи мемлекетке айналдыру. Цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқару, сенімді деректер негізінде шешімдер қабылдау, сондай-ақ цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру. Ұлттық жоба 10 бағыттан, 26 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады, оларды 2025 жылға дейін іске асыру көзделген», — деді Б. Мусин.

Цифрлық даму министрі атап өткендей, ұлттық жоба екі блокқа бөлінген:

  1. Цифрлық трансформация, ол:

– Қызметтерді 5 минут ішінде көрсету;

– АT саласын дамыту;

– Халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекетті құру;

– Қолайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолдану;

– Технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту;

– Сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарынан тұрады. 

2. Ғылым:

– Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту – ғалымның басты назарында;

– Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

–Елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру — ғылым-өндіріс-бизнес;

– Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру.

Министрдің айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру үшін 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген, оның ішінде 1,4 трлн теңге мемлекеттік бюджеттен, ал 800 млрд теңге — жеке инвестициялар.

«5 минут ішінде көрсетілетін қызметтер» бағытын іске асыру шеңберінде процестер мен функциялардың цифрлық реинжинирингі жүргізіліп, кейіннен оларды жүйелі түрде онлайн-форматта құру жүргізіледі. Бұл мемлекеттік қызметтерді көрсетудің проактивті форматына көшуге мүмкіндік береді. Жеке қатысуды талап етпейтін қызметтер (құқықтарды қайта табыстау, шарттардың кейбір түрлеріне қол қою) баламасыз түрде, яғни цифрлық форматта көрсетілетін болады», — деді ол. 

Өз кезегінде, негізгі көрсеткіш бұл автоматтандырылған қызметтердің саны емес, цифрландырылған және проактивті өмірлік жағдайлардың саны болып табылады. Архитектура мен үрдістер клиенттік тәжірибе негізінде, сондай-ақ, мемлекеттік органның ғана емес, өмірлік жағдай тұрғысынан құрылатын болады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді жылдам және сапалы алу мақсатында бейне-ХҚКО енгізуді және азаматтарға онлайн консультация беруді қоса алғанда, оны жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

АТ-индустрияны дамытудың үш элементі бар – адами капиталды дамыту, жобалардың акселерациясы мен қажетті қаражат. Адами капиталды дамыту бойынша жыл соңында заманға сай 5 АТ-мектеп ашылады.

20 мың ваучерді төрт жыл ішінде бөлу механизмі жасалды. Алғашқы 100 ваучер табысталды.Бұл іс-шаралар Мемлекет басшысының 100 мың АТ-маманын дайындау туралы тапсырмасын орындауға бағытталған. Бизнес-инкубациялау және акселерациялау тұрғысынан Astana Hub жұмысы жалғасын табады, тәжірибе өңірлерге таратылады.

Халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет тұжырымдамасы аясында мемлекеттік секторлардағы үдерістерді оңтайландыруға, мемлекеттік органдармен байланысу құралдарымен қамтамасыз етуге, құжат айналымын азайтуға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру жұмыстары одан әрі жалғасады. Бизнеспен ашық қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін «Бизнеске арналған үкімет» платформасы енгізіледі. Субсидиялар цифрлық форматқа көшірілді, салықтық және кедендік әкімшілендіру үдерісі автоматтандырылды. Оның үстіне бақылау-қадағалау функциялары IoT технологияларын енгізу арқылы автоматтандырылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жағдай жасалады.

Сондай-ақ Бағдат Мусиннің айтуынша, ұлттық жобаның маңызды сәттерінің бірі – халықтың жайлы өмір сүруі үшін цифрлық құралдармен қамтамасыз ету. Цифрлық құралдар ең алдымен сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Осылайша, қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтер денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруды қамтамасыз ете отырып, медициналық көмек көрсетудің дағдылы процестеріне интеграцияланатын болады. Әрбір азаматтың клиникалық деректері өзекті және қолжетімді болады. Мемлекеттік медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесін автоматтандыру есебінен осы процестің ашықтығы қамтамасыз етіледі.

«Оқытудың онлайн-форматына мәжбүрлі түрде көшу біздің инфрақұрылым мен цифрлық құралдарымыздың осындай форматқа қаншалықты дайын екенін көрсетті. Пандемия салдарынан туындаған жағдайды талдай отырып, көрсеткіш ретінде ұлттық жобаға мектептерді 100 Мбит/с төмен емес жылдамдықпен интернетпен қамтамасыз ету мәселесі енгізілді», — деп хабарлады ҚР ЦДИАӨМ басшысы. 

Оның айтуынша, сапалы мектеп білімі үшін сапалы контенттің болуы маңызды, осыған байланысты ұлттық жобаға оқушының цифрлық портфелі енгізілген. Халықтың қауіпсіздігі жедел басқару орталықтарына қосылған камералардың санын 150 мыңға дейін қоғамдық орындар мен пенитенциарлық мекемелерде ұлғайту есебінен қамтамасыз етіледі.

Технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту бағыты бойынша «әртараптандырылған және инновациялық экономиканы құру» жалпыұлттық басымдығын орындау үшін ұлттық жобада экономика салаларын инновациялық және технологиялық дамытуға бағытталған іс-шаралар көзделген. Бағдат Мусин энергетикалық кешен мысалында отандық АT-әзірлеушілердің әдіс-тәсілі туралы айтты.

«Цифрландыру бүкіл тізбекке әсер етті. Минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі құрылады, жер қойнауын бөлу аукцион бойынша жүргізіледі, мұнай айналымының 80%-ы бастапқы көздерден цифрлық түрде жиналады. Яғни, ақпарат жүйеге ақпаратты енгізетін операторлар арқылы емес, құбырларға орнатылған датчиктер арқылы келеді. Бұдан әрі ақпараттық базаларымен интеграцияны жүргізетін боламыз, бұл салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді, өйткені цифрлық деректерді жинау әкімшілендіруді жақсартады. Сондай-ақ Энергетика министрлігі Smart Grid тұжырымдамасымен жұмыс істеуде. Бұл электр энергиясын өндіруден бастап тұтынуға дейінгі бүкіл урдісті цифрландыруға мүмкіндік береді. Шығындарды азайту, жүктемені динамикалық басқаруға келгенде, мұның бәрі тұтынушыға әсер етеді», — деп түсіндірді ведомство басшысы.

Сондай-ақ республика қалаларында жылдамдығы 10 МБ/сек интернет желісі қамтамасыз етілетін болады. Бұл шара «Сапалы интернет және ақпараттық қауіпсіздік» бағытына сәйкес жүзеге асырылады. Ауылдық елді мекендерден интернет жылдамдығы 5 Мб/сек жетеді. Нұр-Сұлтанда және басқа да республикалық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ облыс орталықтарында 2025 жылға қарай 5G технологиясы енгізіледі. 617 халқы аз және қатынауы қиын ауылдар төмен орбиталық спутниктік жүйелер бойынша интернетпен қамтамасыз етілетін болады.

Азаматтардың дербес деректерін қорғау мақсатында Ұлттық жобада азаматтардың олардың дербес деректерін өңдеуге келісетіні туралы міндетті растауды қамтамасыз ететін келісімдердің деректер базасы сервисі қарастырылған.

Венчурлік қаржыландыруға тоқталып өтсек, бүгінгі таңда $100 млн астам сомаға венчурлік қорлар — TCO, QTV + Quest, Most және т.б. құрылды. Бұған дейін QazTechVentures сияқты мемлекеттің қатысуы бар қорлар басым болатын. 

«Біздің міндетіміз – халықаралық деңгейдегі қатысушыларды көбірек тарту. 2024 жылға дейін $200 млн астам жалпы активі бар қорлар құруды жоспарлап отырмыз – Xploration, Дүниежүзілік банкпен ортақ қор, FortRoss», — деді Бағдат Мусин.

Ол, сондай-ақ, егер үш маңызды мәселе – капитал, адами ресурс пен акселерациялық бағдарлама дұрыс жолға қойылса, Мемлекет басшысы жүктеген АТ-экспорт бойынша $500 млн туралы тапсырманы жүзеге асыруға болатынын атап өтті.

Сондай-ақ осы бағытты іске асыру шеңберінде қазақстандық екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимыл жасай отырып, АХҚО криптобиржасының жұмыс істеу тетігі бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр, оның нәтижесі криптоиндустрияның әлемдік айналымының 1%-ы болады.

Журналистің бірыңғай білім беру платформасын құру туралы сұрағына жауап бере отырып, Б. Мусин Қазақстанда қазірдің өзінде Bilimland, Daryn.online және т. б. сияқты білім беру платформалары бар екенін атап өтті, оларды белгілі бір деңгейге көтеру жоспарда бар. Ал «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының тармағына сәйкес, 2023 жылға қарай елімізде бірыңғай білім беру платформасын қалыптастыру жөніндегі жұмыс аяқталады.

Келесі сұрақ азаматтардың жеке цифрлық деректерінің қауіпсіздігіне қатысты болды.

«Мұндай жұмыс жүргізіліп жатыр. Бізде уәкілетті ұйым бар, онымен бірге біз қазақстандықтардың дербес деректерінің қауіпсіздігін және ақпараттық ресурстардың қорғалуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Ақпараттық жүйелерді қорғау үшін біздің ұлттық жобамызда бірнеше іс-шара қарастырылған. Бұл барлық мемлекеттік жүйелер мен дерекқорларды қорғауды да қамтиды. Бұл бағдарламалық қамтамасыз етудің тиісті деңгейін қамтамасыз ету», — деді Б. Мусин.

Ол соңғы 3 жылда киберқауіпсіздік индексі бойынша Қазақстан 80-ші орыннан 31-ші орынға дейін өскенін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу