Қостанай облысында экономикалық дамудың оң қарқыны байқалады  – А. Мұхамбетов

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен брифинг өтті. Өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қабылданып жатқан халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі шаралар және жалпы Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы айтып берді.

Әкімнің айтуынша, Қостанай облысында барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалады. Бес айдың қорытындысы бойынша мына салаларда өсімге қол жеткізілід:

  • өңдеу өнеркәсібінде – 13,8%
  • құрылыста – 12,9%
  • негізгі капиталға инвестицияларда – 2,7%
  • көтерме саудада – 8,6%
  • бөлшек саудада – 5,8%
  • тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша – 3,4% өсімге 

«Жыл басынан бері өнеркәсіптік кәсіпорындар 1 трлн теңгеге өнім өндірді, НКИ – 102,3%. Негізінен өсімді индустрияландыру жылдарында енгізілген жаңа кәсіпорындар мен өндірістер қамтамасыз етеді. Машина жасау өнімдері өндірісінің 23,6%-ға ұлғаюы есебінен өңдеу өнеркәсібі 13,8%-ға, металлургия – 5,5%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 14%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінің – 46,3%-ға және тамақ өнімдері өндірісінің – 14,9%-ға өскені байқалады», — деп атап өтті А.Мұхамбетов.

Оның айтуынша, өңірдің ерекшелігін ескере отырып, перспективада өсу резервтері ретінде 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын 1,8 трлн теңгеге 52 жобадан тұратын пул құрылды. Бұл да облыс экономикасын одан әрі индустрияландыруға ықпал ететін болады.

Өңірдің экономикалық өсу драйвері — машина жасау 

Қостанай өңірінде машина жасау саласы жақсы дамып жатқаны белгілі. 

«Автомобиль жасаудың арқасында өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеу секторының үлесі 55,6%-ға жетті. Есепті кезеңде 23,6% өсіммен 260,3 млрд теңгеге өнім өндірілді», — деді А.Мұхамбетов.

Оның айтуынша, аталған кезеңде конвейерден 24 408 көлік шығарылды, оның ішінде 1 мыңнан астамы (1 059) экспортқа жіберілген. Айта кетейік, елімізде өндірілген автокөліктің 60%–ы (60,4%) Қостанай облысы кәсіпорындарының конвейерлерінде (ҚР – 40 382 бірлік, Қостанай қ. - 24 408 бірлік) құрастырылған. 

Өңірге салынған инвестициялар 2,7%-ға өсті 

Негізгі капиталға салынған инвестицияларға келетін болсақ, есепті кезеңде облыс экономикасына 127,2 млрд теңге (2,7% өсіммен, 5 ай. 2021 ж. - 88,6 млрд теңге) тартылды. Жыл қорытындысы бойынша өңір осы қарқынды ұстап қана қоймай, ұлғайтуға да ниетті. 

Қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешен саласында сүт бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін инвестициялық жобаларды 2 бағыт бойынша жүзеге асыру («Олжа Агро» ЖШС) жоспарланып отыр. 

  • 8 сүт-тауар фермасын салу, оның 7-уі сыйымдылығы 1 200 бас ІҚМ, қуаттылығы жылына 15,2 мың тонна сүт (7,7 млрд теңгеден және әрқайсысында 70 жұмыс орны құрылады, «Олжа Агро» ЖШС) өндіру. Тағы бір ірі тауарлы-сүт фермасы сыйымдылығы 3 000 бас ІҚМ, қуаттылығы жылына 42,6 мың тонна сүт (15,6 млрд теңге, 87 жұмыс орны) өндіреді;
  • май экстракциялық зауытын (10 млрд теңге, қуаты жылына 200 мың тонна) және құрама жем зауытын (қуаты жылына 30,0 мың тонна) салу.

Қостанай облысы елімізде ұн өндіруден бірінші орында

Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударды.

Өңір басшысының айтуынша, азық-түліктің негізгі тобы бойынша халықтың қажеттілігі ұлттық нормаларға сәйкес өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіледі.

«Өздеріңіз білетіндей, Қостанай облысы ел бойынша ұн өндірісінің көшін бастап тұр. Осы салада 115 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 25%-ы», — деді А.Мұхамбетов.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті жанар-жағармаймен (71 мың тонна), тұқымдармен және тыңайтқыштармен уақытылы және толық көлемде қамтамасыз етілді.

Бүгінде Қостанай облысының аграрийлері егіс науқанын аяқтады. Жаздық егіс 4,8 млн га құрады, оның ішінде 3,9 млн га дәнді және дәнді-бұршақ, 3,5 млн га бидай егілді. Майлы дақылдар егісі 679,5 мың га құрады.

Облыс тұрғындарының әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жарма дақылдары, картоп және көкөніс алқаптары ұлғайтылды.

Дәнді дақылдар 20,6 мың га жерге, оның ішінде 13,9 мың га қарақұмық егілді. Сондай-ақ 10,2 мың га картоп, 3,3 мың га көкөніс отырғызылды.

Осы жылы 173,3 мың га егілген азықтық дақылдардан басқа, өткен жылдардың 364 мың га көпжылдық шөптері бар. Өткен жылдардың көпжылдық шөптерін есепке алғанда, барлығы 550 мың га жем-шөп алқабы бар.

Әкім атап өткендей, қазіргі уақытта буларды өңдеуге, егістіктерді химиялық өңдеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жақында шөп шабу басталды. 

Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 210 қайта өңдеу кәсіпорны (9 – сүт, 27 – ет, 8 – өсімдік майы, 2 – тері мен жүнді қайта өңдеу бойынша, 45 диірмен, 4 жарма өндіру бойынша цех, 4 макарон цехы, 111 нан пісіру бойынша) жұмыс істейді.

«Облыс елімізде ұн өндірісі бойынша бірінші орында, макарон өнімдері бойынша екінші, жарма өндірісі бойынша үшінші орында тұр. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдерінің экспорты бойынша облыс республика бойынша бірінші орында тұр», - деді А.Мұхамбетов.

Оның айтуынша, дағдарысқа қарсы шаралар аясында да нақты жұмыстар қолға алынды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру үшін өңірде 6,6 млрд теңге бөлінді (оның 2,8 млрд теңгесі тұрақтандыру қорының қызметіне және 3,8 млрд теңгесі кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беруге бағытталған). Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атауының ішінен тұрақтандыру қорына 15 тауар салынған. 13,1 мың тонна көлемінде азық-түлік тауарларының қоры бар.

13,1 мың тонна көлемінде азық-түлік тауарларының қоры бар.

Жыл басынан бері өнім берушілер мен бөлшек сауда желілері арасында жұмыртқа, күнбағыс майы, ұн, картоп, көкөніс пен нанға шекті сауда үстемесі туралы 1200 астам меморандум және шарт (824 меморандум және 392 шарт) жасалды.

Сауда базарларында делдалдарды айналып өтіп, өз өнімдерінің саудасын ұйымдастыру үшін жергілікті тауар өндірушілерге 208 сауда орны бөлінді. Қалалар мен аудандардың базарларында және шағын нарықтарында 108 сауда сөресі ұйымдастырылған.

Жыл басынан бері өңірде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 5,8%-ға артты

«Кәсіпкерлікті дамытуға да көп көңіл бөлінеді, мұны шағын және орта бизнес саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика дәлелдейді. Есепті кезеңде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 5,8%-ға, сондай-ақ өнім өндірісі ұлғайды, бұл ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесін 27,2%-ға жеткізуге мүмкіндік берді», — деді А.Мұхамбетов.

Оның айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында оны іске асыру басталғаннан бері 64,9 млрд теңгеге 317 жобаға қолдау көрсетілді. Олардың басым бөлігін АӨК өнімдерін қайта өңдеу және өндіру жобалары (94%) құрайды.

Көлік логистикасына келетін болсақ, осы жылы 500 км (520 км) астам автожол мен елді мекендерде 220 көшені жөндеу жоспарланған.

«Қазір жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 78%-ды құрап отыр, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша үлесті 85%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр», — деді А. Мұхамбетов.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 450,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. 

Әкімнің айтуынша, биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 450,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу, 4 мыңнан астам пәтер тапсыру жоспарланған.

«Жыл басынан бері 3,4% өсіммен 169,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйдітапсыруқарқыны бойынша облыс ҚР бойынша 8-ші орында. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 16,7%-ға өсті, жалпы көлемі – 23,8 млрд теңге», — деп хабарлады А. Мұхамбетов.

Сонымен қатар облыста халықты сапалы ауыз сумен қаммтамасыз  ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде. 

Әкімнің айтуынша, биыл «Нұрлы жер» және «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында сумен жабдықтау және су бұру бойынша 48 жобаны іске асыруға 20 млрд.теңге бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 33,3%-ға артық. 

Жыл соңына дейін алғаш рет орталық сумен жабдықтау жүйесіне 14 ауыл қосылады, 5 ауылдың сумен жабдықтау жүйесі қайта жаңғыртылады.

Бұл ретте ауыл халқының сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші 74,9%-дан 87,2%-ға дейін, ауылдар бойынша – 59%-дан 76%-ға дейін ұлғаяды. 

Перспективада сметалық құны 25 млрд теңгеден асатын 37 жоба әзірленуде.

Биыл өңірдің медицина саласын қаржыландыру 84,2 млрд теңгені құрады

Әлеуметтік сала мәселелеріне тоқтала келе, өңір басшысы бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесінің міндеттеріне тоқталды.

Оның айтуынша, осы жылы медицина саласын қаржыландыру 84,2 млрд теңгені құрады.

2022 жылы 11 денсаулық сақтау нысанын жөндеу жоспарланған.

Медициналық жабдықты сатып алуға 4,4 млрд теңге (оның ішінде реанимация, босандыру және балалар бөлімшелерін жарақтандыру үшін) бөлінді. Медициналық техникамен жабдықталу 86%-дан 90%-ға дейін артады.

«Медицина кадрларының тапшылығын төмендету мақсатында алдын ала шарттық қатынастарды орнату үшін медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен кездесулер өткізілді. Биыл дәрігерлер үшін облыстық бюджет есебінен сұраныс бар мамандықтар бойынша көтерме ақы төлеу (2,5 — тен 5 млн теңгеге дейін) ұлғайтылды», — деді А.Мұхамбетов. 

Білім беру саласына келетін болсақ, осы жылы оны қаржыландыру көлемі 149,1 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылдан 17,3%-ға артық. 

Облыс басшысының айтуынша, инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2 200 орындық 3 жаңа мектептің (жалпы құны 5,9 млрд теңге, Қостанай қ. Қарабалық ауданы, «Береке» және «Қонай» ш/а) құрылысы жүргізілуде. 

«Облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Сондай-ақ, 78 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде», — деді А. Мұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жалғасуда, осы мақсатқа 2,6 млрд теңге көзделіп отыр. Спорттық жабдықтармен жарақтандыру қамтамасыз етіледі, оқушы жиһазы жаңартылады, оқу кабинеттері, STEM зертханалар, БМҚ және қазандар, турникеттер мен бейнебақылау, оқу зертханалары және тағы басқалар сатып алынады.

Сонымен қатар әкім халықты жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталды. Халықты жұмыспен қамтудың маңызды факторы – жұмыс орындарын құру.

«Осы бағытта Ұлттық жобалар мен жеке бастамаларды іске асыру аясында 2022 жылы 27 мың адамды жұмыспен қамту шараларымен қамту, шамамен 18 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, оның ішінде 10 мыңы – тұрақты жұмыс орны», — деді А. Мұхамбетов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, 8,4 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде 4,9 мыңы – тұрақты жұмыс орындары.

Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шаралар қабылдау нәтижесінде облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8% деңгейінде сақталады деп күтіледі.

Биыл Қазақстан Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойын атап өтуде. Әкім мерейтойды тойлауға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру мәселелеріне қысқаша тоқталды.

Оның айтуынша, осы бағытта Жангелдин ауданы тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарту бойынша инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.

«Мысалы, жуырда ғана Ақкөл, А. Байтұрсынов ауылдары мобильдік интернет желісіне қосылды. Бұл мерейтойға дайындық барысында жергілікті халықтың негізгі өтініштерінің бірі болатын. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша А. Байтұрсынұлы ауылына апаратын жолдың және Торғай өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмыстары басталды», — деді А. Мұхамбетов. 

Оның айтуынша, А. Байтұрсынұлы ауылында жаңа медициналық пункт салынып, Ақкөлдегі ауылдық амбулатория жөндеуден өткізіледі.

Жоспар аясында Торғай ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейіне жөндеу және реэкспозициялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Сарытүбек қонысындағы Ахмет Байтұрсыновтың музей-үйін салу жұмыстары да қатаң бақылауға алынды. Қазіргі таңда жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өткізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына облыс бюджеті есебінен қосымша қаражат бөлінетін болады. Конкурстық рәсім нәтижесі бойынша жауапты мердігер табылса, үйің құрылысын қыркүйекке дейін аяқтауды көздеп отырмыз», — деді А. Мұхамбетов. 

Сондай-ақ, оның айтуынша, бүгінде жергілікті халықтың, кәсіпкерлердің демеушілігімен Байтұрсын әулеті қорымы жанынан кесене салынып, Торғай ауылында Ахмет пен Міржақып бабаларының құрметіне жаңа ескерткіш орнату мәселесі пысықталып жатыр.

Сонымен қатар мәдени, ғылыми, танымдық шаралар өткізіліп жатыр. Спектакльдер қойылып, ғылыми экспедиция өз жұмысын бастады. Негізгі мерейтойлық іс-шаралар биылғы 3-5 қыркүйек аралығына жоспарланған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу